«Менің атым — Әліппе»
Оқушыларымның ертеңгілігі «Рақмет, саған Әліппе» — деп аталды.
—Менің атым – Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен,
Бауыржан да, Мәлік те, — деп Әліппенің бар білімнің бастауы екенін Мәлік Ғабдуллин атамыз өсиет етіп қалдырғанын ең алдымен мектеп табалдырығын аттап, партаға отырған бірінші сынып оқушысының қолына ұстатқанда айтамын. Бүгінгі бейбіт заман үшін қасық қаны қалғанша қан майданда жаумен арпалысқан М.Ғабдуллин — ұлағатты ұстаз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – нің филология фауультетінде дәріс берген қазақтан алғаш шыққан Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың тұңғыш КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСР-ның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, көрнекті жазушы. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің он жылдан астам ректоры қызметін абыроймен атқарған еліміздің қаһарман ұлдарының бірі екенін бүлдіршіндерге таныстырып өтемін.
Бірінші сынып оқушыларын қабылдап, олардың жандүниесіне білімнің негізін қалай бастаған күннен қазіргі білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқан жаңа технологиялар жетістіктерін пайдалана отырып, сабақ өтемін. Болашақ – бүгінгі жастардыкі, сондықтан олар бірінші сыныптан заман көшіне ілесіп отырулары қажет. Мен үшін әр сабақты түрлендіріп өткізіп, сыныптағы әр шәкірттің білімге деген құштарлығын арттырып, әр баланың қабілетін ашу басты мақсатымның бірі. Бірінші сынып оқушыларының білім деңгейін әр ата-ана олардың күнделікті тапсырманы орындауынан, сабаққа дайындалып, жауап беруінен байқайды. Оқу жылының екі тоқсанын артқа тастап, «Әліппемен» қоштастық.
Даулетқызы Адеми
«Рақмет, саған Әліппе!» ертеңгілігіне жиналған ата-ана, бастауыш сынып әдістемелік бірлестігі мұғалімдері оқушылардың Әліппеден алған білімдерін ортаға салып, өнерлерін көрсетті. Оқушыларды алда оқитын «Ана тілі» оқулығымен таныстырып, әр шәкірт сабақта өзін-өзі басқаруды үйретудегі мақсатыма жеткенім еңбегімнің еш кетпегенін дәлелдейді.
—Құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Рақмет саған, Әліппе!» атты мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын аттаған бірі отбасының тұңғышы, бірі кенжесі, ата-әжесінің сүйікті де еркесі болып жүрген ұл-қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы болған Әліппемен қоштасқылы отыр. Ендеше, кішкентай бүлдіршіндеріңіздің білім өлкесіне қарай басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Қоштасу шарасын бастамас бұрын, алдымен оқу мен жазуды үйреніп, білімге қадам жасаған бүлдіршіндерімізді ортаға шақырайық!, — деп 1 «Қ» бірінші сынып шәкірттерімді кезекпен ортаға шақырдым.
Сабақты үздік оқитын, алғанын бойға тоқитын — Жалайыр.
Білім менен өнерді сүйетін, білгенін ойға түйетін — Арай.
Спортты жаны сүйетін, тәртіпті болып жүретін — Амирхан.
Байсалды әрі ақылды, қылығы оның тартымды — Серікбол.
Әдепті әрі білімді, алып жүретін тіліңді — Ж.Сезім.
Әдемі жымиып күледі, бәрімен дос боп жүреді — Даниял.
Үздік әрі салмақты, білімді әрі жан-жақты — М.Сезім.
Білімді және салмақты, оқып жүреді сабақты — Мөлдір.
Сәл ғана жымиып күледі, әдемі болып жүреді — Расул.
Мінезі бар салмақты, ақылды да ардақты — Әдемі Даулетқызы
Үздік әрі көркем жазудың шебері, бұл қыздың қайталанбас өнері — Гүлім.
Білім нәрімен сусындайды, өте алғыр, санасы сергек — Бану.
Білімге құмар, мінезі оның салмақты, ілтипатқа толтырады жан-жақты А.Раяна.
Маған көмектесіп жүреді, өте қайырымды, тап таза оның жүрегі Диас.
Жігітке тән мінезі оның салмақты,ақылды да ардақты Дінмұхаммед.
Суретті жаны сүйеді, жай ғана күлімдеп жүреді Е.Раяна.
Сабағын оқып күн сайын, үнемі дайын жүреді, оның тәртіпті екенін бәрі бәрі біледі Амира, — әр шәкірттерімнің алғырлығын, сабақтағы белсенділігі мен зеректігіне орай бір сөзбен сипаттама бердім. Оқушыларым ата-анасы мен ұстаздар алдында бас иіп, «Рақмет саған, Әліппе!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат сұрады. Оқушыларыма алдын – ала Әліппе оқулығы туралы тақпақтар жаттатқыздым, ертеңгілікте әр оқушы оқулықтан үйренгендігі туралы айтып өтті. «Әліппе» оқулығы кейіпкері болған оқушылар екі тоқсан оқыған оқулықтан үйренгендерін ортаға салды. Ата – ана да бүгін біздер үшін қуанышты күн, өйткені 1 «Қ» сынып оқушылары тұңғыш рет сауатын ашқан «Әліппені» бітірді деп жүрекжарды қуаныштарымен бөлісті.
