Мектеп түлектеріне тағы да бір мүмкіндік

фото: mail.ru

Иә, әр оқушы мектептегі соңғы оқу жылына келгенде жауапты кезең —  ҰБТ сынағының тұрғанын, одан сүрінбей өту оның алдына қойған мақсатының бірі екенін біледі. Шынында,  бұл кейбір оқушыларға жай ғана тест сынағы болып саналса, кейбір оқушылар үшін  болашағына жол салатын баспалдақтың бір сатысы. Алдын ала ізденіс, қаншама уақыт сол мемлекеттік тестті ойлау, дайындалу… Тіпті кейде байқайтыным, оқушылар осы тест үшін жоғары сыныптардағы оқуын тастап, колледждерге кетіп жатады. Оның бәрі қорқыныштың себебі ғой әрине. Немесе  оған тағы бір себеп мамандық пен  пән таңдау кезіндегі шешімді қиындату. Мұндай жағдайдың шешімі өз қалауың мен қабілетіңді толық бағамдай білгенің дұрыс.

Саған қандай мамандық ұнайды? Сол мамандық бойынша пәнді игеруде шекті балды жинауда сенің қабілетің қаншалықты жетеді? Адам баласы өмірге келгенде жеке дара қабілетпен біте туады ғой. Міне осы қабілеттің саған мамандық таңдауыңда көмектесетіні анық. Бастысы таңдауыңды нақты жасап, тестке жүйелі де жоспарлы түрде дайындалсаң жеткілікті. Көп түлектер бір жыл ішінде өзіне көп міндетті жүктеп алады. Бұл адамның мақсатына тез жетуі емес, шектен тыс өз — өзіне салмақ салуы. Тест сынағы жақындағанда әбігерге түспеу үшін дайындықты ерте бастағаның өзіңе оңай. Әр түлектің мақсаты – еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орындарына түсемін деп мақсат қойып, қарқынды дайындалатын оқушылардың еңбегінің нәтижесін шынында әр жыл сайын көріп келеміз. Әр жастың арманы – мемлекеттік грант иегері атану.

Мемлекетіміз дамушы елдің қатарында болғандықтан дамыған елге айналу үшін білім саласына жыл сайын заман ағымына лайық өзгертулер  мен  міндеттерді енгізіп жатыр. Соның бірі — әрине бүгінгі мақалама арқау болған осы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы. Жыл сайын тест сұрақтардың легі ауысып келеді. Одан бөлек қатаң тыйымдар мен камералық бақылаулар бар. Әрбір түлектің ішіндегі қорқынышын оятқан тест сынағынан жақсы балл алу расында оңайлықпен келмейді. Мысалы, менде осы жылғы бітіруші түлек ретінде айтар болсам, тесттен шекті балға жету үшін сұрақтардың жауабын есте сақтау және мүдірмей жауап беру. Түлектердің білімінің саналатын сәтіне жету үшін аянбай еңбек ету керек, яғни тыңғылықты дайындалу қажет. Оқулықпен қатар көптеген онлайн курстар арқылы алған біліміңді одан әрі шыңдауға мүмкіндіктер бар.

Жастарды мамандық таңдау жолында бағдар беретін  «Серпін «бағдарламасы да бар. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне жылына қаншама грант бөлінуде. Тіпті менің осы мақаламда айтылатын және бір жайт — бәріміздің қалауымыз грант жайында еді. «Грантқа әр түлектің таласы бар. Грантқа жетсем» — деп талпынуда. Түлектердің армандары орындалсын деп тілемін! Өткен 2022 жыл — балалар жылы болып аталғандықтан, грант мәселесінде көп жеңілдіктер жасалды. Ал  осы жылға бөлінетін грант саны да шығып, түлектерді бір қуантып тастады.

Рейтингке жүгінетін болсақ, бұрын ең көп грант саны тек 50 000 ғана болатын, ал 2022 жылы   61 000 грант бөлінді. Осы жылғы грант саны тіпті 88 000 —  ға жеткен. Бұл үлкен  жаңалық. Енді өзің ойлап көрші? Грант иегері болу оңайырақ болады. Жоғарыда айтылған еңбегіңнің ақталуына мүмкіндік көп. Тек мемлекет бекіткен шекті баллды жинасаң болғаны.

Иә менің бұл пікірім, грант ҰБТ мәселесі болғандықтан айтарым,  мектеп бітіруші жас түлек ойын қалыптастырып,  өз санасын, психологиясын дайындай білгені дұрыс Мен де өз мамандығымды таңдағаннан кейін оған түсу үшін не жасау керек, қалай дайындалу керек деген сұрақтарға  бірте — бірте жауап тауып келемін. Расында ештеңе бірден болмайды. Мүмкін қиналарсың, бірақ бастысы  өзіңді жоғалтып алмай, қорқынышыңды жеңе біл!  Жүрек қалауыңды тыңдап, мамандығыңды дұрыс таңдай біл.

    Түлектерге ой сала отырып,    грант санымен қуантып, алдағы тестке сәттілік тілеймін. Мектептің қазіргі әрбір сәті біз үшін маңызды ғой шіркін! Алда екі ай  уақыттан кейін алтын ұя мектебімізді бітіріп, өмірге жаңа бір қадам жасаймыз. Әрбір түлек үшін өмірінің ең қызық әрі жауапты сәттері басталады. Сол үшін осы өткерген қиындықтар ертең ерекше естеліктердің есебінде қалады… Қазіргі әрбір қадам ертеңгі еңбегінің жемісі. Алға қойған мақсатың айқын болса, сені шынында жарқын болашақ күтіп тұр. Бастысы осыны ұмытпа!

Нұрай  САЙФУЛЛА,         

Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы,

        Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің

       11 сынып оқушысы