Мәдениет пен руханияттың ордасы

Алматы- менің жүрегімнің бөлшегі

Дүние есігін ашып, өмірге келгелі бері Алматы қаласында өсіп келемін. Жалпы мемлекетіміздің ең көрікті қалаларын сұраған кезде екінің бірі Алматы қаласының атын ауызға алатыны бәрімізге мәлім. Бұл ару қаланың таңғажайып табиғаты, саны көп қолайлы демалыс орындары мен халқының қонақжайлық қасиеттері тіпті туристерді де көңілсіз қалдырмайды.Деректерге сенетін болсақбіздің қала – сырттан келуші шетелдік туристердің саны бойынша мемлекет бойынша абсолютті көшбасшы.  Қазақстанға келетін шетелдік туристер Алматыға ат басын бұрмай ктпейді.Бүгінде Алматы қаласына 19 шет мемлекеттен туристер келетіні анықталды. Әрине, бұл қала тұрғындары мен жалпы мемлекет үшін мақтан тұтарлықтай жаңалық.

Иә, расымен де Алматының тауларына көз тоймайды. Өз басым таулы аймақтарды өте қатты жақсы көремін. Алматы таулары мен таза ауасы маған жаңа рух беретіндей. Тау бейнесін көрген сайын жақындарымның «Биік шыңдарды бағындыра бер!» деген ізгі тілегі бірден есіме түседі. Кейде қатты шаршағанда немесе қолымнан келмейтін нәрсе пайда болғандай көрінсе,тауларға қараймын.Таулар маған сенімділік ұялатады. Сондықтан Алматының тауларын көру әрбір адамның арманы деп ойлаймын.

Алматы қаласын ең сәулетті және эстетикалық қала деп санаймын. Оған аймағымыздағы театрлар, мұражайлар, қонақ үйлер  мен санына шек жоқ ғимараттар дәлел бола алады. Архитектура саласынан ең мықты кешендер тізіміне: Есентай Тауэрс, Алматы қаржы орталығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент атындағы саябағы, Нұрлы –Тау бизнес-орталығын жатқыза аламын. Қазақ архитектурасының жауҺары деп биіктігі 25 қабат болатын, Алматы ғана емес,  өткен ғасыр 1977 жылы құрылысы аяқталған әйгілі «Қазақстан» қонақүйін айтуға болады. Ал сіз білесіз бе? Мұндай биік нысан тұрғызу дәл сол заманда үлкен тәуекел еді. Себебі, қалада 1887 және 1911 жылы болған қуатты жер сілкінісінен кейін биіктігі 12 қабаттан аспайтын үйлер ғана тұрғызу қолға алынған.

Ал «Қазақстан» қонақүйінің биіктігі – 102 метр. Әрі сейсмикалық қаупі ең жоғары ауданда тұрғызылған. Алматы тәжі – бұл нысан 9-10 баллдық жер сілкінісіне еркін төтеп бере алады. Алматы қаласында өткен ғасырда тұрғызылған ескі нысандар көп-ақ. Бір қызығы бірі біріне ұқсай бермейді. Сыртқы кескіндері, архитектурасы, ерекшеліктері әр басқа. Құрылысқа қолданылған материалдардың да бір-бірінен айырықшаланып тұратынын аңғару қиын емес. Алматы қаласындағы көптеген көне ескерткіштер мен ғимараттар таризы өз алдына.

Алматы қаласын ата-әжелеріңіз «бақша қала» деп атағанын естіп пе едіңіз? Тянь-Шань жоталарында орналасқан бұл аймақ көктем мезгілінде бейне бір ертегі сынды көрініске ие болады. Бақтардың бәрі алмаға толып кез келген жанды қараусыз қалдырмайтыны рас. Алматы қаласының атауы да осыдан шыққаны бәрімізге белгілі болар. Біздің шаруашылықтың мақтанышы — апорт алмасы. Аз уақыттың ішінде апорт Жетісудың нышанына айналды. Алматының алмалары туралы ең қызықты дерек: ХХ ғасырдың басында Верныйдағы жеміс шаруашылығы тек қана Сібірде ғана емес, Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ең жоғарғы бағаға ие болды. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ, Алматының алмасы өз бағасын әлі жоғалтқан жоқ. Шаһарымызды бүкіл әлем алманың қаласы ретінде таниды, мойындайды.Өкінішке орай, өлкемізде алма сорттарының саны және алма бақтары азайып келеді. Мамандар алма бақтары мен апорт алмасын баз-баяғы қалпына келтіру мүмкіндігі бар екендігін айтып отыр.

Жер бетінде қаншама үлкен-кіші қалалар бар, бас қалалардың саны жетерлік. Сонда да Алматы қаласы мен үшін қиял-ғажайып сынды арман қала ретінде жүрегімнен үлкен орын алады. Алматы- зәулім ғимараттарға толы жауҺарқала. Алматы- әр кішкентай бала мен кез-келген ересекті алмасымен қуанта алған шырайлы қала. Алматы- менің қаныммен бірге аққан тың атмосферасы бар қала. Алматы- менің жүрегімнің бөлшегі!

 

ДЮСЕНҒАЛИ Алина Саматқызы,

                                                                               Алматы облысы, Талғар ауданы,

                                                                       Еркін ауылы, №26 — мектеп оқушысы