Қазақ әліпбиінде 42 әріп бар, оқушылар Әліппе оқулығынан әр әріптің сөйлеу мәдениетімізде алатын орнын, қолдану жолдары мен тасымал, буын туралы айтып өтті. Айтылуы мен жазылуындағы айырмашылықтарды атады. Дыбыстардың дауысты және дауыссыз, олар жуан, жіңішке болып келетінін айта келе мысалдар келтірді. Әліппені жақсы меңгерген оқушылар өз бетінше ертегі мен өлеңдерді оқи алатын және сөйлем құра алатын деңгейге жетті. 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7,8, 9 біртаңбалы сандар туралы мағлұмат алып, есеп шығара алатын болды. Қосу мен алу сандарын ауызша есептеп, жауабын айта алады. 3+5=8 — ге тең ертеңгілікте оларға есептен тапсырма беріп, жауаптарын айтқанымда, дұрыс болса қол соғып, қате болса үнсіз қалып есепке кәдімгідей жүйрік болып қалғандарын көрсетті. Мм, см, дм, масса өлшем бірліктері. Үшбұрыш, шаршы, сызық, нүкте фигуралар жайлы білетіндіктерін де көрсетті.
Бастауыш сыныпты оқытып келе жатқаныма 20 жыл болды. Бастауыш сыныпты төрт жылдан соң орта буынға жетелеп беріп отырсам да, содан кейін бірінші сыныпты қабылдап алуда қобалжитыным рас. Ұстаз болу – бастауыш па, пән мұғалімі ме жауапкершілікті талап етеді. Шәкірттерім «Әліпппемен» қоштасып, «Ана тілі» оқулығын қолдарына алып, танысты. Оқушылар ән салып, би билеп қабілеттерін, білім мен өнерге деген құштарлықтарын байқатты. Шәкірт тәрбиелеп, олардың бірінші сыныптан әрқайсысын қабілетіне қарай баптап, жеке тұлға болып қалыптасуында әр ұстаздың тәжірибесі мен біліктілігі маңызды орын алады. Ертеңгілікте мектеп директоры оқу-ісінің меңгерушісі – Тазабекова Меруерт Болатқызы, ата-ана Базарханова Шынар Дулатқызының сөйлеген сөзі мен жақсы пікірлерінен кейін осындай ой түйдім.
Алматы қаласы, №1 Қазақ педагогикалық колледжін бітіріп, білім дееңгейімді көтеру мақсатында Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде «Педагогика және бастауыш сынып әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Педагогикалық мақсатым: Оқушының ізденушілік, зерттеушілік қабілетін дамыту. Оқушылармен ынтымақтаса жұмыс жүргізу. Оқушыларды саналы тәртіп пен сапалы білім алуға тәрбиелеу, бағыттау. Педагогикалық тұжырымдамам: Үнемі жаңалыққа ұмтылып, өз әдістемелік шеберлігімді, тәжірибемді жетілдіру. Жұмыс жүйемнің негізі: ата-аналармен жұмыс, сыныптан тыс жұмыс, әдістемелік жұмыс, шығармашылық жұмыс, оқушымен жеке жұмыс, қоғамдық жұмыс. Іс-тәжірибемде бірнеше әдіс-тәсілдерді қолданамын. Атап айтқанда венн диаграммасы, түртіп алу, суретті сызбалар, дидактикалық ойындар. Бастауыш сынып апталығында математика сабағынан «Тіктөртбұрыш пен шаршының ауданын табу» тақырыбында ашық сабақ өттім. Мектепішілік 3-сыныптар арасында «Ұлттық ойындар» тақырыбында сайыс өткіздім. Өзге әріптестерімнің ашық сабақтарына қатысып тәжірибе алмасып, қарым- қатынас жасаймын. Баланың өмірлік тәжірибесі қоршаған ортасына, жанұясына және мұғалімдеріне байланысты. Қабілеттер тек іс-әрекетте анықталады. Оқушылар мектепішілік,аудандық, республикалық онлайн оқуларға қатысып жүлделі орындар алды.
Атап айтқанда, аудандық «Қазақтың дана Қадыры» байқауы, Республикалық «Бастау» Ғылыми дамыту және зерттеу орталығының «Үздік оқушы» олимпиадасына, «Ақберен » зияткерлік орталығының республикалық «Абай оқулары» онлайн мәнерлеп оқу байқауына, «Жаңа Қазақстан» орталығының республикалық «Ілияс оқулары» онлайн мәнерлеп оқу байқауына, «Педстарт» ғылыми-әдістемелік Республикалық білім беру орталығы «Ақбота -2024» зияткерлік олимпиадасына, «Мың бала» зияткерлік орталығының республикалық «Мағжан оқулары» онлайн мәнерлеп оқу байқауына қатысқан оқушыларым топ жарып, алғырлығы, білімділігімен танылды.
Алдағы уақытта да жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде атқарылар жұмыс ауқымы өте көп, ал алда тұрған міндеттер одан да көп. Сол жолда еселі еңбегімді одан әрі жалғастыра беретініме сенімім мол. Мұғалім ретіндегі жас жеткіншектің жан-жақты дамуына, оның бойында жасырын жатқан шығармашылық қабілетті ашу және белсенді әрекетке жетелеу жолындағы жұмысыммен қоса, өз мектебімнің тиімді дамуына әсер ететін белсенді көшбасшылықты да абыроймен алып жүрсем деген ұстаныммен еңбек ете бермекпін.
ИМАНГАЛИЕВА Самал Алимгазыевна,
Алматы облысы, Талғар ауданы,
І.Жансүгіров атындағы №37 орта
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі