Мамандық таңдауымның дәнекері

режиссер Думан Еркімбек — ортада
Мамандық таңдауымның дәнекері
Әр адамның өмірінде өзіне бағыт-бағдар беріп, шабыт сыйлайтын тұлға болады. Мен үшін сондай жан – талантты режиссер, заманауи қазақ кинематографиясының жұлдызы — Думан Еркімбек аға.
Думан Еркімбек – қазіргі қазақ режиссурасының жаңа толқынын қалыптастырып келе жатқан жас та болса, өз ісінің кәсіби шебері. Оның әрбір туындысында терең ой, шынайылық және өзіндік қолтаңба бар. Мен Думан ағаның фильмдерінен әрдайым үлкен мағына, өмірдің философиясын көремін. Ал сол мағынаны көрерменге әсерлі жеткізе білуі – нағыз режиссерлік шеберліктің айқын көрінісі.
Қыркүйек айында «Dala Cinema» киностудиясы ұсынған әлеуметтік-драма жанрындағы «Qaitadan» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туынды ерекше идеясы және терең мазмұнымен көрермен жүрегінен орын алды. Фильмде басты кейіпкердің бір күнді қайта-қайта бастан өткеруі арқылы өмірдің мәні, адамдық таңдау мен жауапкершілік туралы маңызды ойлар қозғалады.
Түсірілім тобы картинаның шынайылығына ерекше мән берген. Мәселен, су тасқыны көрінісін табиғи шығару үшін арнайы жасанды дамбы тұрғызылып, кейін оны әдейі жарып түсірілген. Сондай-ақ көріністердің әсерін күшейту мақсатында ауылдың шағын макеті жасалып, оның су астында қалған сәттері жоғары деңгейде бейнеленген.
Фильмнің режиссері Думан Еркімбек пен бас продюсері Жалын Тілеуберген аз қаржымен үлкен идеяны жүзеге асыра білді. Бұл олардың кәсіби табандылығы мен отандық киноға деген сүйіспеншілігінің дәлелі деп білемін. Осындай еңбек арқылы олар жастарға үлгі боларлық деңгейге көтерілді.
Думан Еркімбектің жетістігі – табандылық пен адал еңбектің жемісі. Оның шығармашылық жолы маған үлкен мотивация сыйлайды. Мен де болашақта дәл осы кісі секілді кино әлеміне жаңа серпін беріп, өз көзқарасымды экран тілі арқылы жеткізгім келеді.
Есімде, 10-сыныпта оқып жүрген кезімде бөлмемнің қабырғасына Думан ағаның суретін іліп қойып, күн сайын тамсана қарайтынмын. Себебі ол менің мектебімнің түлегі әрі өз арманына жеткен адам. Үздік туындылардың авторы және маған мотивация сыйлаушы адам. Сол сәттерде мен оның еңбегіне қарап, өзіме сенуді үйрендім.
Бірде Думан Еркімбек түсіріп жатқан «Ғашықпын саған» фильмінің алаңына бару мүмкіндігі туды. Сол сәт менің есімде сақталып қалды. Себебі, мен алғаш рет кино әлемінің шынайы атмосферасын сезіндім. Думан ағаның қарапайымдылығы мен шынайылығы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы маған ерекше әсер етті. Оның қасында жары – Назерке әпкем де өте ізгі, сыпайы жан. Екеуінің үйлесімділігі мен үйлесім таба
отырып еңбек етуі – нағыз өмірлік серіктестік пен өзара құрметтің үлгісі. Назерке әпкеме айтқан ақыл — кеңестері үшін алғысым шексіз!
АХМЕТЖАН Балнұр,
Абай ұлттық мектебінің 11- сынып оқушысы
Жетекшісі: Төлеужанова Жансая Санатқызы
Сурет:https://www.instagram.com





