Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Ерлік ешқашан ескірмейді

Биыл адамзат тарихындағы ең алапат қырғын – Ұлы Отан Соғысының аяқталғанына 80 жыл. 1945 жылы 9 мамырда фашизмге қарсы күреске жұмылған елдер Жеңіс туын көтерді. Кеңес Одағы құрамындағы он бес ұлт фашизмнің тырнағынан бостандықты бірге қорғап қалды. Бұл ұлы күресте қазақ халқы да өз орнын дәлелдеді – майдан даласында да, тылда да жан аямай еңбек етті.

Сұрапыл шайқастарда қазақ сарбаздары батырлықтың сан үлгісін көрсетті. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Мәскеу түбіндегі шешуші ұрыстарда ол басқарған батальон 27 рет шайқасқа шығып, әр жолы ерлікпен оралды. Тәртіпті жоғары қоятын, рухы мықты командир бүкіл армияға үлгі бола білді. Оның ерлігі жазушы А. Бектің «Волоколам тас жолы» шығармасында бейнеленді. Бауыржан Момышұлы – рух пен ақылдың, тактика мен батырлықтың біртұтас символы.

Қазақ  қыздары да майданда қайсар мінез танытты. Мәншүк Мәметова – пулеметші, 100-атқыштар бригадасында шайқасып, соңғы демі қалғанша қаруын тастамады. Әлия Молдағұлова – 54-атқыштар бригадасының мергені, 78 жауды жойып, ерлікпен қаза тапты. Екеуі де 19-21 жасында өмірімен қоштасты. Ал Хиуаз Доспанова – әскери авиация құрамында 300-ден аса ұшу тапсырмасына қатысып, жау шебіне дәл соққылар беріп отырды. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, қайта сапқа қосылып, қайсарлығын дәлелдеген Хиуаз – қазақ қыздарының ішіндегі жалғыз әскери ұшқыш. Бұл үш ару – нәзіктікті ерлікке жеңдірген өрлік иелері. Олардың бейнесі – ұлт рухының символына айналды.

Майданнан тыс, жау тылында да нағыз күрес жүріп жатты. Қазақтың ұлы жазушысы Қасым Қайсенов — сол қозғалыстың көрнекті өкілі. Ол Украина, Молдавия және Румыния жеріндегі партизандық қозғалыстарға қатысып, фашистерге қарсы маңызды операциялар жүргізді. Көпірлерді жарып, стратегиялық нысандарды жойып, жаудың жолын бөгеген ол – жау шебін іштен күйреткен қаһарман. Соғыстан кейін жазушылық жолға бет бұрып, «Жау тылындағы бала», «Жас партизандар» сынды еңбектері арқылы майдан шындығын болашақ ұрпаққа жеткізді. Қасым Қайсенов – тек автоматпен емес, қаламмен де күрескен қаһарман.

Соғыс жеңісі тек майдандағы ерлікпен ғана емес, еңбек майданындағы термен де келді. Тылда жұмыс істеген аналар, балалар мен қарттар егіс алқаптарында, зауыттар мен фабрикаларда күндіз-түні аянбай еңбек етті. Олар майданға азық-түлік, киім, оқ-дәрі жеткізіп, Жеңіс үшін маңызды қолдау көрсетті. Майдан мен артқы шеп бір-бірін толықтырып, ортақ мақсат жолында бірікті

Аты аталатын батырлармен қатар, ерлігі қағазға түспей қалған, медаль да тақпаған, бірақ жанын Отан үшін қиған мыңдаған боздақтар бар. Олардың есімі белгісіз болғанмен, ерлігі – мәңгілік. Әрбір шейіттің артында үміт күткен отбасы, ұмытылмас тағдыр тұр.  Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек естелік емес, тарихпен тілдесу. Бұл күн – бейбіт өмірдің бағасын ұғатын, өткенге тағзым ететін, болашаққа жауапкершілікпен қарайтын күн. Бізге азат таң сыйлаған жандардың алдында әрдайым бас иіп, ерлікке тағзым ету – ұрпақтық парызымыз.

                                                                  АЛИЗАХ Ақниет,

                                                                                              Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.

Жетекшісі: Сагындыкова Салтанат Санекеевна,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.