Ғибратты әңгіме
Жанастан КУЧУКОВА,
журналист
«Күйдір – ау, күйдірді»
Әңгіме бағзы заманда туғанымен, балалар тәрбиесі үшін бүгінде маңызды.
Автор.
Дәулеті тасыған бай ертеде бүкіл бір ауылды асырап отырады. Ауыл адамдары малын бағады, егінін салады, бау – бақшасына қарайды, саудасын жүргізеді. Ауыл адамдарының балалары медреседе оқиды. Сабақта діни дәрістермен бірге оқушыларға кәдімгі пәндер оқытылады.
—Балалар ана тілінен басқа бірнеше тілді меңгерсе, болашақта мына ауылды үлкен шаһарға айналдырамын. Шетелден қонақтар шақырамыз. Біздің ауыл қай – қай ауылдан кем түспеуі керек, — деп бай байлам жасайды.
Өйткені, байдың өзінің көзі ашық, көкірегі ояу адам болатын. Қыздарын, туыстарының балаларын өзі жетектеп, шаһарға апарып оқытты. Тұрмысқа беріп, олардың алды жиен немерелерінің өзі ел басқаратын дәрежеге жетті. Жалғыз ұлын да оқытты. Хат таниды, төте жазудың қилы – қилысын оқиды. Бірақ, жұмысқа дегенде мойыны жар бермей, ата – анасын уайымға салғаны.
«Ауылды көркейтемін, жастарға жұмыс тауып беремін. Кірпіш құйып, ішіне от жағатын жаңа түрдегі үйлер саламын. Жол саламын. Керуеншілер ары – бері өткенде тоқтап, аяқ суытатын үйлер тұрғызамын. Түскен қаражатты ауылға жұмсаймын. Біздің ауылда кедей атымен болмауы керек. Медреседен білім алған жастар өсуі керек. Мал басын асылдандырамын, ұлттық салт – дәстүрді дамытамын, қариялар үшін бас қосатын ерекше үй дайындаймын», — деп жүргенде уақыттың қалай өткенін байқамай қалғанын шашына ақ түскенде білген. Ойға алған жоспарын іске асырып, халықтың алғысын, батасын алғанымен, ұлы бірнәрсе үйренер емес, ештеңеге қызықпайды. Алаңсыз.
«Жалғыз ұл, үйдің кенжесі» — деп тым еркелетіп жібергенін енді түсінгендей. Жасы болса келіп қалған. Мына байлықты, басқаруды мирас етіп қалдыратын бала селт етер емес. Әйеліне ренжіп:
—Осы сен, ой – бай, балаға тиіспе. Сенің жалғыз тұяғың! Мұрагерің дегенде, еңбек етуді, барды бағалауды үйретпегенсің, — десе, әйелі:
—Ер азамат сіз емессіз бе? Ұлға әкенің тәрбиесі қажет. Жұмыстан бір қолың тимеді, — өзіне дүрсе қояды.
—Сен емес пе, «отағасы, кенжеміз еркін өссін. Анау күйеу балаларыңды жұмса» — деп не ұйқыдан тұрғызбадың? Кір – қожалық балаларға жолама деп не балалармен ойнауға жібермедің, енді мынаған не айтасың?
Ұлына сөз түсіндіре алмай әлекке түсті.
—Мына бала аузын ашып жүргенде, ертең маған бір нәрсе болса, қолындағы байлықты қиналмай бере салайын, — деп тұр ғой. Менің мұрагерім екенін, мына ауыл түгел соның меншігіне өтетінін қалай түсіндірсем екен? Сонымен әйелімен ақылдасып, баласын жұмсап, еңбектің қадірін білдіргісі келді.
—Неден бастасақ, бұл балаға ата – анасының ойластырып, жұмсап отырғанын сездірмеу керек? Екеуі ертелі – кеш отырып, неше түрлі әдістерді келтіреді, бірақ біреуі де көңілдерінен шықпайды.
Сұраққа жауап таппай айлар өтіп кетті. Әкесінің іштей қиналып, ас батпай қалғанымен жұмысы жоқ бала ас ішіп, ұйқыны қандырып, одан қалса, жүйрік атына мініп, ауылды бір айналып келеді де, айқайлап жалшыға тізгінді ұстата салады. Ұлының бейқамдығы анасын да мазалай бастады.
