Ұлттық мұрамыздың негізі тұтқасы
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,
Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы.
«Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың
басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде
халықтардың басынан өткен жауынгерлік
жолдары мен ұлттық дәстүрлердің
маңызы зор екеніне көзім жетті».
Бауыржан Момышұлының 1942 жылы сол шақта Қазақ ССР — ы Халық комиссарлары советінің председателі Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлына жазған хатынан үзінді.
Балалар мен жасөспірімдердердің жандүниесіне ұялатар асыл қасиеттердің бірі – ұлтымыздың салт – дәстүрлері. Шәкіртке Ана тіліміздің қадір — қасиетін ұқтырып, ең алдымен қай салада болмасын Мемлекеттік тілде сөйлеу міндет екенін жадына саламыз. Салт – дәстүр біздің өміріміздің жоғалмайтын бір бөлшегі. Ана тілінен айырылған адам салт-дәстүрі, әдет – ғұрпынан да айырылады. Оқушыларға тәрбие сағатын өткізерде ғылыми зерттеу жұмыстарымен таныстым. Бауыржан Момышұлының соғыс кезінде жазған хатының үзіндісін оқығанда, Ұлы отан соғысында жаумен шайқаста ата – баба салт – дәстүрінің жауды жеңуге, батылдық пен қайсарлық рухын көтеруге себеп болғаны бүгінгі жастарға айнымас мұра.
Ұстаз, тәрбиеші, ана ретінде отбасында, мектепте, өз ортамызда мүмкіндігінше салт – дәстүрлерді сақтаймыз. Жанұямызда ұл-қызымызды ұлттық тәрбиемен баулып, ана тілінде сөйлейміз. Отбасы үлгісі, мектеп -шәкірт тәрбиесінің әліппесі деп білемін. Шәкірт тәрбиесіне бала жастан мән беріп, олардың ата — баба мұраларымен сусындатып, салттың да, дәстүрдің ерекшеліктерін үнемі жадына салып отыру маңызды. Сауатты, мәдениетті, жауапкершілікті болып ержететін әрбір ұлан үшін салт – дәстүріміздің тәрбиелік мәні зор. Мектеп оқушыларына жасына лайық салт – дәсүрлерді айтып қана қоймай, сахналық көріністер арқылы өздері орындаса жадында қалады. Той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады.
Халқымыздың салт — дәстүрлерін өзгеріске ұшыратпай, дәл қалпында жас ұрпаққа жеткізу – ұстаздың ғана емес, ата – ананың да парызы. Аталған ұлттық құндылықтарымыздың барлығы дерлік отбасында орындалады. Сондай шараларға балаларды да қатыстырып, үйрету керек. Мектепте оқушылардың жас ерекшеліктеріне орай, салт – дәстүрлерді қалай өтетінін, ұйымдастырылатынын, қандай нәрселер қажет екенін әр тәрбие сабағында айтып отырамыз. Алайда, мектепте өткен сабақты отбасында бала жиі көріп, кейбір жоралғыларды өзі орындап көрсе, нақышы сол қалпында сақталады. Заман ілгерілеген сайын салт – дәстүрлерімізді түрлендіріп те өткізіп жүрген ортаны көріп жүрміз. Қалай айтсақта, заманға, адамдардың материалдық жағдайына байланысты ежелден, ата – бабадан өшпей келе жатқан салт – дәстүрімізге қиянат жасауға болмайтынын оқушыларға ұқтыру – әр ұстаздың, тәрбиешінің міндеті деп білемін.
Салт — дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс -тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. [1]
Салт — дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт — дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Салт — дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени — тұрмыстық, кәсіптік, салт — сана, мінез — құлық, тәлім — тәрбие және рухани іс — әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт — дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата -ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт — дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт -дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт — дәстүр көрінісі.[2]
Қазақтың салт – дәстүрлері туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы:
- Ұлт дегеніміз – тіл, белгілі бір тілде сөйлейтін, белгілі бір салт -дәстүрмен өмір сүретін халық. Тіл мен әдет — ғұрып, салт — дәстүрлер – ұлттың ұлт болып, халық болып өмір сүруінің басты шарты, негізгі ережелері, басқаша айтқанда, ата -баба салты кейінгі ұрпақ үшін – Ата жол. Ал ұлттық дәстүрлерге негізделген ата салтымен өмір сүру – әрбір азаматтың мына қым -қиғаш заманда адаспай, тура жолмен жүріп, бақытты ғұмыр кешуінің бірден — бір кепілі; сонымен бірге өз бақытын ұлт болашағымен байланыстырған әрбір адамның қоғам алдындағы азаматтық парызы.
- Ұлт дегеніміз — тіл, сол тілмен өрнектелген адамдар арасындағы әлеуметтік қарым — қатынастардың дамуы барысында заманалар бойы қалыптасқан әдет — ғұрыптардың, салт — жоралғылардың бір сөзбен айтқанда ата дәстүрдің негзіндегі ұлттық болмыс. Ұлттық болмысты ұлттық сана — сезім құрайды. Ұлттық сана — сезімі, рухы жетілмеген, немесе әлсіреген халықтың болашағы күңгірт. Сондықтан да ұлттық сана — сезімі, ұлттық рухы жоғары ұрпақты ата — баба жолымен тәрбиелеу, сол үшін ұлттық дәстүрлерді жаңашылдықпен жалғастыра түсу қай заманда болмасын, аса маңызды мәселе, ұлттық дамудың бірден-бір шарты, — дейді.
Салт — дәстүр мен әдет — ғұрып сан ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір тарихи дәуір бойына толықтырылған, заманауи талаптар мен шарттардың қажеттіліктері мен сұраныстарына орай, үстемеленген күрделі түбірлестік құрылым. Дәстүр – адамзат есіндегілерді және әлеуметтік тарихи тәжірибені ұрпақтан — ұрпаққа жеткізуші және жинақтаушы. Дәстүрде бірнеше ұрпақтың мәдениеті мен мәдениеттілігінің көптүрлілігі және бірлігі жинақталған. Дәстүр қоғамдық өмірдің барлық саласын, тәжірибесін қамти отырып, қоғамның әр деңгейіндегі ақылдылықты, даналықты бейнелейді. Сонымен қатар әрбір жаңа ұрпақ ата – баба тәжірибесінен олардың өздеріне де көрінбеген, білінбеген құндылықтарды ашады [7].
ТЮЛЕШОВА Кульзинат Құрмашқызы,
«Түлкібас ауданы үш тілде оқытатын
мамандандырылған мектеп — интернатының»
тәрбиешісі.
Түркістан облысы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері.
- Филология ғылымдарының докторы,
профессор ЫСҚАҚҰЛЫ Дандайдың пікірлері.
- «Википедия» ашық энцеклопедиясы.