Мен таңдаған мамандық

Әр адамның жүрегінде бала кезден қалыптасқан арман болады. Біреу дәрігер болуды қалайды, біреу ұстаз болуды армандайды. Ал мен өзімді кішкентайымнан өнермен байланыстырдым. Өйткені менің табиғатымда қозғалыс, қиял, ізденіс және адамдарға әсер етуді қалау бар еді.

Мен өте белсенді бала болдым.Түрлі үйірмелерге қатысып, сахнада 6 жыл өнер көрсетіп, өзімді әртүрлі бағытта сынадым. Би, театр, сурет, ән, актерлық шеберлік пен видео түсіру, өңдеу – бәрі менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды десем де болады. Уақыт өте келе менің нағыз қызығушылығым қиялымдағы сценарийді шынайылыққа айналдыру екенін байқадым.

Мектепте мобилограф ретінде алғашқы жобаларымды түсірдім. Кейін мектептің SMM-і болып жұмыс істеп, әлеуметтік желіні жандандырып, контент жасаудың, кадр арқылы ой мен сезімді жеткізудің жауапкершілігін түсіндім. Әр түсірілім сайын, әр бейнежазбаларды өңдеген сайын, оны әдемілеп желіге салған сайын мен шығармашылықтың шексіз әлеміне сүңгідім. Кадр артындағы көрініс жүрегіме жетті. Осы сәттерді ескере,  мен өз жолымды тапқанымды сезіндім – менің мамандығым режиссер болу.

Режиссер – жай ғана бейнежазба түсіретін адам емес. Ол – ойдың суретшісі, сезімнің аудармашысы екен. Мен үшін режиссура – бұл тек мамандық емес, бұл менің болашақ тыныстайтын өмірім, ішкі әлемімнің көрінісі. Себебі мен әр оқиғаны елестетемін, әр әуеннен кадр көремін, әр сөзден жаңа фильмнің желісін сеземін.

Мен ешқашан нақты бір пәнге «бұл менікі» деп қараған емеспін. Себебі менің шынайы «пәнім» – шығармашылық. Маған өмірдің өзі – сценарий болып көрінеді. Әр кадр, әр кейіпкер арқылы адамдардың жүрегіне жол табу – менің басты мақсатым.

Өнерге деген сүйіспеншілік мені осы мамандыққа жетеледі. Режиссура – менің өзімді, сезімімді, жанымды еркін жеткізе алатын жалғыз тіл. Бір күні өз фильмдерім арқылы көрерменнің жүрегін тебірентіп, ой салып, шабыт сыйлайтыныма сенемін.

Мен таңдаған жол – қиын, бірақ шабытқа толы. Өйткені бұл жол – менің арманымның, менің болмысымның жолы.

                                                                                      АХМЕТЖАН Балнұр,

Абай ұлттық мектебінің 11- сынып  оқушысы

Жетекшісі: Төлеужанова Жансая Санатқызы

Сурет:https://weproject.media/kz