«Математика пәнін Абай арқылы оқуға болады»

Жас ғалым Малик Майра Маликқызы ғылым, білім жолында жүрген ұстаздар қауымына «Тұлға тұғыры. АбайLab» оқу-әдістемелік құралын ұсынады
Ұлт руханиятының негізін қалаған, ұлттық тарих, мәдениет, әдебиет, өркениеттің негізін қалаушы, даналық пен даралықтың тізгінін ұстаған қазақ зиялысы, халқының рухани ұстазы, ойшылы, ақыны және ағартушысы – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиғаға орай Республика көлемінде және халықаралық деңгейде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ақын шығармаларын оқу эстафеталары, онлайн конференциялар, театр қойылымдары, көрмелер мен ғылыми симпозиумдар ұйымдастырылды. Соның бірі бүгін Алматыда өтті. Абай мұрасын жаратылыстану пәндері арқылы насихаттаудың жаңа әдіс, тәсілін ойлап тапқан ғалым ерекше оқу-әдістемелік құралдың тұсауын кесті.
Бүгін Алматыдағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп–интернатында ерекше күн. Мектеп ұстаздары, оның ішінде жас ғалым Малик Майра Маликқызы ғылым, білім жолында жүрген ұстаздар қауымына «Тұлға тұғыры. АбайLab» деп аталатын оқу-әдістемелік құралды ұсынды.
—Әдістемелік құралдың ерекшелігі: Абай Құнанбайұлының мұрасын жаратылыстану пәндерінде әртүрлі тақырыптық мәтінде оқытуға болады,- дейді автор.
Сол арқылы ұлы ақын мұраларын жалпы білім беретін мектеп, гимнация, лицей, ЖОО тек қазақ тілі, әдебиет, тарих, гуманитарлық пәндер аясында ғана емес, математика, физика, жаратылыстану сынды пәндерге де кіріктіруге, интеграция жасауға болады.
«Біздің басты мақсат – ұлттың рухани, ментальды, интеллектуалды тұрғыда қалыптасуына елеулі үлес қосқан ағартушы, ақын, ұлы ойшылдың мұраларын жан-жақты, жаңа қырынан оқытып, тәжірибе таратып, насихаттау, дәріптеу. Оның ішінде логика, математика, физика, биология, астрономия секілді басқа да ғылымдарға кіріктіру арқылы түрлендіру. Біздің еңбекте вербалды тесттер, ребустар, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар түріндегі ерекше тапсырмалар, оқыту әдіс-тәсілдері оқушылардың жас ерекшеліктеріне негізделіп жасалған. Бұл көпжылдық пәндік, танымдық, ғылыми еңбектің жемісі және расымен де құнды боларлық дүние деп санаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасының маңызына ерекше тоқталып, оның идеяларын қазіргі заманмен ұштастыру қажеттігін айтты. Президентіміз: «Абай – рухани реформатор» — деп айтуының мәні мен маңызы, тамыры тереңде. Осы идеяны Оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы академияда қолдап, бағыт-бағдар беруде.
Тұлға мұрасын, еңбектерін зерттей келе, халық санасына жаңа леп, қарқын беру арқылы жас, өскелең ұрпақтың тәрбие, дағды, жалпыадамзаттық құндылықтарына әсер етуге болатындығын Абайтанушы ғалымдар, әдебиетшілер атап өтуде.
—Ақын мұраларынан жаңалықты әдеби-тарихи бағытта емес, өмірдің сан түрлі салаларынан көруге, байланыстыруға болады. Мысалы: Абай – кәсіпкер, Абай – биолог, Абай – психолог. Бір сөзбен айтқанда, Абай мұралары математика, физика, жаратылыстану бағытындағы мектептерде кеңінен қолданылуы керек деп санаймыз. Бұл үшін күш саламыз», — дейді Майра Мәлікқызы.
Ұстаздың айтуынша, алғашқы қадамдардың бірі осы оқу-әдістемелік құралы болмақ. Мұнда математика, физика, т.б. пәндерде оқушылардың ой-өрісін дамыту үшін қолдануға болатын көптеген пайдалы дүние топтастырылған. Ал заманауи жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді құрастыруға мектеп оқушылары да атсалысыпты. Сонымен бірге білім беру үдерісіндегі заманауи жаңашылдықтың бірі – вербалды тесттер де бар. Ол математикалық және оқу сауаттылығын сынды пәндердің аясын Абай мұралары арқылы кеңейту мақсатында кіріктіріліп отыр.
«Абай бұдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрсе де, оның мұралары өзектілігін, өміршеңдігін жоймайды. Қандай саламен айналысқың келсе де, қай мамандықты таңдасаң да Абайды оқып, зерттеп, танып, білу – қажеттілік. Майра Мәлікқызы: «Бақытты, білімді, байлықты, мансапты, тақ пен бақты іздесеңіз: Абайды оқып, Абайды түсініп, Абайдан үйреніп, Абайды үйретіп, «Кемел адам» болып, шапағаты мен шарапатын төгіп, таратыңыз»- дейді. Өмірді Абай арқылы танысақ ұрпақ тәрбиелеуден жаңылыспаймыз. Баланың тілі шұрайлы болсын дейсіз бе — Абайды оқысын, есептен жүйрік болсын дейсіз бе — Абайды танысын, физикадан үздік болғанын қалайсыз ба — Абайды зерттесін, адам табиғатын, өмірді түсіне алсын дейсіз бе — Абайға жүгінсін.
—Біздің балалар қай салада білім алса да, Абайды білуі керек. Ол – іргетас, қазіргі сөзбен айтқанда база болуға тиіс. Міне, менің ең бірінші мақсатым – осы. Бұл еңбекті басқа да пән мұғалімдері назар салса, жаратылыстану бағытындағы РФММ, БИЛ сынды мектептердің оқу бағдарламасына енгізілсе, олар да Абайды оқытуға, зерттеуге назар салса мен үшін, мен ғана емес, Абай мұрасы деп жанын салып, еңбектеніп жүрген әр ғалым үшін керемет жетістік болар еді», — деп атап өтті Майра.
Малик Майра Мәлікқызы пән мұғалімі, ғалым ретінде алдағы уақытта Абай мұрасын зерттеуге, жаңа қырынан жаңа идеялар, жобаларды жасауға, республика көлемінде насихаттау, дәріптеу, бағыт-бағдар беріп, оқушылар мен мұғалімдерге арналған жарыс, байқау, олимпиадаларға дайындауды мақсат, меже қойып отыр.
Әдістемелік құралдардың салтанатты тұсаукесер рәсімін мектеп директоры – Мұқашев Қайрат Манатбекұлын; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, куәлік иегері, «2020 жылдың Үздік педагогі», «Еңбек ардагері» және президентіміздің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Оспан Динаш Бектенқызын; Respublica партиясы Аппарат басшысының кеңесшісі, журналист – Қожабеков Ришат Асқарбекұлын; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, куәлік иегері – Тайгарина Гульмира Кадрбековнаны; «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы қаласы бойынша КДИ» Қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы кафедрасының аға оқытушысы, тренер, гуманитарлық ғылымдарының магистрі – Есентаева Айжан Идрисовнаны; филология ғылымдарының магистрі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы қаласы бойынша КДИ» Қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы кафедрасының тренері – Көмекова Сандуғаш Оралхановнаны; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші – Әлімбек Балым Алмасбекқызы болды.
(Өз тілшімізден),
«Farabi shakirti» журналы мен https://farabishakirti.kz желілік басылым сайты