Мемлекеттің қайырымдылығы адамының рухани байлығында

(Соңы. Басы журналдың  2021 жылғы№02  (24) ақпан нөмірінде)

    Қайырымдылықтың тарихта қалатын, кейінгі уақыттың құрметіне бөленетін алып бейнесі мемлекетке қол ұшын беру.  Ел, халық, ұрпақ үшін ақылды, білікті, сауатты, төзімді болу. Байлығы мен күшіне сенген мемлекет жөнінде Әл — Фараби, «…олар былай деп ұйғарған: қала біткен бір-бірімен күресіп, жауласуға тиіс, бұл қалалардың ешқандай дәрежесі жоқ, бұларда  еш бір тәртіпте жоқ және бұл жерде басқаларға қарағанда сый-құрметке немесе тағы бір артықшылыққа жалғыз өзі лайық келетін ешкім де жоқ. Олардың ұйғаруынша, әрбір өз қолындағы игіліктің бәрін емін-еркін пайдаланып, өзіне пайдалы нәрсе үшін басқаға қарсы күресуге тиіс, сөйтіп өз дұшпанының бәрін жеңіп шыққан адам — ең бақытты адам.  Осының бәрі қалада надан қалаларға тән көптеген көзқарастың тууына себепкер болады», — деп жазып кеткен [2. 180 б].

Қазақ руханиятында несібе, ырыс, адал еңбек, ар — ұят, обал, сауап деген ұғымдар бар. Бұның түпкілікті мәні  біреудің тағдырына нұқсан келтірмеуде, біреудің ырысына, несібесіне қол созбауда жатыр. Надандық әлеуметтік ортада күш алса қоғамда тұрақсыздық болады. Өткенге зер салмайтын, бірін-бірі қолдамайтын, дұрыс сөзге тоқтамайтын, Абай айтқандай бас басына би болып шыға келетіндер надандықтың көсеуін көсейтіндер. Бұны Әл — Фараби еңбегінде былай деп түсіндірген: «Мәселен, кейбіреулердің ойынша, адамдар арасында ешбір байланыс деген жоқ, табиғи байланыс та, жасанды байланыс та болмайды, сондықтан әркім басқа біреудің мүддесіне нұқсан келтіруге тиіс, әркім өзгені жат санауға тиіс, екі адам тек зәру болғанда ғана бірігіп, тек лажсыздан ғана келісімге келмек, ал осылай біріккен күнде біреуі әрқашан да жеңуші, екіншісі жеңілуші жақ болады. Егер әйтеуір бір сыртқы жағдай бұларды бірігіп, келісімге келуге итермелейтін болса, бұлар мұны қалайда зәру болғандықтан ғана, сыртқы жағдай бұларды осыған мәжібүр еткендіктен ғана істейді. Ал осы сыртқы жағдай жоғалды дегенше-ақ бұлар сөзсіз суысып кетеді де, айрылысуға тиіс болады. адамзатқа тән көзқарастардың ішіндегі хайуандық көзқарас міне осындай»[2. 180 б].

Әл — Фараби орта ғасыр мен жаңа заманның, шығыс пен батыс мәдениетінің ортасында, екі уақыттың, екі аймақтың ерекшеліктерін, ілімін зерттеп, адамзат өркениетінің болашағын тереңнен тани білген ойшыл. Адамзат баласына өскен ортасынан, жүрген жерлерінен жиған білімін, дін ілімінен үйренген ғылымын ұсынып, сол арқылы болашақта ғылымның, технологияның күшімен қалыптасқан адамзаттың жаңа өркениетіне үлгі болатын, жаһандану заманында адамның болашағына қамқор болатын қайырымдылықтың үлгісін жасап кеткен.

Әл — Фараби ілімінде өз заманының ғана емес, бүгінгі уақыттағы адамзат қоғамының да картинасы бар. Қоғамда Бірінші Тұлға, яғни жаратылыс иесі туралы дұрыс діни білімнің болуы, мен меншілдік, эгоизм, бұның барлығын ойшыл өз заманында кеңінен талдаған. Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл — Фарабидің пайымдауынша мәдениеттіліктің күші мәмілеге келу. Мемлекет пен халықтың бір бағытта бір-бірін қолдап отыруы. Мәмілеге келудің  басты белгісі түсінік, түсіну, халық мемлекетті, мемлекеттің халықтың жағдайын түсінуі.

 СӘРСЕМБИН Үмбетхан Қуандықұлы,

                               Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 

                                                       әлеуметтік – саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі,

                                                                                 философия ғылымдарының кандидаты 

                                                                                                                                      Abai.kz

 

Әдебиет:

  1. Аймауытов Ж. Бес томдықшығ. жинағы. 5-т., А.: Ғылым, 1999.-304 б.
  2. ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» — Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.
  3. Абай.Қарасөз. – Алматы, 1993 ж.