Лондондағы «балапан»

Қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрып жатқан отбасы жайлы естіп пе едіңіз?
Бұл отбасы 2015 жылдан бері Лондон ауасымен тыныстап, қазақ мәдениетін көпшілікке таратып, насихаттауда. Бұл отбасының шет елде тұруының бірден-бір себебі ғылым артынан қуған әкесі Ғалымжан Қараманұлымен байланысты. Ғ.Қараманұлы журналистикамен бірге медиа‑кеңес беру және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату жұмыстарымен айналысады.
«Біз, балалардың анасы, төрт құлыншағы бар. Олардың үшеуі жергілікті мемлекеттік мектептерде оқиды, онда білім тегін беріледі, ал үлкен ұлым колледжді аяқтап, қазір университетке түсуге дайындалып жатыр»,- деп бөлісті аға. Еліміздегі көптеген отбасы назарын кең аудартқан «Miss Kaussar» лақап атымен танымал болған ағылшын тілін жетік білетін қызымыздан сұқбат алып, жасөспірімдерге қазіргі жайын таныстыруды құп көрдік.
—Сәлеметсіз бе, Кәусар! Сізбен сөйлесуге уақыт бөлгеніңізге рахмет. Алдымен өзіңіз жайлы ақпарат беріп кетсеңіз.
—Қайырлы күн! Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінде 2012 жылы 2 шілдеде дүниеге келдім. Менің аты-жөнім, тегім Кәусар Ғалымжанқызы Қараман. Төрт ағайындымыз. Қос ағам және інім бар. Ата-анам қазақстандық «Хабар 24», «Қазақстан» Ұлттық телеарналарының Ұлыбританиядағы тілшілері. Олардың жұмыс барысымен уақытша Лондонда тұрып жатырмыз.
—Шет елге алғаш шыққаныңда қандай сезімдер болды?
—Әрине,ерекше сезім болды. Ол кезде небәрі 3 жаста едім. Қазір Лондонда өмір сүріп жатқанымызға 7 жылға жуықтап қалды. Осы жақта балабақшаға бардым, бастауыштың табалдырығын аттадым. Әу баста жаңа ортаға бейімделу, тіл үйрену жайы қиындау соққаны рас. Себебі шет елдің мәдениеті, дәстүрі, заңы мүлдем бөлек. Алайда уақыт өте келе, бәрін игеріп кеттім.
—Ағылшын тілінде судай ағып тұрсың, күрделі диалогтарды түсінесің?
—Ағылшын тілін бала кезден бастап үйрену оңай, өйткені бұл уақытта тез меңгеріп алу қабілетіміз басым. Есте сақтау, тың ақпаратты қабылдау қабілетіміз, ересектерге қарағанда жақсы болады. Ең әуелі жарты жылда жақсы, бір-екі жылдан соң тіпті еркін сөйлейтіндей жағдайға жеттім. Ең басында бұл тілді мүлдем түсінбей, суды қалай сұрау керек екенін білмедім. Ал қазір достарыммен емін-еркін сөйлесемін.
—«Болашақ» дегенде көз алдыңа не елестейді? Келешекте Кәусар кім болғысы келеді?
—Егер Қазақстанда тұратын болсам, ағылшын тілінің мұғалімі болуды армандаймын. Шет елде алған білімімді, көрген-білгенімді қазақстандық балаларға үйретсем деймін. Екіншісі, киім үлгілерін жасайтын фэшн дизайнер болғым келеді. Бағдарламаны жүргізуде киетін киімдерді, пальтомды, шляпаны, яғни образымды өзім ойластырдым. Жалпы, болашағымды шығармашылықпен байланыстыру — басты мақсатым.
—«Мисс Кәусар» бағдарламасы қалай дүниеге келді?
—Бұл бағдарламаны жасаушы, негізгі өнім өндірушісі, продюсері — өзімнің әкем Ғалымжан Қараманұлы. Мен YouTube желісіндегі шет елдік, америкалық, британдық блогерлерге еліктеп влогтар түсіріп жүрдім. Әкем менің видеоға түсіріп жүргенімді сырттай бақылап, қабілетімді байқаса керек. Бір күні әкем бағдарлама туралы айтып, ұсынысын білдірді. Қуана келістім. Себебі тек өзім білім алып қана қоймай, елімдегі балаларға ағылшын тілін үйретуге сеп болып, бауырласым келді. Сөйтіп, әкем «Балапан» телеарнасының басшылығына ұсынысын айтып, жоспарымызбен таныстырдық. Олар қабылдады. Осы жылы «Мисс Кәусардың» екінші маусымын жалғастырамыз.
Осы тұста әңгімеге араласқан Ғалымжан аға:
—Бұрын мені «Хабар 24»-тің тілшісі ретінде таныса, қазір «мисс Кәусардың папасысыз ба?» дейтін болды. Бұл-мен үшін мақтаныш. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Кәусардың көрермені бар,-деп әкесі өзі пікірін білдірді.
Осымен сұхбатымыз өз мәресіне жетіп, талай бүлдіршіндерге қызықты ақпарат бердік. Алдағы уақытта үлкен белестерге жете бер, Кәусаржан!
МАРАТОВА Сабина,
Абай Ұлттық мектебінің 11- сынып оқушысы.
Алматы





