Әлеуметтік педагог — мектептегі маңызды маман

Бүгінде, еліміздің барлық мектептерінде әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Оның басты міндеті – бала құқығын қорғау, әлеуметтік жағынан оқушылардың  отбасында, көшеде, мектепте қорғалуын қадағалау. Денсаулығына зиян келетін әрекеттерден сақтау. Тұрмысы төмен отбасыларының жағдайымен танысып, балалардың мектептен қалмай сабаққа келуін назардан тыс қалдырмау. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық көмектер берілуіне ұйытқы болу. Әр сыныптағы балалардың жас ерекшелігіне қарай құрбыларымен бір дәрежеде мектепішілік тәрбие сағаттарында өзін шығармашылық жағынан танылуына көмектесу, ата – анамен үнемі байланыста болып, ұл – қызының бір күндік тәртібінің жақсы, сабаққа қатысуы мен сабақ кезіндегі белсенділігін айтып, олардың да мектепке келіп, балаларының қабілетін көріп, бірлесіп жеке тұлға қалыптастыруға еңбек етудемін. Әлеуметтік педагогтің жұмысы қызық әрі өте жауапты. Ол – өз жұмысында Қазақстан Республикасының Ата Заңын басшылыққа ала отырып, отбасы мен бала құқығын қорғауға арналған заңдарды жетік білуі қажет. Әсіресе, бала құқығын қорғауды басты міндеттерінің бірі санайды.

2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.

«Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», — делінген Заңда.[1]

Сол себепті, балалар арасында бір – біріне жасырын түрде әлімжеттік жасалып жүр ме, отбасында бала тұрмыстық зорлық – зомбылыққа ұшырамады ма, ата – ана қамқорлығынсыз қалған баланы қорғаншылыққа алған жақындарымен сөйлесіп, балаға жасалған қамқорлықты тексеру, бала денсаулығының сақталуы, мектепте ыстық тамақпен қамтылуы, оқушының көңіл – күйі, сабаққа қатысуы, мінез — құлқындағы өзгерістер бар ма, соны жіті бақылау, жазғы демалыста балаларды сауықтыру орындарымен қамтылуын қадағалау жұмыстарын рет – ретімен атқарудамын. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы еленбейтін нәрселердің біртіндеп ушығып, кең етек алып кетпеуінің алдын алуды қамқоршылық кеңес, ата – анамен бірге қадағалауға алудамыз.

Айталық, бала денсаулығына келсек, көп ата – аналар баланың тамағы тоқ, қалағанын жейді дейді. Бірақ, қандай тамақ жеп жатыр, дүкеннен сатып алатыны қандай тағам түрлері, үйде де зиянды тамақтарды қолданбау дегенге мән беріле бермейтінін көріп отырмыз. Ата – аналарға ұсыныс ретінде «Бала денсаулығы сізге қаншалықты маңызды?» — деген тақырыпта семинар өткіздім. Семинарға әлеуметтік педагогтармен қатар ата – аналар, ауыл адамдары, оқушылар қатысты. Тақырыпты талқылау кезінде арнайы зертханаларда сынама алынып, адам ағзасына зиянды деген тағамдар атап өтілді. Әсіресе, бала денсаулығына өте зиянды газдалған сусындар, қақталған (чипсы, кириешки, тез дайындалатын тамақтар, т,б.) құрғақ тағамдар, фастфудтар мен тәттілер аталды. Аталған тағамдар еркін саудада жүргендіктен,  оларды баласы күнделікті  қаншалықты пайдаланады, соны қадағалау қажеттігі ұсынылды.

