«Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды»

Жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді. Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды. Бұл – кездейсоқтық емес. Қазақстан беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттердің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43 орынға табан тіреді.
Мұның бәрі Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыруға бағытталған күш-жігеріміздің нәтижесі. Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз. Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл – біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл – киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл – өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз. Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады. Сондықтан бүгін мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестіктерді «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл – жай науқан емес, бұл – өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі