«ІШТЕН ШЫҚҚАН ЖАУ ЖАМАН»
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бауыржантанушы.
– Немістер атқылағанда ОГПУ қызметкері Вилков алғы шептен кетіп қалыпты. Мұны Армия командашысына менің полкімнің комиссары Логвиненко хабарлапты. Дивизия командирі Чистяков пен ОГПУ бастығы Мондарельский полкіме келіп, мән-жайды сұрады. Мен:
– Алғы шептен Вилковтың кетіп қалғанында не тұр? Түсінбеймін. Сол себепті Вилковты неге кетіп қалдың деп кінәлайтын жайым жоқ. Өз тірлігімен барды, қайтты. Немістердің атқылағаны бір бұл емес. Біз де атқылаймыз. Ұрыста жүрген жоқпыз ба? – дедім.
Чистяков Мондарельскийге ала көзімен қарады.
– Мен сізге Момышұлы дәл осылай шыншыл демеп пе едім?! – деп айқайлады. – Сіз маған сенбей, осында сүйреп келіп отырсыз! – Қолын сермей сөйледі. – Енді істің мән-жайы түсінікті ме?
Мондарельский не дерін білмей отырып қалды. Сәлден соң:
– Түсінікті, жолдас генерал-майор, – деді қызарақтай үн қатып.
Чистяков Мондарельскийге қайта шүйлігіп:
– Алдымен тексеріп, ақ, қарасын анықтау, содан кейін ойлану керек. Дабыл қағудың да жөні бар емес пе?! – деді.
Мондарельсий қысылғанынан төмен қарады.
– Момышұлы ОГПУ-дің жұмысына араласпаймын деді. Дивизия командирі мен де сіздің жұмысыңызға араласпаймын. Логвиненко арандатушылық ақпар берген. Оның Вилковтан құтылғысы бар. Себебі екеуі тіл табыса алмаған. Осылай шығар деп едім, сіз маған сенбей, Вилковты қызметтен босатқыңыз, тіпті қорқақтығы үшін сотқа бергіңіз келді. Оған мен келіспей «полкке барып іспен танысып, Момышұлымен сөйлесейік» дедім. Оның сөзін естідіңіз ғой?!
Біраз ойланып, қайта қаһарына мінді.
– Қызметкерлеріңізді қорғап, сақтай біліңіз. Біз туралы өсек сөзге құлақ аса бермеңіз! Логвиненконың арандатушылық ақпарына сеніп, құрбандыққа бара жаздадыңыз. Вилковтың ешқандай кінәсі жоқ. Ол туралы полк командирі Момышұлы өте жақсы пікірде.
Мондарельский үн қата алмай, төмен қарап отырып қалды.
– Егер сіз бұл мәселе бойынша менімен келіспесеңіз, бастығыңызбен жүзбе-жүз сөйлесемін, жолдас Мондарельский, – деді сұқ саусағын сермеп. – Момышұлы мұндай жиркенішті іске бармайды деп айтып едім ғой. Маған сенбеп едіңіз, енді көзіңіз жетті ме, жетпеді ме?
Мондарельский кірпігін жыпылықтата сасып, ештеңе дей алмады. Әлден соң ауыр күрсініп:
– Жолдас генерал-майор, алда не істеу керек? Комиссармен тіл табыса алмағаны үшін Вилковты басқа полкке ауыстыру қажет деп ойлаймын, – деді. Чистяков қатты ашуланып:
– Жолдас Мондарельский, сіздің қатеңіз, міне, осында. Логвиненконың өсегі үшін біз адал адамның арын аяқ асты ете алмаймыз! – деді қолын сермеп. – Ол сіздің қарамағыңыздағы қызметкер, ауыстыру, ауыстырмау өз еркіңіз.
Орнынан тұрып, қайта отырды.
– Меніңше, полкке ОГПУдің өкілі қажет емес. Мен солай ойлаймын. Дивизия комиссары Егоровқа осылай деп айтамын. Ар жағын өздеріңіз шешіңіздер.
Мондарельскийдің көзі шарасынан шыға жаздады. Олар аттанды. «Бәрін бүлдірген мына оңбаған» деп Логвиненконың мені атарға оғы болмады. Оның ойы – Вилковты, мені жамандап, орнымыздан алдыру екен.
Өзімбілермен, сауатсыз рота командирі Иванов Логвиненко екеуі абыройларын көтермек оймен сайдың арғы бетінде бекініп жатқан жауға ротаны жұмсайды. Өздері төбеден қарап тұрады.
– Е, келе жатыр. Иә, сәт, жақындасын, – деп жау оң, сол жақтан, қарсы алдынан оқ төгеді. Сайдың аты сай, оқ далаға кетпейді. Оның үстіне пулемет оңай ма? Бах деп бір рота тегіс қырылады.
Ертеңіне генерал-майор Чистяков, ОГПУ бастығы Мондарельский қайта келді. Генерал-майор маған ала көзімен қарап:
– Бұл қалай? Неге солдаттарды ажал апанына жұмсадың?! – деп айқайды салды.