Уақыт өткен сайын байдың басы ауырады, қан қысымы көтеріледі. Кейде орнынан тұра алмай қалатын күндері болады. Баласын ертіп, емшіге барып – келіп жүргенде:
—Әке, сырқаттан айыққанша, ісіңізді мен басқара тұрайын, — демейді.
—Сіз де қызық екенсіз, әке? Басыңыздан қан алдырғанда, құлан таза айығамын деп ойлайсыз ба? Емшілерге сенбеңіз. Жездеме адам жіберсеңізші, келіп, шаһарға апарып, мықты дәрігерлерге қаратсын. Емші деген әншейін, — деп ақыл айтады.
Ақылының жаны бар. Көрші ауылдағы ана сіңірі шыққан кедейдің баласы дәрігердің оқуын шетелден оқып келіпті. Шаһарда мықты маман деп естігені бар. Неге соған бармасқа? Әй, қой! Мен күншілік жерге кетсем, мал – мүлкім не болады? Ауыл адамдары мен науқас, енді бізді басқара алмайды деп өсек таратып жіберер деп, емшіден ем – дом алып үйіне келеді.
Өздері баласын иландыратын ешқандай айла таппады. Бұрыннан құлағына құйып жүрген ұсыныстарын қайталап айтып көрмек.
—Балам, қойшылар жайлауға көшеді. Отарларға барып, қойларды сана. Қойшы да пенде, қателесуі мүмкін. Аурушаң қойларды айдамасын, жол көтере алмайды. Оларды ауылда алып қаламыз, — деп көкке шыққалы отырған он шақты отбасына жібереді.
Қой санағы екі – үш күнге созылады. Баласы түс болмай, атын қазығына байлап жатқанын көрген бай таң қалмады.
—Тоба, тоба! Менің балам зымыраннан да жылдам болғаны ма? Санақты қалай тез бітіріп тастады, — деп баласының ісіне ішегі қатқанша күлді.
Әйелі: —Құдай – құдай! Мынаны жын қақты ,- деп отағасын аластамақ болып адыраспан іздеп бастады. Қасындағы күтушілеріне бұйрық беріп, тез от жақтырып, ысын әкелтірді.
—Балам, ерте келдің ғой, атыңа бірнәрсе болды ма? – дейді қасына барып.
—Болды. Болмаса, келем бе? Қойларың деген сөз ұқпайды екен. Енді санап бола берсем, басқалары келіп қосылып кетеді. Оларды айдай берсем, қойлар шошып жамырай жөнеледі. Атқа мініп отырып, санайын десем, мына жануар осқырынып, қойларды жағалай жүрген иттерден үркіп жақын бармай қойды. Шопандарға айттым, өздері санап есебін кешке алып келеді, — деп басын жастыққа қоя қорылдап кетті.
—?!
—Балам, ертең адамдардың жалақысын төлейміз. Мен айтып отырамын, сен ақшаны тарат. Алған адам міндетті түрде сияға бас бармағын салып, мына ақ кенепке қолын қойсын. Адамдардың есімін жазып алмасаң, ертең шатасып, есебің дұрыс шықпайды. Кем болуы да, артық шығуы да мүмкін. Есебіміз дұрыс болмаса, пайдамызды білмейміз.
—Әке, сізде, мына бақыр ақшаларды санап отырамын ба? Қолыңды қой, есімің кім деп отыру маған тән емес…
—Ауылда үлкен басқосу өткіземіз, бірге барамыз.
—Кеше ғана өткіздіңіз ғой.
—Балам, басқосу өткізбесек, ай сайын болмайды. Әр отбасының мәселесін тыңдап, соған орай көмек көрсетуіміз қажет. Ертең шаһарға барып, шағым айтса, күніміз қиындайды.
—Күнде неше адам келіп жатыр ғой. Ауыл адамдарын күтуден анам да шаршап кетті. Адам келсе, болды, анам оларды дастарханға шақырады. Тыңдап – тыңдап жібере салмайсыз ба?
—Балам, ертең қонақ күтеміз. Ұлы Жібек жолы бойымен келе жатқан қадірлі адамдар бар. Соларды қарсы алатындарды басқарып, өзің барып, сәлемдесіп, ақ боз үйге ертіп кел.
—Осы ауылда менен басқа қонақ күтетін адам жоқ па? Байдың баласы қонақ күтті деген не масқара? Мен төрде отыруым керек емес пе?
