Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

2025 жылғы 14 наурыз                                                                                                                 Ақмола облысы, Бурабай

Президент Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.

– Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу; теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою; отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру; әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.

Мемлекет басшысы ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде театр өнеріне деген қызығушылық өсіп келе жатқанын алға тартып, өңірлердегі театрларды дамытуға әрі бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. Сондай-ақ Абай Құнанбайлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау, құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу, төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жандандыру міндеттерін айқындады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылық алдындағы сөзінің бір бөлігі елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналды.

Президенттің айтуынша, мемлекеттің ең басты міндеті – аймақтардың экономикалық өсіміне түрткі болатын және өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жоятын бастамаларға баса мән беру. Бұл ретте биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Президент өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларын дамыту жобаларына кеңінен тоқталып, оларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру маңызды екенін ескертті.

–«Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, жаһанда жүріп жатқан үдерістерге шолу жасап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналдырудың қамы жөнінде ой толғады.

Президенттің пікірінше, еліміз тәуелсіздіктің 40 жылдығына қандай қандай жетістікпен жететінін, оған дейін қандай тарихи міндеттердің орындалуға тиіс екенін нақты білу маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні, энергетика, агроөнеркәсіп секторын және адам капиталын Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлары ретінде атады.

Akorda.kz