Мазмұны терең кітап оқырманның қалауы
ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының «Орталықта кездесеміз» орталығында ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Республикалық және Халықаралық әдеби байқаулардың жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер Одағының және Халықаралық жазушы әйелдер гильдиясының мүшесі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Сәуле Мағазбекқызы Досжан, ұзақ жылдар бойы Мемлекеттік қауіпсіздік саласында бірқатар жауапты қызметтер атқарған, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Президенттің күзет қызметі бастығы, Республикалық «Ұлан» қолбасшысы, Қорғаныс министрі лауазымдарын абыроймен атқарған «Даңқ» ордені және көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған генерал-полковник, мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевпен кездесу өтті.
Шығармашылық кештің модераторы – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізді.
Сәуле Мағазбекқызының «Өгей жүрек», «Қасірет пен Тағдыр», «Ауылдан шыққан миллионер», «Үлкен үйдегі үрей» т.б. кітаптары оқырмандар арасында танымал. Сонымен қатар шығармалары орыс, ағылшын, қытай, испан, жапон тілдеріне аударылған. Кездесуде оқырмандар авторға сұрақ қойып, әр кітапқа тақырып таңдау, жазылуы, кейіпкерлерді алу туралы ойларымен бөлісті. Тың туындылар жазуға қалай келгенін әңгімелеп, кітап жазу үшін тақырыпты зерттеп, кейіпкерлерді айталық, Семей полигоны аумағынан, ауылдан іздеу үшін арнайы барып, адамдармен сұхбаттасып, жазатынын да тілге тиек етті.
Шығармашылық кешке арнайы келген Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, генерал — полковник, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сәт Тоқпақбаев, жазушы Сауле Мағазбекқызының оқырманға ұсынған кітаптары туралы пікірлерін айтты.
ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Әшімова Салтанат Әлиякпарқызы, бір топ қоғам қайраткерлерін ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың атынан Алғыс хатпен марапаттады.
Халықаралық Д.А. Қонаев қоры Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, Әлем жазушылар Одағының құрмет иесі, Алматы облысы Балқаш ауданының құрметті азаматы, Ішкі Істер Органының құрметті ардагері, Д.А. Қонаев атамыздың «Алатаудай Асқарлы» атты әнінің авторы сазгер, актер Жанботаев Даулетбек Құрмәнәліұлы орталық ұжымына ризашылығын білдірді.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері және Тұран университетінің оқытушылары, студенттері қатысып, сыйлыққа алған автордың кітаптарынан қолтаңба алып, Сауле Досжанға шығармашылық табыс тіледі.
Ж.КУЧУКОВА,
«Farabishakirti.kz» сайтының бас редакторы