Мәңгіге қазақ жері болды тұрақ

«Мен венгр жерінен сіздердің елдеріңізге келген алғашқы да,

 соңғы да адам емеспін. Тарихи деректерге жүгінер болсақ,

ежелгі байланыс іздері тым тереңде жатыр ғой».

Мандоки Иштван (Атлан) Қоңыр.

Ерден Қажыбек,

Халықаралық «Қазақ тілі академиясы» мен халықаралық

түріктану орталығының президенті:

 «Бізде қазақ тіліне тыйым салынған кезде, орыстандыру саясаттының қылышынан қан сорғалап тұрған кезде бізге келіп қазақша сөйлеп, біздің алаш арыстанымызды жүрген жерде айтып, оларға қатаң тыйым салынған кезде Қоңыр өте көп рухты ояту, сананы жаңғырту мәселелері бойынша өте көп үлес қосты деп айту керек».

                                         «Тілі таза емес елдің жаны да  таза болмайды»

Белгілі түркітанушы Мандоки Иштван (Атлан) Қоңырдың ана тіліміз туралы айтқан даналық сөзін басшылыққа ала отырып, мажар ғалымының 80 жылдығына орай «Қоңыр және ұлттық құндылықтар» атты ғылыми — танымдық конференция өтті.

Конференцияны Алматы қаласындағы Халықаралық “Қоңыртану” орталығы мен Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп  бірлесіп, ұйымдастырды.

Мектептің педагогтары жылда 10 – ақпан күні өзінің туған отаны Мажарстанда ғана емес, күллі Тұран дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарынан орын алған тұлға —  Мандоки Қоңыр Иштванды еске алып, ауқымды шара өткізеді. 

        Шараның мақсаты — белгілі  түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері  Мандоки Иштван (Атлан) Қоңырдың 80 жылдығына арнап өткізген шараның мақсаты —   мол  мұрасын  зерттеу және насихаттау.  Ғалым  еңбектерінде  көрініс тапқан күллі түркі халықтарының  салт — дәстүрі, тілі мен  мәдениеті туралы айтқан ойларын, ұлттық құндылықтарын дәріптеу.

Мандоки Қоңыр туралы айтылған пікірлер, ғылыми еңбектер легі көп — ақ. Соның ішінде тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы, ғалым Бабақұмар Хинаяттың естеліктерінен үзінді келтіре кетейік. Ол өзінің «Мандоки Қоңыр Иштван: өмірі мен өнегесі» атты ғылыми зерттеулерінде айтқан естеліктерінен үзінді айта кетейік.

—Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман — қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр түркі халықтарының ондаған тілін еркін меңгерген, оған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық — дүниетанымдық санасын бойына дарытқан тұлға, қарымды зерттеуші — ғалым еді. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде шығыс пен батыстың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Ол өз өмірін Мажарстанда ұмыт болған қыпшақ тілін қалпына келтіру миссиясына арнады. Ол халықтар арасын жақындастырған  мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді.

—Қазақтың ғылым мен білім, әдебиет пен өнер саласындағы жүздеген тұлғалармен ерекше сыйластық, достық қатынаста болды. Үш Қияннан атақты мүсінші досы Саламат Өтемісов, кемеңгер Әбіш Аға, ізгілік құрметін көрген Равиль Шырдабаев, қазақ еліне сыйлы жылойлық ұстаз Жанаш Нұрмаханов сынды жандарды ерекше құрмет тұтатын.

—Қоңырдың кішіпейіл, сергек ой мен кемел білігі кез келген жанды тез баурап,  өзіне тартуға мәжбүрлейтін дейді замандастары. Батыл әрекеті мен ғылыми өресі құрмет тұтқан күллі түркі жұрттарының зиялылары Қонырды бауырына басты, туған ұлындай жақсы көрді. Өкінішке орай, Есіл Ерді ажал арамыздан қапияда ерте алып кетті. 1992 жылы 22 тамызда Дағыстанда Макачкалада Қоңырдың ақтық демі үзілді. Дәл сол күні Жетісуда жер сілкінген-тұғын. Қоңырдың өсиеті бойынша, Алматы iргесiндегi Кеңсай зиратында жерленген едi. Өзінің саналы ғұмырында аралас болған қазақтың ұлыларымен бірге дамылдап жатыр.

—Қоңырекең атақты Шыңғыс Айтматовтың романдарын мажар тіліндегі тәржімасын, әсіресе жер-су атаулары мен ұғымдарға түсініктеме жазғанын көрдік. 1987 жылы «Жанпида» романына жазған жұмысын бітіріп, рахаттанып отырғанда келгенім бар. Олжас Сүлейменовті ақын ретінде, аға, азамат ретінде қатты жақсы көретін.

—Қоңырмен етене жақын араласқан Анадолыдан Керуленге, Оралдан Алатауға дейінгі аралықтағы елдердің кіл мықтылары болды. Әсіресе, ол үшін өзі әркез аузынан тастамайтын ұлы Шыңғыс Айтматов, «бабасынан да үлкен қолдау жасаған» Олжас Сүлейменовтің орны ерекше еді. Кешегі қазақ академиктері Ісмет Кеңесбаев, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбай, докторлар Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Дәркембай Шоқпарұлы, бүгінгі Рабиға Сыздық, Болат Көмеков, Әлімхан Жүнісбек, көрнекті қайраткерлер Мұрат Әуезов, Иманғали Тасмағамбетов,  Ерден Кажыбек сынды жандардың есімдерін атасақ та жеткілікті.

