Махаббат отбасының ерлігі

Күндердің бір күнінде, қиял мен шындық арасындағы шексіз көгілдір аспан астында бір ғажайып ел өмір сүріпті. Ол елге тек жүрегі таза, ниеті ақ адамдар ғана кіре алатын. Елді мекеннің адамдары қой аузынан шөп алмайтын момын, қонақжай еді. Табиғаты ерекше – мөлдір көлдері, алтын күн шуағына бөленген кең жазықтары мен биік шыңдары бар. Елдің негізгі заңы – сыйластық пен мейірімділік. Ғажайып елдің аты – Арманай елі. Үміттер мен армандардың әрі қиял-ғажайыптың үйлесім тапқандығынан болар, бұл елді мекеннің тұрғыны болу — әркімнің арманы еді. Алайда ол арманға қол жеткізу көпшіліктің маңдайына жазылмаған бақ екен.
Мамыражай көктемінің бір күнінде бұл елді көрсе, қаны қарайып, төбе шашы тік тұратын Қаракөлеңке жерінің ханы Арманай елінің татулығы мен бірлігін көре алмай, оларға қастық істеуді ойлады. Оған өз иелігіндегі жердің үнемі қастандық пен зұлымдықтың қара түнегінің астында орналасқаны, көзге көрінер бір сәуленің жоқтығы ұнамайтын. Таңның атысынан түннің батысына дейін Түнек әміршісінің бар ойы — осы зұлымдықты іске асыру еді. Әрі ойланып, бері ойланып ол Арманай еліне нөкерлерін жіберіп, оны жойып жіберуді ойластырды.
Арманайдың басты мерекесі 22 наурыз ынтымақтастық күні болатын. Түнек әміршісі де дәл осы күні өз жоспарын іске асыруға бел буды. Арманайлықтар үшін 22 наурыз әдеттегідей мейраммен басталды. Қара түнді таң жарығы жеңіп, терезе бозара бастаған. Құйқылжыған бұлбұл үні құлақ құрышын қандырды. Елдің бәрі мейрамды тойлауға кірісіп, бір-бірін құттықтап жатты. Халық ән айтып, би билеп, ат шаптырым той жасап жатты. Сәске күн көтерілді. Кенет Қаракөлеңке елінің қара түннің қараңғылығындай, әр жендеттің сауытына зұлымдық ұялаған, қылышы қан тамдырар, алдаспаны арысты жығар әскері келіп қалды. Олар беттерін ешкім көрмейтін қара түннің қара түнегіндей матамен жауып алыпты. Әскерлер келе сала, той тойлаған елді қоршап алды.
Аяқ астынан шыққан жауға ел аңтарыла қарады. Кейбіреуі тіпті сенбейтіндей. Халықтың үрейі ұшты. Сол сәтте аспанды қара бұлт торлап, табиғат та елді екінші жағынан өз қыспағына алғандай болды. Зұлым күш әскерінің көптігі сонша – айналаны қап-қара түнек басты. Арманай елінің жағдайы нашарлай түсті. Себебі жау әскері көлеңкеде еркін қозғалатын, көлеңке мен қараңғылық оларға қосымша күш беретін. Тасжүрек әскер аяушылық пен мейірім дегенді білмейді. Оларды жеңу үшін тек батыл жүрек, таза ниет және ерекше ұйымшылдық қажет.
Зұлымдықтың күші қаншалықты сұсты болғанымен, әділдік пен мейірімділік оны жеңе алады. Міне, дәл осы қасиеттер жайлаған бір отбасы нөкерлерге қарсы тұрады. Отбасының мүшелерінің есімдері ерекше. Отағасының есімі — «Ма», жарының есімі – «Хаб», баласының есімі – «Бат» екен. Олар жүректерінің тазалығы, ниеттерінің адалдығы мен істерінің дұрыстығының арқасында халық болып бірлесе әскерге төтеп берді. Қанша жерден айлалы, берілмес жаудың өзі біріккен күшке төтеп бере алмай кері шегінді. Арманай елі өзінің байырғы қалпына келіп адал өмірін сүруді жалғастырды. Осылайша «Махаббат» отбасының бастамасының арқасында жер жойылып кетуден аман қалды. Отбасының әр мүшесінің ерлігі тарихта мәңгі сақталып қалды: Әкенің ақылы мен батылдығы қараңғылыққа жол бермеді. Ананың мейірімі, тіпті, ең қатігез жүректі де жұмсартып, үміттің ұшқынын жақты.
Балалардың бірлігі мен тапқырлығы арқылы зұлымдықтың ең қуатты қаруы жойылды. Қаракөлеңке елінің түнектері сейіліп, табиғат қайтадан жанданды. Аспан жарқырап, далаға көктем келді. Бейбітшілік орнап, адамдар мейірімділік пен әділдіктің күшін түсінді. Ауылдың ең биік төбесіне «Батыр отбасы» құрметіне арналған «Махаббат» шырағы орнатылды. Ол шырақ түнде жарқырап, кез келген уақытта әділдік пен батылдықты еске салып тұратын болды.
Ертегі осымен аяқталды, бірақ отбасының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ертегі әділдікке сенудің, отбасылық бірліктің және мейірімнің зұлымдықты қалай жеңе алатынының символына айналды. «Мейірімділік пен бірлік бар жерде, тіпті ең қалың түнекті де жарық жеңеді»6 — деп барша жұрт ұрандады. Ақыры, әділдік салтанат құрып, батыр отбасының татуласқан күші мен мейірімге толы жүректері Қаракөлеңке елінің зұлым әскерін жеңіп, елге жарық пен тыныштық әкелді. Осылайша әділдік қашанда жеңіске жететініне көзіміз жетті.
ТӨЛЕУХАНОВ Нұрдана,
ШҚО, Күршім ауданы,
«№3 Күршім гимназиясының» 11 — сынып оқушысы,
Сурет:https://abai.kz/