Әлеуметтік педагогтің мектепте оқушылармен, ауылда ерекше қамқорлықтағы балалардың ата – анасымен сөйлесіп, баланың білім алуы үшін мектептен қалмауын, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін, оның мектептегі кезінде өзін еркін сезінуін, ыстық тамақпен қамтылуын күнде тексеріп отырамын. Мектебімізде құрылған «Еріктілер» тобының жетекшісі И.Жаримбетовамен бірге демеушілердің қолдауымен ауылымыздағы жалғызбасты аналарға көмек қолын созып, аулаларын тазалауға көмектестік. Осы бір қайырымдылық арқылы мектеп оқушыларына волонтерлердің кім екенін, олардың жұмыстарының бағытымен таныстырып, қоғамдағы маңызын іспен көрсете білдік деп ойлаймын.

Волонтерлік идеясы Қазақстанда БҰҰ Волонтерлер Бағдарламасы пайда болған 1993 жылдан бастап дами бастады. Қазіргі таңда волонтерлер ауқымы өсіп келеді, және қазір өз бастамасымен волонтерліктің шетелдік тәжірибесін алған көптеген дербес волонтерлік бастамалар мен топтар, сондай-ақ еріктілер жұмыс істейді. [2].Волонтерлер, яғни еріктілер жас талғамайды. Деседе, олардың басым бөлігі – жастар. Еліміздің ерікті жастары адамдар душар болған қандай қиын жағдай, кезең болмасын сол жерден табылып, бар ауыртпашылықты еңсеруде. Ауылдағы көмекке мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымдылық жасау арқылы – бала жастан оқушыларды волонтерлік бағытқа бейімдемекпіз.

Елімізде балалар мен жасөспірімдерді мейірімділікке, қайырымдылыққа баулитын – 1 наурыз Алғыс айту, 15 – наурыз қайырымдылық күндерін атап өтіп, мерекелердің маңызына тоқталу да – әлеуметтік педагог жұмысының бір тармағы. Ауылымыздың адамдары бір — біріне көмек қолын созу, қайырымдылық жасау, қарттарды сыйлап, олармен сәлемдесу, әлеуметтік  тұрмысы төмен отбасыларын мерекелерде құттықтап, арнайы сыйлықтар жасау – ежелден келе жатқан қайырымды істеріміздің бірі. Бұл орайда, мектебіміздің ұстаздары бастап, ауылымыздың әкімшілігі, кәсіпкерлері, мешіт имамы қашанда көмектерін аямайды. Біздің ұрпағымыз алдындағы осынау игілікті істеріміздің дәні бүгін әр баланың жүрегіне егіліп, болашақта жалғастыра алады деп сенеміз.

«Бітер істің басына жақсы келер қасына», — деген халық даналығы да бүгінгі біздің ауыл адамдарындай ұйымшыл, тату – тәтті тұрып жатқан ынтымағы жарасқан жандарға арналса керек. Өнегелі ісіміз, адамдар арасындағы бауырмалдылық, сыйластық, еңбекқорлық пен Отансүйгіштік қасиеттерімен бала отбасында ата – анасы арқылы нәрленсе, мектепте ұстаздан алған біліммен биіктерді бағындыруға ұмтылады. Бала жастан үйренген игі дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарымыз санасына сіңіріп, тәрбиеленсе, ертең өмірге қадам басқанда, өмірін елімізді жаңа бағытта жаңа технологиялармен жабдықтауға арнайды. Ата – ана да, ұстаз да, әлеуметтік педагог та алдында күн нұрындай жайнаған ұл – қыздарынан, шәкіртінен үміт күтеді. Сенім артады. Жауапкершілік жүктейді. Болашағын тапсырады. Міне, біз ерекше балаларды тәрбиелеп, олардың өз алдына жеке тұлға болуына барынша қамқорлық көрстетіп, болашақта сенімізді ақтайтын азамат болып өсуіне ата – ана, ұстаздар жауаптымыз деп білемін.

 

АЛПАМЫСОВА Кулпынай Жандаралиевна,

А.Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектептің

әлеуметтік педагогы.

 Түркістан облыс,ы Түлкібас ауданы

Дереккөзі: [1]Akorda.kz; [2] «Уикипедия» ашық энцеклопедиясы