—Сөйткен Қоңырдың да ғұмыры шолақ болды. Небәрі 48 жасында мүшелінде дүниеден озды. Марқұм 50-ден кейін іргелі еңбек жазуға біржола отырам деуші еді. Шежіре мен естеліктерге арқау болар ауыр да, күрескер ғұмыры ерте сөнді…

                           («Мерейлі мекен» журналы, 2020 жыл, 6 қараша, 2021 жыл 8 — қаңтар «Мандоки Қоңыр Иштван: өмірі мен өнегесі» естелігінен).

  Ғылыми конференцияда кіріспе сөз сөйлеген Түріктанушы, жазушы, «Қоңыртану» орталығының жетекшісі, бірнеше кітаптың авторы Мәсәлім Ернар Шәуенұлы ғалым Қоңырды құрмет тұтатын қауымға өзінің  ол туралы зерттеулеріне тоқталып өтті. Және конференцияны жүргізді.

Будапештен Иштван (Атлан) Қоңыр Мандокидің жұбайы, PhD профессор Оңайша Мақсұмқызы Мандоки бейне-үндеуі арқылы мектеппен байланысқа шығып, ой-пікірімен бөлісті. Ұрпақтар алдында Қоңырдың есімін құрметтеп, жылда шара өткізетін мектеп ұжымына, ғалымдарға алғыс білдірді.

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалымЕрден Қажыбек Задаұлы Мандоки Қоңыр туралы «Елім деп еңіреп өткен есіл Қоңыр», тарихшы, зерттеуші Сембі Марат Қатайұлы «Қоңыр – тәуелсіздік жаршысы» атты баяндама жасап, Иштван Мандокидің қазақ тілін дәріптеп, өзі ғұмыр кешкен кезеңде сананы жаңғырту керектігі туралы мәселелермен көп айналысқанына тоқталды.

Венгрия Мажарстан елінің Алматыдағы Бас консулы міндетін атқарушы Петер Имле Шиклош мырза Қоңыр өмірінің жалғасы – ғалым атындағы мектеп оқушыларына ризашылығын білдіріп,  екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арта беретінін, салынып жатқан жаңа жайлы мектептің сәтті аяқталуына тілектестігін білдіріп,  мерекемен құттықтады.

ZOOM арқылы  Будапешттен этнограф ғалымдар Қоңыр ағамыздың ескерткішінің алдында тұрып, Бабақұмар Хинаят және Дәуіт Қара, Қырғызстан Республикасынан Қадырәлі Қоңқабаев, АҚШ-нан Юлай Шамильоглу, түркітанушы, профессорлар сөз сөйледі.

Мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Изтлеуова Сабира Асылбекқызы «Жұлдыздар із салып сөнеді… (мектеп тарихымен таныстыру)»,    тарих пәні Сабыржан Альбина Ержанқызы «Ата-жұртын аңсаған қайран-Қоңыр» тақырыбында баяндамалар оқыды.

—Ол араға жеті ғасыр уақыт салып атажұртқа оралған Венгриядағы құман-қыпшақ өкілі. Көзі тірісіндегі арманы – Венгриядағы құман-қыпшақтардың ұмыт болған тілі мен ділін қайта жаңғырту болатын. Ол Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі халықтары арасындағы тарихи-мәдени байланысты терең зерттеген. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, итальян, румын, венгр, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, моңғол тілдерінде емін-еркін мақала жазып жалпы саны отыз тілде сөйлей алатын  полиглот болған, — деді баяндамасында Альбина Ержанқызы.

Қоңыр Мандоки атындағы №154 мектептің оқушылары мен ұстаздары да бірінен бірі қалыспайтын өнерлі жандар. Олар “Мектеп әнұраны” хормен орындаса, “Мәнер” үйірмесінің жетекшісі Куралбеков Аян Романұлы монолог арнап, шәкірттер жыр шумақтарын оқыды.

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Музыка» кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., «Нәзік» жетігеншілер ансамблінің жетекшісі Ахметжанова Дидар, осы Университеттің оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі» Болатбаев Омарқазы Бекенұлы қатысты.

Ғылыми конференцияда мектеп директоры Алмасбаева Қаламқас Қалиқызы сөз алып, уақытын бөліп, келіп оқушыларға, ұстаздарға Иштван Қоңыр Мандоки туралы тың жаңалықтарымен бөліскендері үшін барлық қонақтарға алғыс білдірді. Мемлекеттік «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында №154 ЖББ мектебінің толық сүріліп, жаңа ғимаратының салынып жатқанына тоқталды. Иштван Қоңыр Мандоки атындағы мектеп оқушылары дара тұлғаны ұмытпай, оның отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерін өнеге ете отырып, Ана тілімізге деген құрметін арттыра беретінін әңгімеледі.

       Кенеттен бір күн сөнді жанған шырақ,

       Мәңгіге қазақ жері болды тұрақ.

       Туған жерін сүйгенмен қайран Қоңыр,

       Ата жұртын көретін артығырақ.

       Дешті қыпшақ жерінде ойқастады,

       Ойланарлық бір істі ол бастады.

       Жерлетіп өз сүйегін ата жұртқа,

       Қазаққа шетте жүрген ой тастады, — деп Саламат Өтемісұлы  еске ала жырлаған белгілі мажар ғалымы, түркітанушы Мандоки Иштван (Атлан) Қоңырдың 80 жылдығына арналған конференция Алатау ауданы,  “ALATAU” оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында өтті.

Ж.Кучукова,

«Farabi shakirti» журналының бас редакторы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

*Фотолар ашық дереккөздерінен алынды.

*Өлең жолдары «Ұлы даланың біртуар ұланы»

кітабынан алынды.