«Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау»

Олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз. Мен Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі