Кітап- сарқылмас білім бұлағы
Қасым – Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн».
Кітап оқитын қоғам қашанда бәсекеге қабілетті болары хақ. Қоғам мүшелерінің рухани құндылығы мен адами құндылығын мол етіп тәрбиелеу жолдарының бірі – кітап оқуға әуестендіру. Кітаптың өз оқырманын жан – жақты тәрбиелеумен бірге танымдық, білімді, рухани байлығын, қабілетін және эстетикалық талғамын дамытары анық. Еліміздің болашағы – білімді де, білікті ізденімпаз жастар. Олай болса, жастарды құнды қазына — әдебиет туындыларымен және ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті білімді болашақ маман иесін даярлауда колледж оқытушыларымен қатар, кітапхана қызметкерлері де өз үлесін қосуда. Ешуақытта маңызы жойылмайтын кітапты насихаттау барысында, колледж қабырғасында өтіп жатқан іс-шаралардың маңызы зор.
ҚР Білім және ғылым бірінші вице — министрі бекіткен «Оқуға құштар колледж» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шараларды өткізу жоспары аясында «Кітапхана – табыс мекені» атты ашық есік күні ұйымдастырылды. Бірінші курс студенттері кітапхананың қызмет көрсетуімен, кітапхана қорымен танысып, кітапхананы пайдалау ережесі туралы ақпарат алды. Оқырмандарымыздың қызығушылық танытып, құштарланып кітап қарайтын орны – белгіленген және арнайы тақырыптар бойынша ашық көлемді кітап көрмелері.
Ашық есік күнінде студенттер М.Әуезовтің туғанына 125 жыл «Әлем таныған Әуезов», Ғ.Мустафиннің туғанына — 120 жыл, Ғ.Мүсіреповтің туғанына -120 жыл, Ә.Нұршайықовтың 100 жылдығына арналған «Қазақ әдебиетінің алыптары» атты кітап көрмесімен танысты. Білім алушыларды әдеби кітаптарды оқуға насихаттау арқылы олардың кітап оқуға сүйіспеншілігін арттыру мақсатында, оқу залында «Кітап достарын іздейді» буккроссинг кітап алмасу бұрышы, әдеби кітаптардың QR-code бейнеленген тақтасы ұйымдастырлды. Кітап қорына келіп түскен жаңа әдебиеттермен таныстырылып,оқуға ұсынылды.
Жастардың рухани дүниесіне көп көңіл бөліп, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырып, оқуға ынталандыру мақсатында кітап оқуға тартудың, көркем әдебиетті насихаттаудың жаңа формалары мен әдістерін пайдалана отырып, оқырмандарға ой салатындай түрлі іс-шаралар ұйымдастырып өткізу. Кітапханада топ тәлімгерлерімен бірлесіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Колледж жатақханасында «Оқу көшбасшысы» викториналық ойын, «Техникалық» кафедра студентерінің қатысуымен Ә.Нұршайықовтың 100 жылдығына орай «Махаббат, қызық мол жылдар» повесінің желісімен «Менің өмірімді өзгерткен кітап» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Белгілі жазушы Пришивин өз күнделіктерінің бірінде- «Бүгінгі күннің тақырыбы –жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу,екінші сөзбен айтқанда: жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу», — деп жазған екен. Кештің мақсаты қазақтың көрнекті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығына тоқтала отырып, повесіндегі кейіпкерлермен тереңірек таныстырып, рухани дамуына әсер ету, эстетикалық көзқарастарын дамыту.
Қазіргі жастардың кітапқа деген сұранысы көбіне психологиялық, өзін-өзі дамыту, қаржы туралы кітаптар. Колледждің «Есеп аудит» кафедрасымен «Өз кәсібің туралы кітап» атты кітапхана квилтін ұйымдастырды. Шара барысында оқырмандарға квилттің мағынасы, мақсаты туралы айтылды. Қатысушы студенттер өздері оқыған Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма: Бизнесте, карьерада және өмірде жеңіске жетудің қазақша жолы» туындысы туралы, Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа», Теодор Драйзердің «Финансист» т,б. шығармаларына презентация жасап, әңгімелеп берді. Кеш соңында қатысушылар өздеріне ұнайтын, өздері қызығып оқыған кітаптары туралы квилт құрады. Оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып, кітапхана да осы кітаптарға сұраныс көбейді.
Жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай колледже «Рухы мен намысы сөнген ел-өлген ел» атты Библиокросс ұйымдастырылды. «Халық жауының» ұлынан «ұлт жазушысына» дейін көтерілген жазушының «Ай мен Айша»мемуарлық романын колледж студенттерімен бірге оқып,талдадық.
Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу — әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Өмірде әр адамның өзі және айналасындағы әлем туралы ойлануға мәжбүр еткен, жан дүниесінде өшпес із қалдырған сүйікті кітабы болады. Тәлімгерлердің балалық шақтағы оқыған әдеби қалауларын білу, оқырмандардың назарын тәлімгерлердің сүйікті кітаптарына аудару мақсатында «Тәлімгер қандай кітап оқиды?» — атты әдеби сайыстың өтті. Мақсаты – жастарды кітап оқуға ынталандыру, әдеби талғамын қалыптастыру, кітап оқуды насихаттау, жастар оқитын таңдаулы кітапты анықтау. Сайыста Дулат Исабековтің «Гауһар тас» повесі, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Жастар арасында сұранысқа ие. Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабы», кез келген жасқа арналған Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке», орыс жазушысы Борис Ваильевтің «А зори здесь тихие» повесі, орыс әдебиетінің ұлы классигі Ф.М. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» повесі туралы тәлімгерлер өздері сүйіп оқыған кітаптары туралы презентация, кинофильмдерден үзінді бейнероликтер түсіріп, оқырмандарға ұсынды.
Ұлттық құндылықтар мен жалпы адамгершілік тәрбиесі арқылы білімді жеке тұлға қалыптастыру, өз өлкесіне және оның тарихына деген сүйіспеншілік сезімін ояту мақсатында кітапханада «Бабалар үні»,«Менің сүйікті қалам-Шымкент», «Адамдар оқуды тастаған кезде, ойлаудан қалады» — осы сынды колледжде білім алушылардың арасында парасат пайымын байытатын шаралардың жиі өткізілуі – белгілі бір мамандықты игерумен жеке қабілетінің дамуына пайдасы орасан. Ия, қоғамда сауатты, білімді, парасатты тұлға болып қалыптасу үшін кітап таптырмас құрал. Ол біліммен ғана сусындатып қоймай, адамның жан-жақты қалыптасуына септігін тигізетіні анық. Хакім Абай «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің. Жастарға түрлі іс-шара өткізу арқылы кітаптың баға жетпес байлық, асыл мұра екендігін түсіндіре, сезіндіре алдық деген ойдамын.
КУРМАНБЕКОВ Асқар Жаркынбекович,
Шымкент қаласы, М.Өтебаев атындағы
жоғары жаңа технологиялар
колледж директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары