Ұлы Жібек жолы бойындағы Сарқанда «Мектепке жол» акциясы шәкірттерді қуантты

Қоғамдық жұмыстармен көне қалалардың бірі – Сарқанға келгенімде, аудандық әжелер кеңесі ұйымдастырған «Мектепке жол» акциясының куәгері болдым. 2008 жылдан бастап жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету мақсатында материалдық қолдау көрсетіліп, мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алынып, балаларға сыйлыққа беріледі. Акцияға сарқандық ардагерлер аналар, аналар кеңесінің төрайымдары – К.Таймасова, К.Қалиева, Е.Сүдірбаева, Ф.Тажиева, С.Ералина, С.Нурахметова, М.Жантасова, Р.Хаджымқызы, М. Сағымбаева, А. Есимова, Т. Чабденова, К. Кадирсизова, Ш. Асқарғалиева, М. Жантасова, Р. Ахмадиева бес мектептің 12 оқушысын мектепке дайындады.
—Ауданымызда «Мектепке жол» акциясы жылда өтеді. Қайырымдылық жасау – ежелгі бабаларымыздан бізге дейін жалғасып келе жатқан ізгілікті істің бірі. Биыл да аналарымыз бастамасымен оқу жылы басталар алдында оқушыларға қуаныш сыйлауды мақсат етіп, мектепке қаажетті құралдарды тарту еттік. Баланың шынайы қуанып, риясыз күлкісінен асқан ризашылық болмас, мына жалғанда, — деп әжелер кеңесінің төрайымы Смаханова Ұлжахан Өзбеханқызы бұдан басқа да аналардың атқарып жатқан істерімен таныстырып өтті.
«Мектепке жол» акциясына Сарқан аудандық филиалының төрағасы Жанасбеков Қадыл Тұрысбекұлының қосқан қолдауын ерекше атап өткен орынды. Бүгінгі балаларға көрсеткен қамқорлық, ата-әжелердің қайырымдылығы олардың жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Олар да күні ертең есейгенде, қолдауға мұқтаж жандарға қолұшын созады деп сенім артамыз. Балалардың жаңа оқу жылы басталар сәттегі қуанышына ортақтасып келген аудандық білім бөлімінің әдіскері Калиев Батыр Ерланұлы құттықтап, шәкірттерге сәттілік тіледі. Сарқан қаласының «Құрметті азаматы» Баткалов Садуақас аға ұл-қыздардың мектепте үлгілі оқушысы бола білуіне тілек арнады. Игі іске ризашылық білдіріп, бата берген ардагер ұстаз Есиркегенов Болатхан ағай бүгінгі осы оқушылар ертеңгі ауылын түлетер жалынды жас бола білсін деп батасын берді. Республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырған әжелер кеңесінің әр мүшесі балалардың жанын шуаққа бөлеген ақжарма тілектерін арнады.
Ұлы жібек бойында орналасқан Жетісу мен Алматы облысының әр ауданы мен ауылының өткен ғасырлардан басталатын тарихы бар. Сарқан ауданы дегенімізде, ең алдымен Қойлық қалашығы ойымызға оралады. Қойлық қалашығы ЮНЕСКО пәрменімен «Дүние жүзінің мәдени мұрасы» тізіміне енген тарихи нысанның бірінен саналады. Ресми мәліметке сүйенсек, дәл 7 жарым ғасыр бұрын көне құрлықты дүбірлеткен француз мәдениетінің өкілі Ұлы Дала төсіндегі өркениет ошағына қадам басқан еді. Франция королі IX Людовиктің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубрук Жетісуға алғаш рет аяқ басып, керуен жолының тоғысындағы ірі қалаға келгендігі жайлы былай деп жазады: «…көптеген көпестер қатынап тұрған Қаялық деген үлкен қала таптық…» деген екен. 1253 жылы IX Людовик патшаның пәрменімен Орталық Азия аймағына сапарға шыққан Рубруктың Жетісудың көне Қойлық шаһарына келгендігін нақтылайды.
Біздің заманымыздың IX-XII ғасырлары аралығында Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы мен керуен көшінің тоғысында болған қарт Қаялықтың құпиясы әлі толық ашылмағанын білеміз. Шаһар атауы да ауыздан-ауызға көше келе Қойлыққа айналған. Көне қала шежіресі жайлы тарихи деректерді алғашқы болып ұсынған қазақтың біртуар ұлы Мұхаметжан Тынышпаев болатын. Одан әріде Шоқан Уәлихановтың жазбаларында да Қойлық жайлы қызықты дәйектер кездесетіні туралы деректермен де таныстық.
«Мектепке жол акциясынан» кейін аудандағы тарихтың алтын қазынасы -Сарқан аудандық музейінің меңгерушісі Карибжан Мадияр Әділханұлы музейдің тарихымен таныстырып өтті.
