ІЛИЯС ЖАЗҒАН «ЖҰМБАҚТАР»

Ақын Ілияс Жансүгірұлының «Жұмбақ» кітабы хақында

Қазақтың дүлдүл ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгірұлының 125 жылдық мерейтойы аясында Алматы облысы әкімі А. Баталовтың қолдауымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алматы облыстық өкілдігі халықаралық «Ілияс ізімен…» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырды. Ақын мұрасын іздеу, жинастыру барысымен Мәскеу, Петербор қалаларына бардық. 11 – 12 қыркүйек күндері Санкт-Петербор қаласындағы Ресей Ұлттық кітапханасының Халықтар әдебиеті бөлімінің сирек кітаптар қорымен жұмыс істеп, сөз зергерінің «Жұмбақ» деген кітабын таптық. Құлагер ақын 44 жылдық қысқа ғұмырында қырық кітап шығарып кеткенді. Сол қырық кітаптың оннан астамы елде жоқ, табылмаған кітаптар болатын. Міне, сондай көп күттірген, жоғалған қазына саналатын сағынтқан кітаптың бірін тауып, мәресәре болып отырмыз. Ендігі сөз – осы кітап турасында.

1930 жылы «Қазақстан» баспасынан ақын Ілияс Жансүгірұлының «Жұмбақ» деп аталатын балаларға арналған кітабы жарық көрген. Суретті шешуімен түрлі-түсті басылып шыққан бұл балалар кітабы «Казиздат» басқармасының арнайы тапсырысымен жазылғанын білетінбіз. Бірақ, кітаптың өзі қолымызға түспеген еді. 2018 жылдың сәуір-мамыр айында Алматыдағы ҚР Орталық Мемлекеттік архиві қорындағы Ілияс атамыздың жеке құжаттарымен танысқанымызда, Казиздаттың» хатын көргенбіз. 1928 жылы «Казиздаттың» меңгерушісі Ф. Оликов Ілиясқа хат жазған. Хатта: «Казиздат обращается к Вам с просьбой, не можете ли Вы написать детские книги – пьесы для детей младшего, среднего возраста и юношества из казахской жизни, особенно из эпизодов пастушеской жизни (эксплуатация байством детского труда), школьной жизни, из эпизодов гражданской войны и т.д. Если Вы изъявите свое согласие, не откажитесь ответить, чтобы мы могли заключить с Вами договор» деп ақынға ұсыныс білдіріпті (ҚР ОМА, қор – 1368, тізім – 3, іс – 66). Бұған дейін де балалар әдебиетінің қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосып, «Сыйлық» (1928), «Балаларға тарту» (1928) кітаптарын шығарған, кенже қалған саланың болашағына алаңдап мәселе көтерген ақын бұл ұсынысты бірден қабылдап, «Жұмбақ» деген кітабын жазыпты. «Жұмбақтан» соң ақынның «Одақ», «Шәркей», «Малта», «Мектеп», «Маяк» сияқты балаларға арналған кітаптары бірінен соң бірі басылып, оқушы қолына жеткен.
Қолымызға түскен «Жұмбақ» кітабы үш бөлімнен бас құраған екен. «Үй сайманы» деп аталған бірінші бөлімде бесік, жастық, киіз үй, киіз үй жабдықтары, ине, жіп пен оймақ, қазан т.с.с. туралы жұмбақтар бар. Мәселен, «Бесік» туралы жұмбақ:

Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты,
Дөңгелек екі басы ай сияқты.
Төрт есік, мәткесі бар, уығы жоқ,
Үзік жоқ, туырлық жоқ, түндігі жоқ,
Құс төсек, мамық жастық біреу жатыр
Көңілі уайымсыз жай сияқты.
Ал «Жастық» деген жұмбақтың мазмұны төмендегідей:
Аяғы жоқ,
Қолы жоқ,
Көйлегі көк,
Қарны тоқ.

Әр жұмбақтың мәтіні берілген тұста жауабы суретпен бейнеленген. Ақын жұмбақты жасыру үшін балаға ұлттық таным тұрғысынан жол көрсетеді. Бұл жұмбақтар 5 – 7 жастағы балалар үшін арнайы жазылған. Ең алдымен балаға өзінің күнделікті көрген, білген, ұстаған нәрселері туралы жазып, оның санасына ұлт, ұлттық құндылық туралы ұғымдарды сіңірген. Бір қызығы – Ілияс жазған жұмбақтардың бәрі поэтикалық көркемдеу, суретті бейнелеу арқылы шебер жасалған. Мысалы, жауабы «Киіз үй» болатын суретті жұмбақта ақын:

Алыста бір қара тұр көресің бе?
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Сүйегі ішіндегі бақша-бақша,
Бар екен жалғыз көзі денесінде.

