Мұғалім – мектептің жүрегі
Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев айтқандай, мектепке тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр — сырын ұқтырып, жақсыны үйретіп, жаманнан жирендіретін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де, талабыңызға тілекші болып отыратын, шәкірті түскен білім аламанында озып шығуына қолдау көрсететінде — ұстаз.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Әр шәкіртінің алға басқан қадамына қуанып, балаша мәз болатын да ұстазың. Сырттай қарасаңыз, әр ұстаздің өзі – бала көңіл жан. Сабақты жақсы оқығаныңа риза болып, мақтау сөздерін аямайды.
Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні сізді құшақ жая қарсы алған аяулы жанның екінші анаңыздай болып кетерін сезініп көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Бірақ әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, әр аптаның жеті күнінде жеті рет көрісіп, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген махаббат, құрмет пен сағыныш, ризашылық сезімі өлмек емес.
Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді білімділер қатарына қосатын тұлға —ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан»,- деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатсақ, ең алдымен – аяулы ұстазымыздың, ұстазбен қатар отбасындағы ата – анамыздың үлесі деп айта аламыз.
Осындай ұстаздардың бірі Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің директоры – Маханбатова Мира Багарамовна, директордың орынбасарлары Карлыгаш Абдижапаровна, Амина Серикбаевна, Куралай Балабатыровна, Алтынай Мырзахметовна, Гульжан Кошкинбаевна, Багиля Дуйсенбаевна, Анвар Имаматдинович, педагог — ұйымдастырушы Дархан Оралбекұлы, әлеуметтік педагог Құралай Куатгалиевна, мектебіміздің психологтары Бахтигул Сабитовна мен Баян Абсадыковна сынды ұстаздарымыз деп кеуде толтыра айта аламыз.
Сіздерді шәкірттеріңіз үнемі құрметтеп, есімдеріңізді мақтанышпен атаймыз!
Ринат АХНИЯЗҰЛЫ,
Әсет Бейсеуов атындағы мектеп Президенті
Алматы облысы, Жамбыл ауданы
Қарғалы ауылы