—Сарқан ауданының тарихы музейінің жаңа экспозициясы 1978 жылы Черкасск Қорғанысының алпыс жылдығына орай тұрғызылған ғимаратқа орналасқан. 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Черкасск Қорғанысы экспозициялық кешені 1910 салынып 1918-1919 жылдары әскери штаб ғимараты ретінде қолданыста болған. Музей 1917 жылға дейінгі аудан тарихы;
Кеңес дәуіріндегі өлке тарихы(1917-1991 жж.) және Тәуелсіздік жылдарындағы өлке (1991 жылдан бастап) деген үш бөлімнен тұрады. «Черкасск Қорғанысы» экспозициялық кешені 1 этажды ғимаратта 4 бөледен тұратын Черкасск қоғанысы кезіндегі соғыс заттарымен музейлік маңызы бар экспонаттармен орналасқан, — деді Мадияр Әділханұлы.
Сондай-ақ, Сарқан қаласынан 60 шақырым жердегі төбенің үстінде үлкен ескерткіш 1918-19 жылдары ауылда болған соғысқа арналып, арнайы тұрғызылған. Ол азамат соғысы тарихына «Черкасск қорғанысы» деген атпен кірді. Черкасстіктердің естерінде Жетісу өлкесіндегі Совет өкіметінің орнығуы туралы өлеңдер жазылған, кітаптар шығарылған, кино-фильмдер түсірілген. Қорғаушылардың қаза болғандарына және тірі қалғандарына мемориалдық кешен аудан халқы мен жастарына ғана емес, Ұлы Жібек жолы бойымен бүгінгі күні ағылған жандарға өткен тарихымызды ұмытпай, жадына салып тұр. Кешен 1973 жылы шілде айының 12 жұлдызында ашылды. Олардың авторы-сәулетшілер Тимур Сулейменов және Алмаз Ордабаев. Кешен үш египеттік пирамидадан тұратындығынан хабардар болдық.
Еліміздің әр түкпірінің тарихының парақтарын ашқанда, ең әуелі кешегі өткен қаһармандары мен өр тұлғалы азаматтарының ерен еңбегін айтып, есімін мақтанышпен атаймыз. Сарқанның да бетке ұстар тұлғалары аз емес. Осы өлкенің біртуар ұлдары — Бұғыбай батыр мен Шиырбай шешен, Құл сері, Көтентәуіп бабаларды сарқандық бауырлар үнемі айтып отырады. Бертін келе Мұхаметжан Тынышбаев пен Әбдіқадыр Болсамбековті атаймыз. М.Тынышбаев қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. Оны білмейтін жан жоқ шығар. Әбдіқадыр Болсамбеков – ауданның ардақты азаматы, запастағы генерал – майор. Екінші дүниежүзілік соғысқа және Жапония мен КСРО арасындағы жауынгерлік қақтығыстарға қатысып, аты аңызға айналған адам. Ауданда өтетін маңызды шараларда көплішік екі тұлғаға тағзым етіп, олардың ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қояды.
Сарқанның бүгінгі тыныс – тіршілігімен қысқаша таныса келе, қалада арнайы ардагерлер үйі бар екенін білдік. Ардагерлер үйі — Жетісу облысы Сарқан ауданындағы ардагерлер мен қарттарға арналған маңызды әлеуметтік-мәдени орталық. Бұл ғимарат 2018 жылғы 1 наурызда, «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылды. Мұнда ардагерлер мен жастар арасында кездесулер, мәдени іс-шаралар, патриоттық тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар өткізіледі. Ғимарат аудандық сайлау комиссиясының орналасқан жері ретінде де қызмет атқарады. Бұл орталық ардагерлердің қоғам өміріне белсенді қатысуына, жастармен тәжірибе алмасуына және ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» 2025 жылдың сәуір айында пайдалануға беріліпті. Мақсаты: зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, денсаулықтарын нығайту, шығармашылық және спорттық шараларға қатысуына жағдай жасау. Әлеуметтендіру. Қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік беру. Ардагерлерге физикалық және психикалық тұрғыда денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар. Мәдени және шығармашылық іс-шаралар: Түрлі үйірмелер мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, дене шынықтыру жаттығулары мен спорттық ойындар өткізу сияқты қызметтер көрсетіледі екен.
Қасиетті топырақта дүниеге келген Алаштың айтулы азаматы сазгерлер Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Күнсайын Қуатбаев, қаламгер Кәкімжан Қазыбаев, ғалым Мұхтар Арын, өнер тарландары Құман Тастанбеков пен Сара Тыныштығұлова, ақындар Әділбек Абайділданов пен Жаскілең Қалиев, балуандар Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаевтың өмірі мен өнер жолы жаңа ғана алған сыйлықтарына риясыз қуанып, жүректеріне қайырымдылық, ізігілік пен бауырмалдық, мейірім шуағы төгілген шәкірттер болашақта ауыл адамдарының ізбасарлары ғана емес, бүкіл қазақ елінің жастарына үлгі болар азамат болып қалыптасатыны ақиқат.
МУСТАФИНА Сандуғаш Азезқызы,
«Батыр шапағаты», «Ұлт жанашыры», «Ана жүрегі»
төсбелгілерінің иегері