Елдос Тоқтарбай, жас ғалым, Мұратбек Иманғазинов, филология ғылымдарының докторы, профессор. І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттің Университеті. Гүлжан Тұрсынқызы, жазушы. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі. Салтанат Төлеуова, Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров музейінің аға ғылыми қызметкері

Қараңызшы, қандай әсерлі, тосын әрі қызық ой. Ал, «Керегі» туралы былай деген: «Жетпіс кемпір жер тістеп тұр». Қарап тұрсаңыз, әрбір жұмбақ ұлттық таным тұрғысынан алыстамаған. «Кемпір», «жер», «көз» дегендей сөздердің бәрі әр қазақ баласына таныс ұғымдар. «Ине», «Оймақ» туралы жұмбақтардағы ой былай өрбіген:

Бір шұқырда
Мың шұқыр.
немесе:
Дүниеде бір шебер құрт,
Сүйреткені жіп.

Осы күндері біз қолданып жүрген «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр», «Тептім терекке, шықтым биікке», «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау», “Көруге көркем,ұстауға қорқам. Жалт-жұлт етеді, жалмап кетеді», «Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта, сөйлейді шежіредей адам соқса»” деген сықылды тағы басқа жұмбақтардың авторы осы – Ілияс екен.
«Жаратылыс құбылысы» деп аталатын екінші бөлімде су, сиыр, қой, ешкі, бұзау, лақ, түйе, өрмекші, құмырсқа, тышқан, жылан т.с.с. жәндіктер мен жануарлар туралы жұмбақтар берілген. ХХ ғасырдың басындағы балалар алты жасында мектепке барып, бірден әріп танып кетпегені белгілі. Оқу-білімнің ауылы алыста болған соң, сол заманның ұрпақтары тек мұсылманша
сауат танып, иман, дін қағидаларын меңгерген. Бастапқыда Ілиястың өзі де солай білім алды. Тек 1910 – 1911 жылдары Қарағаш қаласындағы Маман, Тұрысбек балалары ашқан «Мамания» мектебінде оқып, Орынбор, Қазан, Уфа, Ыстамбұл, Каир оқу орындарын тәмамдап келген ағартушылардың тәлімін көріп, өркениетті елдердің классикалық білім беру бағдарламасы бойынша дүние ілімін игерген. Ұлттық уызды баланың бойына сіңіру үшін ақын шығармашылығын халық қазынасы – фольклор, қазақтың бай ауыз әдебиетінің үлгілерімен жанастырып, ұштастырған. Оның әрбір жұмбағынан халық дәстүрі мен тіршілігінің
көрінісін көруге болады. Мысалы, «Құмырсқа» туралы жұмбағында:

Белең-белең-белең ат,
Белі қайқы күрең ат.
Таудан тастан таймаған,
Талай тисе өлмес ат,

– деп жазады. Құмырсқаның күштілігі мен мықтылығын атқа балап тұр. Ілияс жазған өлеңді жұмбақтар көлемі жағынан шағын әрі жинақы, ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан алуан. Жұп-жұмыр, шымыр әрі аз сөзбен көп нәрсені білдіруге бейім. Образбен өрілген, метафоралық тәсілмен бейнеленген. Ақын шығарған жұмбақтардың мәні сол – халықтың тұрмысы мен салты, табиғат құбылыстары мен шаруашылыққа қатысты заттар арқылы қоғамдық лексиканы байытқаны. Ақынның жұмбақтары оқушысының тұспалдап айтылған сипаттаманы ойша елестетуге, кескіндеуге және сыңар бейнені зерделеуге көп мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, баланың логикалық ойлау қабілетін арттырады. Мәселен, «Ешкі» туралы жұмбақта:

