МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР
Оқырманға жыр жазып, мол мұра қалдырған Хантәңірінің Мұзбалағы атанған Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күніне орай Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты поэзия сағатыұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты: ақын Мұқағалидың шығармаларын жас буынға насихаттау, өмір жолымен таныстыру. Ақын жолын үлгі етер ұрпақтар тәрбиелеу.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Ақынның азан қойып шақырған аты — Мұхаметқали. Бірақ ата-анасы пайғамбар атымен жүру ауыр тиеді деп сәби күнінен «Мұқағали» деп атап кеткен.Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты. Болашақ ақын ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілермен сусындап өседі. Ол өзінің анасы Нағиманды жеңгесі сияқты қабылдап, Нақа деп атап кеткен. Мұқағали Мақатаевтың азат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті. Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды.Міне, осылайша халықтың ақыны атанған Мұзбалақ ақынның балалық шағы осылай өтеді. Ақынның бір ерекшелігі өмірдің тар жол тайғақ кешуін, бастан өткізгенін, көрген-білгенін жүрегінде қайнатып, санасына сүзіп, көңіл елегінен өткізіп оқырманға шебер жеткізе біліген.
Мұқағали –ғажайып ақындардың бірі.Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін оқып шығуды ұмытпаңыздар. Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен. Ұйымдастырылған поэзия сағатында оқырмандарға ақпараттар айтылып, насихат шараларыжүргізілді. Сондай-ақ шара барысында «Ақ қауырсын» шығармашылық клубының мүшелері, «Дарын» мектебінің оқушылары, №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясы оқушылары мен №36 қазақ орта мектебінің оқушылары ақын поэзиясынан жыр шумақтарын оқыды. «Өлең өлмейді.Оны жазған адамда өлмейді.Олай болса Мұқағали да өлген жоқ.Қасымызда,ол қыранша дүр сілкініп,бүкіл залды өзі толтырып,жазық маңдайы жарқырап жыр оқып тұр»деген екен Әбділда Тәжібаев. Аталған шарада көрермендерге ақынның өз дауысымен оқыған жыр шумақтарынан үзінділер тыңдатылды. Жастарға Мұқағали ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан тест сұрақтары қойылып, ұяшықтарда жасырылған тың ақпараттар айтылды.
1969 жылы Қазақстан жазушылар одағы басқармасының секретариаты ақынның «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған өлеңдері жөнінде арнайы қаулы қабылдайды. Қаулыда «Мақатаев жариялаған өлеңдерінде күңгірт, көмескі ойлар,жұмбақ, жұтаң жолдар баршылық. Ақын өмірдің сан алуан сырын астарлап жариялаймын деп отырып, жеке адамның басында кездесетін күйбең сынға бой ұрып кеткен» деген цензуралық сын-айыптау беріліп, басып шығарған адамдарға да ескерту жасайды. Осы оқиғадан кейін ақынның басына қара бұлт үйіріліп, ешбір қызметке алмай, шығармаларын баспасөзге шығармай қалады. Осы тығырықтан шығар жолды тәржімадан табады. Яғни аудармамен айналысып, аудармаға осы кезде бет бұрады. Көзі тірісінде шетел авторларын, орыс ақындарының шығармаларын аударып, 3 аударма кітабын шығарады.
Поэзия кешінің тақырыбына сай кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның жыр жинақтары, баспасөз құралдары қойылды. Ақынның шығармашылығына арналған «Мұқағали» атты республикалық әдеби-мәдени, танымдық журналы жарық көріп оқырмандарға ұсынылып келеді. 2021 жылы басылған журналдың ішінен Ардагер журналист Мақұлбек Малдарбековтің естелігінен «Оқылмай қалған лекция…» атты мақала оқырмандарға таныстырылды. Сондай-ақ Ахмедияр Нажекенов қазақтың ұлттық аспабы домбырамен күй орындап кешті қыздыра түсті, ал Балжамал Нұрлыбекқызы әсем ән шырқап шараның шырайын келтірді. Шараға атсалысып оқушыларды дайындаған жетекшілері Абсаликова Айна Жузбаевна, Еришова Гулбану Нурбергеновнаға, Мантеева Рамила Хайсаевна, Абдибаева Шолпан Нысанкуловнаға кітапхана директоры Гүлжайнар Нәренқызы алғысын білдірді.
Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп өзі айтып кеткендей, ақынның өлеңдері қандай уақытта болсын халық есінде. Ұрпақтары Мұқағалиды ешқашан да ұмытпақ емес, ұлы ойшыл кереметтей көркем өлеңдерімен мәңгі жасай бермек.
ЛАУРА ЕРІКҚЫЗЫ,
Сағи Жиенбаев атындағы
Ақтөбе облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе қаласы.