«Әке беделі – ұлт абыройы»
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан республикасының Президенті:
«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.
Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.
Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі».
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отбасы күніне орай құттықтауынан).
Талғар ауданы, І.Жансүгіров атындағы №37 жалпы білім беретін мектепте «Әке беделі – ұлт абыройы» — атты әкелер форумы өтті. Форум арқылы қоғамда әкелердің алатын орнын, оларға деген құрметті, сондай – ақ әкенің отбасындағы бала тәрбиесіне деген үлесін айқындау. Заман алға қарай жылжыған сайын адамның қоғам алдындағы міндеттері де күрделене түсуде. Жаңа технологиялар дамып, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік телефонға қадалған шақта бала тәрбиесі елеусіз қалуда. Әке де, ана да жұмысбасты болып, отбасында ұл – қызымен жақын араласуда қалып барады. Мұны өмірден алынған мысалдарға сүйеніп айтып отырмын. Ұлттық тәрбиені отбасынан алыстатпай, балалармен жақын араласу, олармен ұзағырақ әңгімелесу, мінез – құлқына көңіл бөлу, мінезіндегі өзгерістерді байқап, әке – ұлына ана – қызына қолдау көрсетіп, мейірім таныта білу – ежелден халқымыздың үрдісінде бар қасиет. Алайда, сол қасиетті сақтап қалу маңызды болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы отбасы институтына айрықша мән беріп, елімізде мерейлі отбасының көп болуы өажеттігін жиі айтады. Президент тапсырмасымен елімізде «Отбасы» күні аталып өтіп, «Мерейлі отбасы» байқаулары ұйымдастырылуда. Республикалық «Әкелер», «Аналар» қауымдастықтары да отбасы мәселесіне көп көңіл бөліп, әке мен ананың отбасындағы, қоғамдағы жауапкершілігінің арттыру мақсатында өткізіліп келе жатқан көптеген шаралар дәріптеліп келеді. Сол дәстүрдің өнегесін жалғастырған Талғар аудандық «Әкелер» форумында әр әке баласына үйретуге тиісті ұлттық ойын түрлерінен байқауға қатысып, жастар мен жасөспірімдерге үйрете алды деп білеміз.
Форум «Әжелер» ансамбілінің орындауындағы әндермен ашылды. Мектеп директоры Аманжолов Данияр Тайжанұлы сөз сөйлеп, отбасындағы әкелердің, мектептегі ер мұғалімдердің ұл – қызы, шәкірті алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Форумда көрсетілетін әр ойынның тәрбиелік мәні, тағылымы балалар мен жасөспірімдерге өнеге болатынын айтып өтті. Әкені асқар тауға теңеген халқымыз қашанда «Әкеден ұл туса – игі, Әкенің жолын қуса – игі», «Әке тұрып бала сөйлесе, ер жеткені», «Адал туған бала – әкесіне пана», «Жетесіз ұл әкесіне тіл тигізеді», «Баланың қатесі үшін әкеден сұрайды», «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла», — деген халық даналығы бүгінде маңызды.
Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылдық «Алаш Арыстары» мешітінің бас имамы Исабаев Руслан Амангелдіұлы ата – ана, мектеп пен әкімшілік және дін өкілдерінің бірлесіп, ұрпақ тәрбиесі үшін атқарып келе жатқан тәрбие жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Бала тәрбиесі бір күннің емес, үздіксіз жалғасатын игі шаралардың бірі деп көпшілікті ең алдымен бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу қажеттігін, сонда ғана болашағымыз жарқын болатынын әңгімеледі. Әкелер форумын ұйымдастырған Джабаева Айнур Тынышбеккызы көпшіліктің алғысына бөленді.