– Жолдас генерал-майор, полк комссарын шақырыңыз, сол өзі айтсын.
Чистяков ашуланып:
– Сіз командир емессіз бе? – деді.
– Иә, мен командирмін, бірақ ондай шешім қабылдағаным жоқ.
Чистяков қайта қаһарына мініп келе жатыр еді, Мондарельский:
– Иван Михайлович, асықпалық. Логвиненконың өзімен сөйлесейік. Қорытындыны содан кейін жасайық, – деді.
Осы кез сырттан сұрлана енген Логвиненко рапорт берді.
– Жолдас капитан Момышұлы, барыңыз. Біздің комиссармен жеке сөйлесуіміз керек. Қажет кезде шақырамыз, – деді Чистяков ашулы қалпында..
Сүмірейіп шығып кеттім. «Бұл қалай?» деп Логвиненконың әкесін танытуы керек. Тыста бір сағат сандалып жүрдім.
Бір кезде шақырды. Дірілдеп ішке ендім. Чистяковтың өңінде қан-сөл жоқ. Мондарельскийдің де түрі түр емес. Логвиненко көкпеңбек боп отыр. Ішімнен «е, құрыдым ғой» дедім.
– Момышұлы! – Орнымнан ұшып тұрдым. – Сіз жауапсыз адамсыз!
– Кешіріңіз, жолдас генерал-майор, мен өз іс-әрекетіме жауап беремін, бөгденің іс-әрекетіне жауап бере алмаймын.
Чистяков сұрланып біраз отырды да, үлкен столды қойып қалып, орнынан атып тұрды.
– Бұл не деген жауапсыздық?!
Логвиненкоға жек көре қарап, сұқ саусағын кезеп:
– Бұдан былай өзгенің шанасына отырушы болма! – деп маған бұрылды. – Сен ақымақсың! Себебі, осы кезге дейін өз комиссарыңның кім екенін білмегенсің.!
Мұндайда бірдеме деу қиын екен. Өзімді өзім әзер басып, үнсіз қалдым.
Чистяков босағаға жете бере кілт бұрылып, Логвиненконың қасына келді.
– Әркімнің өз орны бар. Сіз өз орныңызды таппағансыз!
Логвиненконың иегі дір-дір етті. Мондарельский сондай сабырлы кісі екен. Маған қабағын түйе қарап:
– Бұл оқиғаны есіңізде ұстаңыз, – деді. Чистяков оны көзімен ата қарап, маған:
– Екіншілей мұндай жағдай қайталанбасын! – деп қолын шошайта сермеді. – Егер қайталанса, екеуіңді де аямаймын!
Олар шанаға мініп кетті. Логвиненко екеуімізде үн жоқ. Блиндажға кірдік. Адьютантым жүгіріп жүр. Қандай тапсырма болады деп штаб бастығы келді. Екеуіміздің де түрімізді көріп, сасып қалды.
– Барыңыз, өз шаруаңызбен айналысыңыз, – деп оны қуып жібердім. Логвиненко тұншығып, үндеместен отыр. Не дер екен деп мен де тіс жармадым.
– Бауыржан, алда бізге қалай болу керек?
– Меніңше, не істеу керек екенін дивизия командирі мен ОГПУ бастығы біледі.
Ертеңіне дивизиямыздың комиссары Егоров штабымызға келіп, менімен сөйлесті. Таңырқай қарап:
–Логвиненкомен неге тіл табыса алмадыңыз? – деді.
– Бұл сұрақты маған емес, Логвиненкоға қойыңыз. Оның жауабын естіген соң, менімен сөйлесіңіз.
Біраз ойланып:
– Сенің айтып отырғаның дұрыс. Алдымен онымен сөйлесуім керек екен. Енді қойылар сұрақ қойылған соң, жауап бергін, – десе бола ма?
– Жолдас комиссар, бұл полктен мені, немесе Логвиненконы әкетіңіз. Біз бірлесіп жұмыс істей алмаймыз. Егер мені төмендетіп, взвод командирі етсеңіз ренжімеймін.
Егоров маған тіктеп қарады.
– Бұл сөзді айтпас бұрын ойландың ба, ойланбадың ба?
– Қазір ғана емес, көптен бері ойланғам, жолдас комиссар.
Төмен қарап отырып:
– Тіл табыса алмағандарыңыз өте аянышты, – деді. – Бұл турасында Армияның Әскери кеңесіне хабарлаймын. Әскери кеңес қандай шешім қабылдарын білмеймін, хабарлауға мен міндеттімін.
– Ол сіздің ісіңіз, жолдас комиссар.
Сөздің қысқасы, Логвиненконы полктен алып, дивизияның саяси бөліміне орналастырды. Мені орнымда қалдырды.
Баукең өзін-өзі зорлап күлімсіреген болды. Ізінше жеңіл күрсініп:
– Логвиненко менің елу жылдық тойыма келді. Қасына ерткен екі кісісі бар. Олар «Красная звезда» газетінің тілшілері екен.
(Жалғасы бар).
Сурет: https://qazaqadebieti.kz/