Көрісу – жаңа күнге қадам басу

Қазақстанның батыс өңірінде 14 наурыз күні ерекше мереке аталып өтеді – оны Көрісу күні немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен амандасып, жылы тілек айтып, ескі өкпе-ренішті ұмытатын дәстүрлі мереке.
Тарихы: Көрісу салты көшпенді өмір салтына байланысты қалыптасқан. Қазақтар қысты әртүрлі қыстауларда өткізіп, көктемде ғана бір-бірімен араласып, амандық сұраған. Махмұт Қашқаридің XI ғасырдағы жазбаларында көшпенділердің жаңа жылда бір ауылда жиналып, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейтінін айтады. Сол дәстүр бүгінгі Көрісу рәсімінің негізі болып саналады.
Батыс Қазақстанда көктем ертерек келетіндіктен, адамдар жаңа жылдың басталуын дәл 14 наурызға белгілеп, бір-бірімен көрісіп, жылы тілек айтқан. Кеңес дәуірінде кей дәстүрлер ұмытылып кеткенімен, Көрісу күні ауылдарда үзілмей сақталған.
Мәні мен рәсімдері: Көрісу күні таңертең адамдар қарияларға сәлем береді, көрші-қолаң мен туысқа барып жылы тілек айтады:
- «Жасың құтты болсын!»
- «Ғұмырың ұзақ болғай!», — бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, адамдар бір-бірін шеке асына шақырып, қонаққа барады. Жастар үлкендердің үйіне барып бата алады, ал үлкендер кішілерге ізет көрсетеді. Бұл дәстүр бір күнге ғана шектелмейді – жолы түскен сайын, әсіресе ауылдан тыс жүрген адамдар, келген бойда қарияларға сәлем беруі керек.
Қазіргі маңызы: Бүгінде «Көрісу» күні тек батыс өңірде ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарында да кеңінен аталып өте бастады. Бұл күн тек амандасу ғана емес, адамдар арасындағы бірлікті, бауырмалдық пен сыйластықты арттыратын күн.
Мереке заманауи өмірде де өз маңызын жоғалтпаған. Ол адамдарға жыл бойғы күш-қуат береді, ескі өкпе-реніштерді ұмытып, жақсылық тілейтін уақыт екенін еске салады.
Көрісу күні, Амал мерекесі құтты болсын!
ТАҢАТАР Нұрайна,
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,
«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы
Жетекшісі: Айдана Әділханқызы,
Қазақ тілі мен әдебеиеті пәндерінің мұғалімі.