Ұлы Жібек жолының бойымен жылына екі рет керуен өтеді. Яғни, шығыс елінен шыққан керуен қазақтың жазира даласын кесіп өтіп, Парсы, Ираннан әрі Мекке – Мединеге барып, қажылық сапарын аяқтап кері қайтады. Халық тұтынатын дүниелерді алып, тоқтаған елді мекенге сатып, пұл етіп, кері қайтқанда жолай кездескен елді мекеннен көпшілік тұтынатын заттарды ала кетеді. Айырбас жасайды, ділдәге сатады. Керуен ішінде ғалымдар, саудагерлер, дін жолына түскен жандар, оқу іздеген жастар, құлшылыққа шын берілген адамдар бар. Олардың керуен құрып жүруі – жолда кездескен кедергілерді бірге еңсеруге, қарақшылардан қорғануға деген ниет.
«Тәрбиені жіберіп алыпсыңдар…»
Қонақтарды аман – есен шығарып салған соң, әйелін қазыға жүгінуге көндірді бай.
Келіп, базынасын айтқан байды асықпай, әбден тыңдаған қазы:
—Тәрбиені жіберіп алыпсыз. Қазаекем сол ұлға қатты мән береміз де, тіршілікке көп араластырмаймыз. Есейе келе үйренеді дейміз. Жасы бәлиғатқа жеткенде үйлендіреміз. Мұрагеріміз деп бар бар жиған – тергенімізді алдына салып береміз. Оны ұқсата алатындар бар, ұқсата алмай, бар мүлікті сақтай алмай, шашатындар бар. Жалғыз ұл әрі кенже болған соң қатты жақсы көргендіктеріңіз сонша, тіпті үй шаруасына жұмсамаған екенсіз.
—Қазыеке, бұл балаға қалай ес кіргіземіз?
—Балаңыздың есі де, ақылы да бар. Тек жалқаулық пен бейқамдық мойынын ешнәрсе бұрғызбайды. Себебі, бар мен дайынға үйренген. Оны үйреткен өзіңіз. Ұлыңызды былай сынап көріңіз. Әке қашанда балаға сыншы.
Қазының айтқанын орындамаққа көшкен бай кешкі аста:
—Балам, ертең ерте тұрып, есіктің алдын сыпырып жібер. Менің белім шойырылғалы сыпырғышты ұстай алмай қалдым, — дейді.
—Әке, сіз де жұмсайтын адамды таптыңыз. Жалшыға айтсаңызшы, ылғи мал өткен соң ертелі – кеш сыпырғыш қолыңыздан түспейді. Ұят емес пе? Достарым маған күледі ғой, байдың баласы жер сыпырып жүр деп, — деп дастархан жанына қисая кетеді.
Әкесі айтуға сөз таппай, аңтарылады да қалады. Анасы:
—Құлыным керісінше, адамдар әкеңе күледі. Дардай ұлы бар, алақандай есігінің алдын әкесі сыпырады. Жалшы жалдайды. Байлығы асып – тасып тұрған соң, қайтеді? — деп күлкі етеді. Әкеңнің белі жазылғанша таң қараңғысында мал кетеді. Сен сыпырып болғанша, ешкім көре қоймайды. Менің баламның ақылы да, қара күші де бар. Есіктің алдын сыпырмақ түгілі ертең күресте талайларды жығатынына сенемін, — деп астына көпшік қойып жібереді.
Малшы малды айдап кеткен соң, 1 ділдәні тастай салады да, бай тасалау жерге барып тұрады. Анасы баласын әзер оятады. Далаға шыққан ұлының көзі бірден ділдәні байқайды да, етігінің қоншына сала салып, сыпырғыны бір – екі арллы – берлі сілтейді де, орнына келіп жатып қалады.
Бай ұлы қашан ата – анасына:
—Таңертең ақша тауып алдым, дәл есіктің алдынан. Бұл не қылған ақша? Біреулер арандату үшін тастап кетпеді ме? — деген сауал болатын шығар деп күткен. Бір апта өтсе де баласы алтын ділдә туралы жақ ашпайды. Бай қазыға келіп, болған жайды баяндайды.
—Енді сіз есіктен сәл қашырақ 2 ділдә тастап көріңіз, — дейді.
Бай қазының айтқанын істейді. Бұл күні сыпырғышты алып, бір ізбен көшеге қарай сүйрей жөнеледі. Аяқ астында жатқан екі алтынды бірден көреді де, жалма – жан алып, шапанының қалтасына салады да, мал аяғынан түскен шөп – шаламды арықтың ішіне сыпырып, аяғымен басып – басып, үйге кіріп жайылған дастархан жанына гүрс етіп құлап, баяғы қанбайтын ұйқысына басады. Түскі асқа әрең тұрғызған баласына көз қиығымен қараған бай:
—Балам, саған үй шаруасына араласқан ұнайтын сияқты, — деп мақтай жөнелгені сол еді, «Ой – бай, су тасыды, су тасыды. Үйдегі заттарды шығар. Кім бар? Кім бар?» — деген дауыстар көбейіп кетті. Бай шапанын жамыла далаға жүгіріп шықты. Су өзінің үйіне лақылдап жақындап келеді. Қолына айыр, күрегін ала жүгірді. Судың жолы жабылып қалған соң, жан – жағына жайылып кеткен.
—Байеке, әкеліңіз, әкеліңіз күректі мен қоқысты аламын, — деп қасына келген адамдарға күле жауап берді. )) өзінің есігінің алдындағы шөпті өзі барып тазалады. Ер – азаматтар, балалар келіп, көмектесті. Байға өзгенің баласының жаны ашып, шапанын алып, қолына таза су әкеліп құйып, орамал ұсынып жатқанда, өз ұлы зым – зия, қасына да келмеді.
—Ей, бай! Сен әдейі суды байлап, кедей – кепшікті мазақ етейін дедің бе? – деген ананың дауысы жер жарып, өзіне қарай тап беріп келе жатыр. Қаперімде не дерін білмеген бай арықтарды тазалай жөнелді. Баяғы баланың әлегі. Есік алдынан жинаған шөп – шаламды арықтағы суға сыпырып жатқанын көрсе де, сумен ағып кететін шығар деп мән бермеген еді. Жылыстап ағып жатқан арықтың суы осынша әлек салады деп ойламапты. Қоқыс жиналып барғанда, топталып қалған. Суы ары қарай аға алмай, жайылып, киіз үйлердің іргесінен ішке кіріп, көрпе – жастық, азық – түлікті басып қалған.
—Мынау да бір ескеретін жайт болды, — іштей деді де, ешкімге жақ ашпай үйге беттеді.
Қазы айтқан соңғы сынақ. Үйтіп – бүйткенше күз де келіп түсті. Бай кешкі тамақ үстінде:
—Балам, құдықтан суды бос құмыраларға толтырып, әкеліп қой. Жаңбыр – шашын көп, жол лай болса, аттар жүре алмай қалады. Жүрсе де лайға аяқтары тайып, құмырадағы сулар төгіліп кетеді. Таңертең ерте бар, одан кейін екеуіміз ауыл адамдарының хал – жағдайын біліп, қайтамыз, — деп ескертті.
Таң қараңғысында бай құдыққа барып, су алатын шелектің ішіне 7 алтын ділдә салды да, құдықтың арғы іргесіне жасырынып, баласын күтті. Ойы тапқан, кездескен дүниелері туралы ата – анасына айта ма, ой бөлісе ме дегені.
Суға келген бала шелекті көтеріп құдыққа тастай бергені сол еді, теңгелер сылдыр ете қалды. Шелекті қайта көтеріп алды да:
—Мына керуендегі адамдар қызық ә, өздері! Садақаны суға тастайды, суға. Әй, мейлі. Ерініп, шелекке сала салған ғой, маған бұйырды. Ха –ха- ха! -деп ділдәлерді етігінің қонышына сала салды да, құмыраларды суға лық толтырып, өмірге риза болып үйге қайтты. Тіпті анасына тіс жармады, бірақ көңілді.
Бай ең болмаса, көп алтын ділдәні құдық басындағы шелектен алғанын айта ма дегені бекер болды. Енді соңғы сынағы қалды, ең болмаса содан дұрыс қорытынды шығар деген үміт.
—Балам, кейінгі кезде тым көңілді жүрсің, ат басындай алтын тапқан адамдай, — деп бір қалжыңдап қойды.
—Әке, дәл айтасыз. Ат басындай алтын болады, — деді екі езуі екі құлағына жетіп.
Бай не дерін білмей, тұрды да қалды.
—Балам, ертең егін орағы басталады. Көппен бірге шығайық. Әйтпегенде, көпшіліктің сөзіне қаламыз. Ертең менің орнымды басасың, саған да мәртебе. Атыңды шығаратын да, өшіретін де – халық. Сол себепті, елмен бірге жүрейік. Уақыт жылжыған сайын бір өзгеріс болып жатыр. Мен сені орныма қалдырамын дегеніммен «Елу жылда ел жаңа» деген…, — деп әрі қарай сөзін жалғамады. Өйткені, ұлы сөзін жақтырмады.
—Әке, Алладан ғұмыр тілеңіз, сізге өлуге әлі ерте, — деп сөзін бөліп жіберді.
Ертеңіне бай жоғарыдан шаһарға шақыртылғанын айтып, бүгін егін орағына ұлын бара тұр деп ескертіп, атқа мініп жолаушы жүріп кетті. Әкесі қасында болмаса, ұлы көптің арасына сіңіп кетер дегені. Шаруаларын бітіріп, түс ауа үйге келсе, ұлы өзінен бұрын келсе керек, қорылға басып жатыр. Әйеліне меңзеді. Ұлға не болды дегені. Отағасының артынан әйелі сыртқа шығып:
—Ұлың дауылды, қырық мың қол жауды қырып жібергендей болып келді, — деді мейірлене күліп, ұлының бала қылықтарына сүйсінді. — Себебін мен сұрамадым. Даланың жұмысы көңілінен шықпағаны ғой.
—Дұр – ыс, дұр – ыс! Егін басында ділдәлер жоқ қой, анасы.
—Жаратқан Ием! Бұл баланың не ойлағаны бар? Менің қасықтап жиған – тергенім бір сәтке желге ұшып кететінін қалай ойламайды? Мына баланы танымаймыз деп ел шуласа, болды, мал – мүлкім тәркіленіп, қырық жыл бір ауылға ие болғаным ізім – ғайып жоғалғалы тұр – ау!
«Өзін таппай жүр»
Байдың қатты күйзеліп кеткенін көрген әйелі:
—Байеке, жүріңіз, қазыға тағы барып, болған жайды айтайық. Бұл баланың не ойлағаны бар екен? Жиырма жасқа келгенше, барға масаттанып, жан -жағына қарамайды. Еңбек еткен, көпшілікпен араласқан ұнамаса, өзінің қалаған ісімен айналыссын.
Әйелінің мына сөзін естіген бай басындағы бөркін жерге алып ұрды.
—Осыда қазыға емес, көріпкелге барайық. Шаһарда керемет көріпкел бар дейді, сол кісіні іздеп тауып, жағдайымызды айтайық, — деп баласы мен үйін жалшыға тапсырып, көрші ауылға баратынын, түс ауа келетінін айтып жолға шықты.
Шындығын айтпағаны, өзінің ауылда жоқ екенін білген ұлы да, көмекшілері де босаңсып кетпесін дегені.
Күн жүріп, шаһардағы таныстарына барып, олардың көмегімен көріпкел әжейге келді. Байды әбден тыңдаған кейуана:
—Бұл бала өзін таппай жүр. Сондықтан, оны сенің орныңда қалу, ауылға ие болу деп мақсат жоқ балада. Жасы қырықтан өткенде ауылнай болуы мүмкін. Қазір күштеп, басқарушылық іске араластырма. Онсыз да сенің мұрагерің. Иеліктегі бүкіл мал – мүлкің ұлыңа тиесілі. Қыздарға еншісін беріп, құтты орнына қондырыпсың, — деп қайтарады.
Еңсесі түскен бай, баласының неге қызығатынын қалай білсем екен деп танысың үйіне келе, көріпкелдің айтқанын айтып береді.
Танысы:
—Байеке, ұлыңды жетесіз деп айтпаймын. Тәрбиесі бар, ойлау қабілеті де жеткілікті. Уақыты келгенде орныңды өзіңнің ең сенімді адамыңа табыстарсың, ал балаңның қалаған дүниесімен айналысуына жол аш. Міне, мұнда біз бармыз. Осында бірнеше күнге жібер. Өзі сияқты балалармен шаһарды араласын, әңгімелессін, — деп жанашырлық танытады.
Бір апта өткен соң, шаһардағы танысының үйіне жеткізіп салды. Алысқа шықпаған бала болған соң, ата – анасы әбден уайымдап, шаһарға күн құрғатпай баратын саудагерлерден ұлының жағдайын біліп тұрды. Он күн өткен соң, баласын алып кетуге барған байдың жүрегі тоқтап қала жаздады.
—Сіздің ұлыңыздың тұла бойы тұнған өнер екен. Балалармен саябақтарға барып, қыдырды. Дүкен аралады. Ұлыңыз сіз берген алтын ділдәлерге аспаптар сатып алыпты. Кеше жастар арасында өткен бір бәйгеге қатысты. Балаларымыз осындай бәйгелерге жиі қатысады.
Ауыл басқарады деген ұлының аспаптар сатып алғанын естігенде, қаны басына шапты. Танысына ашуға булыққанын сездіргісі келмей, тыңдап отырғанымен, шапанының ұзын жеңі ішіндегі жұдырығын қатты түйгені сытыр – сытыр етіп естіліп жатты.
—Апырым – ай – а! Қандай бәйге? Аты озып па? – деп сұрай бастады.
—Байеке, ат бәйгесі емес, өлең айту бәйгесі. Ұлыңыздың дауысын ұнатқан шаһарлықтар ду шапалақ ұрып, кеңсе адамдары қолқа салып жатыр дейді, — деп танысының әйелі пысықтай түсті. Таң ата шығып кеткен, келіп қалар, сіз жайғаса беріңіз, — деп дастархан қамына кірісті. Танысы шаһардың дәмін алып келіп, ұсынды.
Қас қарая ұлы келді. Әкесін құшақтап сәлемдесті.
—Балам, анаң сағынып күтіп отыр, үйге қайттық, -деді өктем үнмен.
—Әке, кешіріңіз! Мен ауылға бармаймын, осы шаһарда қалып ән саламын, -деп ауылға кете алмайтынын айтып, алған аспаптарын көрсетті.
—Әй, мына домбыра киіз үйдің қабырғасында ілулі тұр ғой. Қолыңа алғаныңды көрмедім, енді мынау не?
Аспаптардың атауын ұлы сүйсіне айтқанымен, оның сөзін естімеді. Ішінен:
—Ауыл адамдары ұлым туралы сұраса, шаһарға барып әнші болып кетті деймін бе? Жалғыз ұлы ісін жалғастыра алмады деп күлетін болды – ау, — деп өз ойымен әлекке түсті.
Танысы байдың ұлына ишара білдіріп, ән сал деді. Ұлы шырқай бастағанда, бүкіл әлем құлаққа ұрған танадай тыныш бола қалғандай күй кешкен бай әдемі әуенге селт етіп, жан – жағына қарады. Өз көзіне өзі сенбеді. Ес білгелі бұл бармаған той қалмаған шығар. Бала кезден құрметті қонақтар қатарында той – тоймалақтан қадірлі қонағы болып, төрде отырды. Әрине, ата – анасының арқасында. Байлық жеті атадан келе жатқан мирас. Сонда талай әнді тыңдап, әншімен танысқан. Қыздарын ұзатқанда шекарадан асып, әншілерді алдыртқан. Алайда, мына ұлының дауысындай дауыс естімепті.
—Ұлыңыз бүкіл шаһарлықтарды дауысымен таңқалдырды. Бізде әлі дәл осылай шырқайтын әнші болмаған. Дауысы керемет болғанымен, оны кәсіби жағынан шыңдау керек. Аспаптарда ойнап үйренуі керек. Ол үшін білім алуы керек, — деп бір әйел жалмаңдап байға әңгіме айта бастап еді, бай қолын көтерді. Жетер! дегені.
—Көріпкелдің айтқаны осы шығар, қалаған ісі. Мен ел басқару ісіне ұлымды мәжбүрлегеніммен, оның жандүниесі басқа әлемді қалап тұрса амал нешік?
Атағы жер жарған Әбу Насыр әл – Фараби бабамыз да әкесі сияқты мықты әскери қолбасшы емес, ғылымды таңдады, оның өнерге ықыласы ауған. Қыпшағын жанына байлап жүріп, ән салған. Аспаптың күйін келтіріп, күй тартқан. Ғалым болды. Шығыстың ғұламасына айналды. Зерттемеген саласы қалмаған, соның жазғандарынан емші де, көріпкел де, қазы мен бақсы да тәлім алып отыр. Біздің ұлымыз да Құдай бұйыртса, уақыты келгенде, басқару тізгінін қолына алады. Жас қой, жастық шақта арманы орындалсын! – деді ауылына келген соң, жиын өткізген бай көпшілікке ұлы жайлы шешімін кесіп айтты.
Ойы:
—Бай жалғыз ұлын ізбасар ете алмады. Ауылдан алыстатты. Ой, оның ұлы онсыз да көпшіл емес – тін. Өзі бір түрлі, кісікиік деген жағымсыз пікірлер айтпасын, — дегені…
*сурет «yandex.kz» ашық дереккөзінен алынды.