Әке бала үшін ерекше, ешкімге ұқсамайтын тұлға. Сондықтан, ол – нағыз жігіттің төресі, сегіз қырлы жан болуы қажет. Өз мамандығынан тыс ұлттық салт — дәстүрлерімізді сақтайтын, ұлттық ойындар мен қолөнерін дәріптейтін, өнерлі, бар білгенін ұлы мен қызына үйрете алатын жан. Міне, осы айтылғандарды ортаға салып, шеберлік сабақтары өткізілді. Айталық, бастауыш сынып ұстаздарының ұйымдастыруымен оқушыларына арналған «1000» асық терапиясы туралы айтылып, форумға қатысқан әкелер асық ойнай отыра, оған талдау жасап өтті. Қазақтың ат спорты теңге ілу және кедергілерден өту, мергендік спортының бірі – садақ атудан жарыстарға қатысып, ептілігін көзге түскен қатысушылар марапатталды. Әр әке ұл – қызын ұлттық спорт ойындарына қатыстыру арқылы шынықтырып, ептілігін шыңдап, денсаулығы мықты болып өсуіне ықпал ететіні де сөз болды.
Келесі алаңда қол күресі, кір тасын көтеру, асық ату, қазақша белдесу мен қазақша белдесуден әкелер алдына жан салмады. 100 ұстаздың орындауындағы «Қасық биі» де көпшілікті қызықтырды. Еңбек пәні мұғалімдері қамшы өру, асық бояу, асыққа қорғасын құю, үлкен асық макетін жасау, гипстен асық құю тақырыптары бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, әр істің мән – жайын әңгімелеп берді. Қамшы композициясы тақырыбында әкелер мен ұстаздар бірге «Қамшы» биін биледі.
Бала тәрбиесі әкеге, анаға бөлінбейді. Бала тәрбиесінде әкенің орны қашанда бөлек. Әке отбасының барлық мәселесіне теңдей араласуы, балаларының анасына үй шаруасына үлгере алмай жатса, көмектесіп жіберуі, балалармен бірге серуендеуі, үй тапсырмасын орындап, ауырып қалса, мейірімін төгіп, дәрісін ішкізуі – әкенің де міндеті. Кей азаматтар «Мен еркекпін, мен түздің адамымын», — деп отбасының бар ауыртпашылығын әйелдің мойнына артып қояды да өзі өмірі ешнәрсеге риза болмай жүреді. Үй шаруасына араласуды намыс санайды. Ол – өз үйінің шаруасы, өз үйінің қисайып жатқан дүниесін түзетіп, балаларының анасына қолғабыс етсе, оның несі намыс? Оған бүкіл әйелдің шаруасына аралас деген кім? Тек бала тәрбиесіне де бірлесіп көңіл бөліп, үлгеріле алмай жатқан үй шаруасын бірге бітіре салса, әкенің анаға, балаға деген құрметін, мейірімі мен қорған бола алатын мінезі мен күшін, ілтипатын көріп өскен бала күні ертең әке өнегесін жалғастырады. «Әкенің даналығы – бұл отбасының өмірлік қазынасы.»
Тағдырдың асып, тасып жартасынан,
Біз үшін түскен майдан ортасына.
Алаңсыз сауық-сайран салып жүрміз,
Біз бүгін әкелердің ортасында, — деп шырқалған ән әкелерге арналған мәңгі өшпес сыйлық, құламайтын ескерткіш.
Форумды өткізудегі мақсатымыз – «Әкелер мектебі» жобасының орындалуына қолдау көрстеу, отбасылық тәрбиеде әке беделін арттыру мен ұлттық ойындарымызды балалар мен жасөспірімдер арасында қайта жаңғырту. Алдағы уақытта отбасы институтын қалыптастыруға біздің әкелер форумының қосатын үлесі қомақты болады деп білеміз.
МУСТАФИНА Сандуғаш Азезқызы,
«Игілік» журналының Алматы облысыбойынша өкілі.
«Батыр шапағаты», «Ұлт жанашыры», «Ана жүрегі»
төсбелгілерінің иегері