Кітапхана – қазыналы бір әлем
«Ақтоғай» орта мектебінің кітапханасы – оқушылардың қазына іздейтін және тапқан қазынасын бүкіл ғұмырына азық ететін киелі орын. Мұны оқушылар алғаш рет мектеп табалдырығын аттағаннан кейін, мектепті таныстыру сағатында арнайы кітапханаға саяхат сабағында айтамыз. Әр баланың кітаппен достасуы – қазіргі кезде маңызды мәселе. Сыныптағы оқушысы өз жасына лайық көркем шығармаларды, газет – журналдарды кітапханада көріп, қолына алып оқиды. Бірінші сыныптан кітапхананы ұнатқан бала, мектеп бітіргенше мүмкіндігінше бар кітапты оқып шығуға ұмтылады. Қаншама тәрбие сағаттарына қажетті дүниелерді кітапханадан табады. Ұстаздар үшін де кітапхана мол қазынаның кені.
Кітапханада 2023 -2024 оқу жылындағы бірінші сынып оқушыларына өздері қалаған көбінесе ертегі кітаптарды демалыс кезінде оқуды ұсындым. Сабақ басталғанда «Мен оқыған кітаптар» атты оқушылардың бір апта демалыс кезінде оқыған кітаптары туралы, оның мазмұнын қысқаша айтып беру сағаты өткізілді. Мақсаты — оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізу, кітап оқуға баулу,оқу машықтарын қалыптастыру, тіл байлықтарын дамыту. Оқушылардың тіл байлығының азайып, жазу грамматикасында көп қате жіберілетіні де байқалады. Бұл қателікті балаларға әртүрлі тақырыпта шығарма жаздыру, кітаптағы сүйікті кейіпкері туралы эссе жазу, шығарманың авторы туралы әңгімелеу сияқты әдістермен көркем сөйлеуін қалыптастыруға болады.
Кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу саябырсып кеткені де жасырын емес. Соған орай, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына орай ОФМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітті. Жоба негізінде мектептегі барлық сынып оқушыларын кітап оқуға ұстаздармен бірлесіп, тартудамыз. Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар кітапханамызда жеткілікті. Сол көркем әдебиеттермен әр баланы таныстырып, кітаптың мазмұнына қысқаша шолу жасаймыз. Оқушыдан қандай шығарма ұнайтынын, қай тақырып қызықтыратынын сұрау арқылы оларға әдебиеттерді ұсынамыз.
Үлкендер жағы балаларға көп сын айтамыз. Сыннан қандай қорытынды шығарылуда, оған мән бермейміз. Отбасында ұл – қыздарымызды телефонға байлап қойғанымыз да рас. Алайда, бар ұлттық құндылықтарымыз, тұлғалардың бейнесі, ерлігі, өнегесі, даналық сөздері – кітап парақтарында жатыр. Тәжірибеміз көрсеткендей, мектеп жасындағы балаға айталық, «Кітап оқы!» — деп алдына бірнеше кітапты қойсақ, ол бір қарап қоя салады, немесе қолына алып, әрі – бері аударып қоя салады да, сол кітапта жазылған дүниелерге қызықпайды. Түсінікті жайт. Бүгінде ата – ана күйбең тіршілікпен жүріп, баласының кітап оқыған, оқымағанын қадағалай алмайды. Балаларды кітап оқуға, кітап құмарлыққа үйрету жауапкершілігі – мектеп кітапханашысына жүктелетіні ежелден белгілі.
Кітап – бар рухани қазынаның әлемі. Оқушыларды сол әлемге жетелеу үшін кітапханада сауалдамалар жүргіземін. Шығармаларды оқып шығуға ұсынамын. «Кітаптың оқыған, оқымағаныңды білу үшін мазмұнын сұраймын» — деп айтып қоямын. Оқырман мен кітапхананы жақындастыратын кітапханашының ұйымдастыруымен өткізілетін қызықты шаралар. Кітапхана жоспарында еліміз бойынша аталып өтетін айтулы күндер, тұлғалардың мерейтойлары, олардың бізге қалдырған мұралары туралы іс – шаралардың көп өткізіліуі де – оқушыларға оң әсерін беруде. Отбасы күніне орай «Отбасы және кітап» атты көрме жасалып, оқушыларға таныстырылды. Шараның мақсаты — оқушыларға қоғамдағы отбасы жөнінде түсінік беру, отбасы тәлім-тәрбиенің негізі екенін ұғындыру, мектеп пен ата-ананың байланысын арттырып, балаға өз ойларын айтуға үйрету. Оқырмандарымызға отбасы тәлімі туралы айта отыра, балалардың әрқайсысы өз отбасында ерекше сәттер туралы әңгімеледі. Оқырманға өз отбасы айтқыза отырып, отбасы құндылықтарын бағалауға үйретуге ұмтыламын.
Мектеп кітапханасында өзіміздің Сарысу ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай көрме өткізілді. Ауданымыздың тарихы, ауданның құрметті азаматтары, ауданның экономикалық әлеуеті, аудан құрылғаннан бергі уақытта жемісті еңбек еткен ардақты ардагерлер туралы айтылды. Көрме ұйымдастырылып, аудан туралы баспадан шыққан кітаптар, шығарма кейіпкерлері туралы оқушыларға айтылды. Көрме арқылы ауданымыздың әр тұрғыны – үлкені де, кішісі де тұрған үйін, ауылын, ауданын мақтан етіп, оның болашағы үшін аянбай еңбек етуге үйретуге ниетте ауылымыздың экономикасын дамытып, экологиясын сақтауды, ардагерлерін ардақтауды айтып бердік.
