Ұлы даланың ұлы есімдері

Әбу Нәсір әл-Фарабидің нақыл сөздері

* Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.

*Шыншылдық адалдықпен ағалас.

* Өрге жүзген өнегелі ісімен,

Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

*Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.

*Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.

*Өзгенің пікірін иемденіп кету – надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс. *Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.

*Жүргендер көп достық атын малданып,

Қалмағайсың сен де бірде алданып.

* Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісі көлгір келеді.

* Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу.

*Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.

*Шын білім – ақиқат, анық білім.

*Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды.

*Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.

*Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек.

*Мінез – жанның айнасы.

*Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.

*Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.

*Сұлу саз жан сергітеді.

*Тән ауырса – жан да ауырады.

*Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді.

*Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.

*Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.

*Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі. *Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу.

*Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу.

*Ғақлия көзбен қарасаң,

Дүние – ғажап, сен – есік.

Жаһлы көзбен қарасаң,

Дүние – қоқыс, сен – меншік.

*Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады.

Дайындаған: Мейiргүл Оңғарова
Жазбаға «Қазақ афоризмдері» кітабы пайдаланылды.

Сурет:https://www.ulttykarhiv.kz