Кореяда қазақ кітабы

Балалар жазушысы, бірнеше байқаулардың жеңімпазы  ОРАЗБЕКҰЛЫ  Кеңес кітап сүйер жасөспірімдерге кеңінен таныс деп білеміз. Жазушының кітаптарын бүгінде Ресей мен Корея елдерінің балалары да оқитыны рас.

    Кеңес Оразбекұлының кітаптарының негізгі мазмұны – балалар мен жасөспірімдерді шығарма кейіпкерлері арқылы Отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға үйренеді. Әр шығармасы өскелең ұрпақты ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеуге бастайтын тағлым.

     Бүкіл саналы ғұмырын балалар журналистикасы мен балалар шығарма-шылығына арнаған Кеңес Оразбекұлы ағаларыңды білесіңдер ғой деп ойлаймыз. Оның қызметімен таныс болмасаңдар да, шығармашылығымен таныссыңдар. Өйткені, ағаларыңның «Елтаңба мен Ту туралы жыры» мен «Үзілген гүлі» оқулықтарыңа енген, ұстаздарың әр жыл сайын ашық сабақ  өткізеді. Жақында ғана осы ағаларыңның «Байқұт мекен» атты сериалы ертегісі Оңтүстік Кореяда кітап болып шықты! Және кітап болғанда қандай! Іші, сырты түрлі түсті суреттермен жұтынып тұр! Сондай-ақ  төрт тілде: корей, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жария көріп, қазақ әдебиетін бүкіл дүние жүзіне әйгілеп отыр!

Кітаптың, ертегінің тақырыбы бүгінгі күнде күйіп тұрған тақырып – экологияға арналған. Басты кейіпкерлері – Кірпі мен Қосаяқ. Олар өздерінің құтты мекендері – шағын  алаңшаны адамдар күл-қоқыс төгіп былғап тастаған соң, амалсыздан алыс жолға жиналады.  Яғни, ертедегі Асан қайғы бабалары құсап жер аралап, қоныс іздеуге міжбүр болады. Бірақ, «қой үстіне бозторғай ұялаған» ондай байқұт мекенді олар таба алар ма екен? Міне, әңгіменің мәні қайда жатыр!..

Бұл жазушы ағаларыңның Кореяда жария көріп отырған екінші кітабы. «Жыл басы қалай анықталды?» атты бірінші кітабы 2016 жылы жария көрген. Ол да түрлі түсті болып төрт тілде  шыққан еді. Кейін олардың бір балалар театры осы ертегінің желісімен қызықты қойылым көрсетіп жүрген көрінеді. Бір сағатқа жуық сол қойылымды былтыр Алматыдағы Ұлттық кітапханада  қазақ балаларына да қойып берді. Корейше қойғанымен біз де түсініп отырдық, алған әсеріміз сөзбен айтып жеткісіз! Иә, Корейлердің балаларынан бәрін аямайтынын сонда көріп-білдік.

    Әңгімеге тамызық: Бүгінде Кеңес ағаларыңның  кітаптары  Ресейдің «Ридеро», «Озон», «Литрес», «Амазон» сынды интернет-дүкедерінде кеңінен сатылымға шыққан. Немесе «GOOGLE» «Кеңес Оразбекұлы» деп іздесеңдер шыға келеді. Ол кітаптар мыналар:

«Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары», 270 беттік тарихи танымдық-фантастикалық  шым-шытырық оқиғалы кітап. Толық нұсқасы.

   «Гүлмінездің гүлдері», 125 беттік әңгімелер жинағы.

   «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары»,  82 беттік қазақ-орыс тілдерінде.

«Таң нұрындай Таңсұлу», қазақ-орыс тілдерінде.

   «Қанатты сөз – қазына», 1-кітап, 310 бет, толықтырылған нұсқасы.

    «Қанатты сөз – қазына» , 2-кітап, 344 бет, толықтырылған нұсқасы.

 

 

             Дулат Исабеков,

  жазушы, драматург,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.