Сақалы бар,
Ақылы жоқ,

– деп ой жасырады. Осы жұмбақтың композициялық құрылымы да қызық. Сол замандағы балалар жан-жануар мен табиғат әлемінен басқа не көрді? Не ғылым, не техника, не
прогресс дамыған, қараңғылық бұлты торлаған сауатсыздық жай-лаған заман болатын. Табиғатты, қоршаған ортаны көріп өскен баланың мына жұмбақты бірден табатыны сол. Айтылған әрбір ойда нәрсенің түр-түсі, қимылы, көлемі сияқты сипаттамалары бар. Осы бөлімдегі «Аласа ғана бойы бар, айналдыра киген тоны бар», «Төсек астында төрт бауырсақ», «Жол үстінде үйлі қайыс» немесе «Ши түбінде майлы қайыс» деген сияқты т.с.с. жұмбақтар бізге бала күннен таныс, әбден жұрт санасына орныққан жасырын сөздер еді ғой. Демек, Ілиястың өзі өлсе де, сөзі өлмеді деген осы. Ілияс Жансүгірұлы 1937 жылдың қанды қырғынына іліккенде, Қазақстанда оның барлық әдеби-ғылыми мұрасы түгелімен өртеліп, газет-журналға шыққандары қиылып кеткен. Репрессиядан жеті жыл бұрын ерте шыққан және бес мың дана таралыммен тараған бұл кітап қолдан-қолға өткен, жұрт ынтығып оқыған. Сол құмарлана, қызыға оқыған аталарымыздың айтқан әңгімелері арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ауыздан-ауызға тарап, халықтың мұрасына
айналып кеткен. «Халық жауы» атанып, аталып кеткен ақынның бүкіл сөз мәйегі, ой жаңалығы авторлығынан айырылып, фольклорлық сипат алып, әлеумет қолданысына енген.

Үшінші бөлім “Құрал-сайман” деп аталыпты. Бұл бөлімге арба, таразы, сағат, есепшот, электр жарығы, өңгелек, балта, балға деген сияқты тұрмыс-тіршілікке қатысты заттар туралы жұмбақтар кірген. «Таразы» туралы жұмбақты өрнекке алайық:

Бар екен бір патша қалмақ бетті,
Көріпті қатын алмай қырық перзентті.
Бар екен немересі тоқсан алты,
Қақ жарған қара қылды әділетті.

я болмаса «Арба» туралы жұмбақты көрейік:
Ізі бар адымы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының.
Хайуанға екі аяғын арта салып,
Салады әуезіне баяғының.

Табиғатында Ілекең жан-жақты талант, әмбебап дарын. Оның балаларға арнап шығарған кітаптарының қай-қайсысы болмасын тілі жатық, жеңіл һәм мазмұнды жазылған ұлттық болмысы басым құнарлы туындылар. Ақын балалардың жан дүниесін, болмысын, мінезін, психологиясын терең зерттегені анық байқалады. Педагог, ағартушы өзінің балалар әдебиетіне қатысты түйткілді мақалаларында бүлдіршіндердің азамат болып өсуі үшін оның бойына отбасында да, мектепте де ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру керектігін жазып кеткен. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де Ілияс көтерген мәселе әлі маңызды, өзекті болып отыр.

Экспедиция барысында Ресейдің кітапханалары мен архивтерінен табылған кітаптар, құжаттар бүгінгі әліпбиімізге аударылып, алдағы уақытта жеке кітап ретінде басылып, оқырманға жол тартатын болады. Ал, түпнұсқаларының электронды нұсқаларын Қазақ Ұлттық электронды кітапханасының қорына орналастыратын боламыз. Кез келген оқырманның емін-еркін оқуына ыңғайлы, қолжетімді болсын әрі төл тарихымыздың қайнар бұлақтарымен таныса жүрсін деген ниет.

Асылында, Ілияс Жансүгірұлы қазақтың бүкіл тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын жан-жақты жырлап өткен ақын, жазушы, журналист, сатирик, әдебиетші, халық мұрасын
зерттеуші-фольклорист, этнограф, драматург, сыншы, аудармашы, сан қырлы санаткер. Біртуар дегдардың мұрасын толық тануға, зерттеуге мүмкіндік берген осындай ғылыми экспедициялар жиі-жиі ұйымдастырылса, алыс-жақын шетелде қалған төл тарихымызға тиесілі құжаттар мен кітаптар, жазбалар табылып, рухани әлеміміз дами түсер еді, толыға түсер еді. Әрине, тек Ілияс емес, сол сталиндік қуғын-сүргіннің тақсіретін тартқан, советтік идеологияның кесірін көрген барлық қазақ азаматтарын ақтауға, насихаттауға міндеттіміз.

Сөз жоқ, бұл жұмбақтардың бәрі – балалардың тіліне жеңіл, жаттауына оңай шығармалар. Ақиқатында, осы «Жұмбақ» кітабы – сол замандағы қазақ қоғамының, жасөспірімдер мен балалардың рухани қажеттілігін өтеген, дүниетанымдық көзқарастарын кеңейткен, олардың ойлау, зерделеу қабілет-қасиеттерін дамытқан бірден-бір жетекші тәрбие құралы болған.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
«Ілияс ізімен…» экспедициясының мүшесі,
Астана