ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ – АСЫЛТЕК
—Республикалық байқауға жолдама алды, — Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Махамбет ауданындағы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Асылтек Исатаев Қазақстан Реcпубликасының оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің балалар жылына орай жалпы білім беретін мектептердің 5-10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырған «Тарихи шежірем. Менің тегімнің тарихы» байқауына қатысып, аудандық және облыстық кезеңнен жүлделі орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Саягүл Алмағанованың айтуынша, Асылтек атына заты сай текті тұқымның баласы, батыр баба Исатай Таймановтың тікелей ұрпағы. Ол сайыста өзінің тегін, тарихын, ұлттың азаттығы үшін құрбан болған, батыр атасының өмірдерегін баяндап, қазыларды тәнті еткен. Аудандық кезеңде 12 оқушының, облыстық кезеңде 13 оқушының арасынан жеңіске жетіп отыр. Ал Асылтек Исатаевтың өзі батыр бабасы туралы көп білетінін аңғартты.
Арғы атам Өтепқалиұлы Құбайдолланы 1916-1917 жылдары патша өкіметі майдандағы қара жұмысқа әкетіп, Румыния, Австро-Венгрияға дейін барған. Ал 1937 жылы екінші рет ұсталып, түрмеге жабылған арғы атамызға жалған айып тағылып, ату жазасына кесілді, кейіннен 27 жылдан соң ақталып шыққан. Ал, Құбайдолланың ұлы, Исатайдың шөпшегі Зұлпықар атам «халық жауының баласы» ретінде көп қиыншылық көрген. 1949 жылы Махамбетке көшіп келген атамыз 1989 жылы өмірден өткен. Атамыздың көзін көргендер ауылымызда әлі де бар. Зұлпықардан туған Исатайдың неменесі менің әкем Әділбек Зұлпықарұлы ауылымызда шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкер, — деді А.Исатаев.
Айта кетейік, Асылтек Исатай Тайманұлының 6 ұрпағы.
Atpress.kz