24-қазан халықаралық мектеп кітапханалары күніне орай, 5 -11 сынып оқушылары арасында «Ғылыми фантастикалық әдебиеттерді оқимыз» тақырыбында апталық өткізілді. 10-11 сынып оқушылары мектеп кітапханасына жаңадан келген Хэрри Поттердің кітаптарын оқып, түсініктерімен бөлісті. Мектебімізде өткізілген «Оқуға құштар мектеп» жобасында «Кітап оқу үздігі» жеңімпаздары марапатталды.
«Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» — атты көрме ұйымдастырып, көрмеге қойылған ұстаз шығармаларын оқу ұсынылды. 25 — қазан Республика күні мерекесіне орай «Сүйем сені, туған елім — Қазақстан!» көрмесі өтті. 2023 – жылдың 15 -желтоқсан күні Тәуелсіздіктің 32 жылдығына орай «Желтоқсан — ерлік тарихы» көрмеде оқушылардың шығармаларымен қатар желтоқсан көтерілісінің мән – маңызы, оның батырлары, арамызда жүрген желтоқсаншылар туралы мәліметтер айтылды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі» атты көрмеге ақынның кітаптары қойылды. Кітапхананың ең жас оқырманы Құрақбай А Мұқағалидың «Шеше, сен бақыттысың, жыламағын» өлеңін жатқа айтты.
Аса көрнекті ғалым, геолог, мемлекет қайраткері, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақтың тұңғыш академигі» атты көрме өткізілді. Ғылым академиясын ұйымдастырушы Қаныш Сәтбаевтың артында қалдырған ғылыми мұралары туралы балалар мен жасөспірімдерге айта отыра, Қазақстан ғылымындағы жетістіктерге қысқаша тоқталдық. Көрменің маңызы, мектепте жас ғалымдар тобын қалыптастыру, олардың бүгінгі заман технологиясы – роботты техника, IT саласына қызығушылығын арттыра отырып, мамандық таңдауына көмектесу. Мамандық таңдауды оқушы өзі шешеді. Ата – анасы да ұсыныстарын айтады. Оларды еліміздің танымал тұлғалары өнегесі арқылы мамандық таңдауына жол көрсету де — ұстаз бен кітапханашының бір міндеті.
Сондай – ақ, жазушы, «Сарысу ауданның құрметті азаматы» — Пернебай Дүйсенбиннің 80-жасқа толуына орай кітап көрмесі өткізілді. Көрмеге жазушының кітаптары мен газет бетінде жарық көрген мақалалары қойылды.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру мақсатында «Балалар кітапханасы» жобасы шеңберінде «Мақал-сөздің азығы, жұмбақ — ойдың қазығы» мақал — мәтелдерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды білуге арналған мектепалды даярлық тобында жарыс сабақ өткізілді. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» — ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты: Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.
Кітапханада 2-сынып оқушыларымен дауыстап оқу сағаты өткізілді. Оқушыларды кітап оқуға тарту, оқу сауаттылығын дамыту, тіл байлықтарын арттыру арқылы кітапханада өтетін барлық шараның мақсаты – оқушыларды кітап арқылы Ана тілімізді құрметтеу, Отанды сүюге тәрбиелеу, туған елін, жерін қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін ұқтыру және ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу болып табылады.
Мектебімізде «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы үздіксіз жүргізіледі. Акцияға мектеп мұғалімдері де, техникалық қызметкерлеріміз, оқушылар мен ата – аналар, ауылымыздың азаматтары қатысып, кітап сыйлауда. Айталық, мектебіміздің шаруашылық меңгерушісі Жақыпбекова Жанат «Көшпенділердің ұлы шайқастары» (Алматы: «Аруна» 192 бет), мектепті 2022-2023 оқу жылы бітірген түлектердің Абайдың «Қара сөздерін» — «Книга слов» (Алматы: Атамұра, 2020 жыл 200 бет) кітаптарын сыйлады.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Піспекбаева Ақбөпе Шәріпқызы мектеп кітапханасына «SMART BOOK» — Есептер мен тесттер жинағы бейне түсіндірмесімен, 5- 6 сыныптаға арналған математика кітабын сыйға тартты. Шараға 1 – сынып оқушыларының қатысып келе жатқаны қуантады. Мектебіміздің 1- сынып оқушысы Елеубек Әли өзінің сатып алған «Құлын, бота және бұзау» атты ертегі кітабын кітапханаға сыйлады.
Біздің кітапханада шәкірттерімізбен бірге өткізген әр шараның шапағаты ұл – қыздарымызға тиіп, одан нәтиже шыққанын көрсек, еңбегіміздің зая кетпегені деп айтамын. Мектебіміздің оқушылары негізінен кітапханамен дос.
Әр бала кітап оқыса, қуанамыз. Кітап – дүниенің байлығы. Кітап арқылы барлық жетістікке жетуге болады. Бүгінгі оқушыларымыз ертең өмірге жолдама алғанда да, әр түлек өзінің жүрек қалаған мамандығы бойынша еңбек етуі үшін де кітаптың пайдасы орасан зор болады. Кітап арқылы әлемді танимыз. Кітапханада қазақ әдебиетімен қатар шетел әдебиеттерінің де қазақша аудармасы бар. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы, мектеп ұстазымен бірге кітапхананың да қостаны үлесі аз емес.
Мейіркүл ОШАҚБАЕВА,
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы
«Ақтоғай» орта мектебінің кітапханашысы