Мектептің жүрегіне айналсам

                                                                Қасым – Жомарт Тоқаев,

                                                      Қазақстан Республикасының Президенті

      «Ата аналар мен оқушылар алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек».

  «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ»

                                                                            атты Жолдауынан.

                                                                      1 қыркүйек, 2022 жыл

            Алдына мақсат қойып, арманға қол созған жас ұстазбын

    Мемлекет басшысы, мектеп пен отбасының, ұстаз бен ата – ана арасындағы өзара әріптестік қатынас орнатудың маңыздылығын атап айтты.

    Ұстаз бен ата – ананың ұл – қызы туралы жиі сұхбаттасуы әр шәкірттің білімінің сапалы, жан – жақтылығымен танылуына әсіресе бастауыш сыныпта аса қажет. Сыныптағы балалар бөлек – бөлек отбасында тәрбиленуде. Олар бастауышқа келгенде ұжымдық бірлікке үйретуіміз қажет. Бүлдіршіндер арасында достық, бауырмалдық, адамгершілік қасиеттерді орнықтырып алсақ, әр баланың білімге, бірін – бірі сыйлауға деген қызығушылық ниеті пайда болады. Сол себепті, ұстаздық тәжірибемде, ата – анамен хабарласып, баласының күнделікті сабақ үлгерімі туралы айтып, пікір бөлісіп отырамын. Ата – аналар да мейлінше ұл – қызының мектепке бауыр басып, әр сабаққа тыңғылықты дайындалуына көмектеседі. Ұстаз бен ата – ана арасындағы жарасымды әріптестік қатынас шәкірттің сабақты жақсы оқуына, болашақта адами әлеуетінің артуына салынған биік баспалдақтар деп білемін.

   Кең даламыздың  төсінде мектеп ашып, алғашқы қоңырау үнін естіртіп, балаларды білімге шақырған тұңғыш ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін мұғалім бірінен де қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» даналық сөзі, бала оқытуға өмірін арнаған әр ұстаздың мамандығы алдындағы айнасы іспетті. Мамандықтың  қай – қайсысын алсақта, оңайы жоқ. Әр адам таңдаған мамандығының жемісін көру үшін аянбай тер төгеді. Мамандықтар ішінде соңғы кездері ұстаз төңірегінде әртүрлі пікірлер толып кетті. Көпшілік болған ортада сынның болуы орынды, алайда сынның өзі шыннан туса дейсіз ғой. Меніше, ұстазға көңілі толмайтын адамдар өздері бір күн келіп, баламен жұмыс істесе, мұғалімнің оқушы алдындағы жауапкершілігі қаншалықты жоғары, жүгінің ауыр екенін түсінер еді деп ойлаймын.

  Көпшілік бас қосқан ортаға келе қалсаңыз, адамдар жасының ұлғайғанына қарамастан, мектептегі алғашқы ұстазын, орта және жоғары сыныпта оқытқан пән мұғалімдерінің есімдерін мақтанышпен атап жатқанының куәсіміз. «Апай ақылын айтпағанда, қандай адам болар едім?» деп ұстазына ризашылық білдірген жандарды көргенде, «Ұстаз – ұлы тұлға» деген даналықты өзіме арналғандай сезінемін. Оқушы кезімнен ұстаз болып, бала оқытуға деген ниетіморындалды. Қазір Алматы қаласы, Алатау ауданы, №182 – мектепте бастауыш сыныпты оқытудамын. Мұғалім мәртебесінің биіктеп, көпшіліктің ұстазға деген құрметі артқан шақта – бала оқыту әр ұстаз үшін шын мәртебе.

                                                          БИСБЕКБАЕВА Ақбота Алипқызы,

                                                             2 «Н» сыныбының ұстазы.