Ұлы Жеңіске-80 жыл!

«Мен еске аламын, мен мақтанамын!»
Теміртау қаласы Жастар орталығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдағына орай мектеп оқушылары арасында патриоттық әндер мен көркемсөз оқу байқауы өтті. Іс-шара соғыс ардагерлеріне деген шексіз құрмет пен тағзымның нышаны болды.
Жүректі мұңға толтырған сұрапыл соғыс жайлы жарысқа әсерлі ән шырқап, өлең-арнаулар мен проза оқыған 13 талантты мектеп оқушылары қатысты. Бейбіт өмірді аңсау, сағыныш пен батылдық, арпалыс пен үміт ұялатқан шығармалар мен әндер көрерменді бей-жай қалдыра алмады. Бойын өкініш пен мақтаныш кернеген жиналған қауым өнерпаздарды ду қол шапалақ және ыстық ілтипатпен қолдады.
Бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындарды қамтыған жарыс екі категорияға бөлінді. Жеңімпаздар бағалы әрі заманауи сыйлықтармен марапатталды. Соның ішінде қатысушыларға планшет, смарт-сағаттар, ақылды колонкалар мен виртуалды көзілдіріктер табысталды.
Ата-бабамыздың ерлігін есте сақтауға ат салысқаны үшін барша оқушылар алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлығына ие болды. Айта кетерлігі, өнерпаздарға әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында ақын, журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Алдашева Р.Ж., маслихат депутаты Мамитова Б.К., Қарағанды облысының жазушылар одағының мүшесі Ромашихина Т.Ф. мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Достанов А.Ш. болды.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Мен еске аламын, мен мақтанамын!» және «Ешкім де, ештене де ұмытылмайды» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олар да смарт-сағат, Яндекс колонкаларын алды. Бас жүлде иегеріне кәсіби видеокамера берілді.
Өткен ғасырда болған оқиға болғанына қарамастан Ұлы Отан соғысының бүгінгі күнмен байланысы бар. Ол жастардың шығармаларынан да көрініс тапты. Әр отбасыны жанап өткен соғыстың қылышы жас қаламгер Қуанған Калиманың отбасына да әсер етті. Қ.Аманжоловқа «Солдат ақын» арнауын жазған ол өз ойымен бөлісті:
Менің ойымша бұл жас өспірімдерге айтылуы керек маңызды тақырып. Бұл сайыс өскелең ұрпақка, яғни сіз бен бізге таптырмас мүмкіндік және ол өте жоғары деңгейде өтті.
Жалпы, бұл жарыс тек жастарға жүлделі орындар сыйлап қана қоймай, өткенімізге деген қызығушылық пен танымдық қабілеттерін қалыптастыруға мықты негіз болды. Соғыс жылдары тарих қойнауында қалған оқиға ғана емес, ол біздің өткеніміз. Оны ұмыту болашағымызға балта шабумен тең. Ең бастысы-осы құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу. Елі мен жері үшін жанын пида еткен әрбір жауынгердің өмірі біз үшін үлгі. Оны дәріптеу-біздің құзырымыздағы міндет. Сондықтан да, аталмыш жарыстар мен іс-шараларды көбірек өткізуіміз керек. Бұл жобаның басты мақсаты болған- тарихымызды ұлықтап, ардагерлерді ұмытпайық!
БАРАТ Гаухар,
Қарағанды облысы, Теміртау қаласы
«10 ЖББМ» КММ 11 «А» сынып оқушысы.
кураторы: ЕСЕНҚАБЫЛ Ақбота Русланқызы