Ұлы дала тарихындағы Жошы ұлысы
«Жошы ұлысы деген біз. Біз Жошы хан құрған мемлекеттің кейін Бату хан іргесін кеңейткен Алтын Орда деп аталатын елдің 65-70 пайызында отырмыз. Жошы ұлысының сол кезде шаңыраған көтеріскен тайпалар, рулар бірігіп қазақ деген ұлт болды.»
Ұларбек Дәлейұлы, жазушы
Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына орай Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Ұлы Дала тарихындағы Жошы ұлысы» тақырыбында тарихи-танымдық сағат өткізілді.
Шараның мақсаты: Қазақ тарихында халқымыздың ұлт болып қалыптасуының негізі саналатын Жошы ұлысының тарихын оқырман қауымға таныстыру.
Қиыншылық заманда елін, жерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған бабаларымыздың ерлік істері бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге, мақтаныш.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың басында есімі елімізге белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлына берген сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы ел көлемінде аталып өтілетінін айтқан болатын.
Жошы хан – қазақ тарихының бастауында тұрған ірі тұлға. Жошы — Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, батыл жауынгер, стратег және қолбасшы. Оның анасы — Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөрте. Жошының балалық шағы мен жастық шағы туралы мәлімет жоқ. Ол туралы деректер 25 жасынан бастап кездеседі. 1207 жылы Шыңғыс хан үлкен ұлын Байқалдың батысындағы жерді жаулап алуға жібереді. Онда тұратын орман тайпалары – телеуіттер, ұрсұттар моңғол қолбасшысына соғыспай беріледі. Тайпа ақсақалдары сыйлыққа ақ боз аттар, бұлғындар және қыр сұңқарларын береді. Тұңғышының әскери дарынына, жорық нәтижесіне риза болған Шыңғыс хан Жошыға өзі жаулап алған тайпалардың жерін сыйға тартты. Дәл осы аумақтарда Жошы ұлысы – Алтын Орданың негізі қаланды.
Жошы хан бейнесі халқымыздың тарихи жадында Қыпшақ елінің билеушісі, қазақ хандары мен сұлтандарының арғы бабасы ретінде сақталып, үлкен ілтипат, құрметпен аталады. Бүгінгі күнге дейін Жошы есімі аталғанда, Ұлы даланың қаһарманы, әке мен баланың арасындағы әрі нәзік, әрі күрделі әкелік және перзенттік махаббат, қайшылықты тағдыр туралы пәлсәпалық ойлар қатар өрбіп отырады.
Шара барысында ел арасына «Ақсақ құлан», кей жерлерде «Ақсақ құлан, Жошы хан» деп танылған күйдің шығу тарихы баяндалып, кітапхана оқырманы Ермекбаев Нұрасыл күймен жалғады. Сонымен қатар көрермен қауым арасында топтық жарыс ұйымдастырылып «Жошы хан туралы деректер» айдарымен «Кahoot», «Wordwall» сайттарымен онлайн ойындар ұйымдастырылды. Тақырып аясында «Жошы хан — Алтын Орданың атасы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Диана Бурханова көрмеге библиографиялық шолу жасады. Шара соңында оқырмандар естелікке суретке түсті.
Шырайлым Оралбайқызы.
Сағи Жиенбаев атындағы
облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.