Әкемнің арманы – менің болашағым
Скрипка (орыс. скрипеть — сықырлау, итал. vіolіno) — ысқылы ішекті музыкалық аспап. 15-16 ғасырларда скрипканың классикалық түрі қалыптасты. Ал 16-18 ғасырларда Солтүстік Италияда скрипка жасау шеберлерінің ірі мектептері ашылды.
Бұл аспап симфониялық, эстрадалық, камералық оркестрлерде және трио, квартет, квинтет ансамбльдерінде қолданылады. Скрипка қазақ даласына 19 ғасырдың аяғында тарай бастады. Бұл аспапты тартушылардың алдыңғы қатарында Жаяу Мұса болды. Бүгінде Республикамыздағы барлық консерватория, музыкалық колледждер мен мектептерде скрипка кластары жұмыс істейді. Қазақстанда кәсіби білім алып, үздік орындаушылық қабілетімен дүние жүзіне танылған А.Мұсақожаева, М.Бисенғалиев, Г.Мырзабекова, Ж.Серкебаева сияқты скрипкашыларымызды мақтан етіп айта аламыз. Осы аға-әпкелерінің жолын жалғастырмақ келе жатқан, бүгінде жас таланттар жетерлік. Солардың бірі жас скрипкашы — ЗЕЙНЕБ ЯЛЧЫН. Алматы қаласындағы қыздарға арналған білім инновациялық лицейінінің оқушысы.
— Өнер жолы қиын жол. Осы өнер жолына келуіңе, әсіресе скрипка аспабында ойнауға кімнің ықпалы болды?
— Әкемнің кішкентай кезіндегі арманы скрипкада ойнау болған. Мен дүниеге келгенде, әкем бірден мені музыкалық мектебіне беремін деп шешім қабылдаған екен. Мүмкін әкем өзінің бала кезінде орындалмаған арманын балаларынан көргісі келген шығар. Сөйтіп, алты жасымнан бастап бір жылдай жеке скрипка сабақтарына қатысып жүрдім де, кейін Құрманғазы атындағы музыкалық мектебіне оқуға түстім. Биыл ол мектепті де аяқтап қолыма дипломымды да алдым.
— Құтты болсын!
— Рахмет. Менің ойнайтын басты аспабым осы — скрипка. Сонымен қатар фортопияна және гитарада да ойнаймын. Өзіме көбіне скрипкада ойнаған ұнайды. Мен үшін скрипка оркестрдің «королевасы» болып көрінеді.
— Репертураңда қандай атақты компазиторлардың шығармалары бар?
— Қазіргі таңда Моцорт, Brahms Rossini, Вивальданың шығармаларын орындап жүрмін. Бірақ жаныма жақыны ұлттық композиторлардың шығармалады. Өзіме Құрманғазының күйлері қатты ұнайды. Сондай-ақ, Әзербайжан композиторы Реджеповтың да шығармашылығын орындаймын.
— Шәкіртсіз ұстаз тұл. Осындай дәрежеге жетуіңе біраз ұстаздардың еңбегі сіңді емес пе? Сол ұстаздарың жайлы айтып өтсең.
— Әрине, менің скрипка сабағынан беретін ұстазымның есімі – Исмайлова Мунира Ғафурқызы. Ол біраз жыл симфоникалық оркестрында ойнаған. Кейін шәкірт тәрбиелеу мақсатында ұстаздық жолын таңдаған. Ұстазым мен қатысатын «Шабыт» скрипкалық оркестрының жетекшісі болып келеді. Бұл оркестр көптеген қалалық, Ұлы Отан соғысына арналған, қала күніне арналған мерекелік шараларға қатысады. Сондай-ақ, Республикалық, Халықаралық байқауларға да қатысып жүлделі орындарға ие болып жүрміз десек болады.
— Ал өзің жеке, осындай байқауларға қытысып көрдің бе?
— Иә, бәраз жүлделі орындарға ие болған кездерім де болды. Атап айтсам, «Almaty s got Jelent» байқауына қатысып «Most Spektacular Performance» номинациясын жеңіп алдым. Ол кезде Құрманғазының «Адай» күйін заманауи нұсқасын орындадым. 2016 жылы «Күншуақ» байқауының Гран-приін жеңіп алдым. Сонымен қатар, «Жастар жаққан жұлдыз», «Күншуақ – 2017», «Күншуақ – 2018» сияқты біраз байқауларға қатыстым. Өзімнің мектебімде өткен «Шоу талантов» байқауында 1 орынға ие болдым.
— Адам баласы болған соң бәрінде арман болады. Болашақта осыны орындаймын деген арманың қандай?
— Мен қазірдің өзінде, фортопияна, скрипкада біраз шығармалар құрастырып жүрмін. Біраз жылдан кейін, осы шығармаларымды топтастырып шығарсам деймін. Сондай-ақ бейнебаян түсіріп үлкен сахнада өнер көрсеткім келеді. Басты арманым Түркияда музыкалық мектеп ашып, Түркия жері классикалық композиторлардың шығармаларымен танысқанын қалаймын. Өткені ол жерде де таланты шықпай жатқан жасөспірімдер болуы мүмкін.
— Зейнеб, лицейде оқисың, одан кейін, музыкалық мектепке барасың. Бос уақытың бар ма? Достарыңмен қыдырып, ата-анаңмен әңгімелесіп ой бөлісетін.
— Әрине, ата-анаммен, бауырларыммен қыдыруға, достарыммен кездесіп, әңгімелесуге уақыт табуға тырысамын. Иә, күнде уақыт бола береді деп айта алмаймын. Өзімді жетілдіру үшін, күнде скрипкамды қолға алып, жоқ дегенде 1 сағат дайындалу ол менің күнделікті әдетіме айналған. Бірақ егер адам қаласа бәрі орындалады, уақыт та табылады, тек ерінбеу керек деп ойлаймын.
—Зейнеб, қызықты әңгімеңе рахмет, армандарыңның орындалуына тілектеспіз.
ГҮЛ-БАҚЫТ