Менің мектебім-тарихқа толы мекен
Мектеп — әрбір баланың білім алатын, болашаққа алғаш қадам басатын мекені. Тіпті бұл мекенді айдындағы бейне бір үлкен кемеге теңегім келеді. Міне, осы бір кемеде аяулы ұстаздарымызбен бірге 11 жыл уақытымызды өткіздік. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін мектептегі кездер нағыз балалық шағымыздың бастауы. Дауылпаз ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» — деп жырлағанындай, білім алып, тәрбиеленетін құтты мекеніміз. Нағыз тұлға болып қалыптасып, бар өміріміздің кезеңін мектебіміздің қабырғасында өткіземіз. Ең ыстық,ең бейқам, ең аңқау кездеріміздің бәрі-бәрі мектепте өтті ғой шіркін! Биылғы түлек ретінде менде осы өзімнің ең қызық кездерімді өткерген мектебіме алғысымды айтқым келеді.
Менің мектебім, Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданының Әл — Фараби атындағы 201 мектеп-лицейі. 1988жылы салынған мектебіме биыл 35 жыл толып отыр. Қазірде 1000 шақты оқушы білім алып, 200 — дей мұғалім дәріс береді. Соңғы 2 жылда мектебімізге ұлы ойшыл Әл-Фарабидың есімі берілді. Бұл да мақтанарлықтай үлкен жетістік. Ғылымның қыр сырын игеріп, бойындағы бар білімін оқушыларына үйреткен ұстаздардың арқасында мектебіміз білім саласында өз ауданымызда көш бастап келеді. Жыл сайын қаншама түлектерді ұядан ұшырып, болашақ үлкен өмірге қадам бастыратын ұстаздарымыздың жүрегімізде де алар орны тым бөлек. Бар білгенімен бөлісіп, еркелеген оқушыны басынан сипайтын екінші анасы да -Ұстаз. Менің де өмірімде ұстаздарымның орны ерекше. Ұстаз-ол жай ғана білім беретін жан емес, әр оқушыны түсінетін,оны рухани білімге тәрбиелейтін, сырласы, психологы. Баланың әрбір өмірдегі сатысы осы мектепте өтеді. Әрине оның балалалық шағы, өскелең кезі, жасөспірім болып жетілуі – ұстаздың жалықпайтын еңбегінің арқасы. Осындай кезеңдердің бәрін мектепте өткізгендіктен, біз үшін мектеп, ұстаздар қашанда ыстық, қашанда биік.
Ал өзіммен қаншама уақыт бірге болған сыныптастарым жайлы сөз қозғасам тіпті тауысу мүмкін емес шығар. Осы жылдары бір отбасыдай болып кеттік. Бәрімізде бір мақсат пен бір арман. Әрқайсысымыз осы жылы өз қалаған мамандығымыздың грант иегері болсақ, мектепті үлгілі сынып ретінде аяқтасақ одан артық бақыт жоқ. Осы жандармен бірге соңғы жылымызды өткізіп, қызыққа толы сәттерге қанық болғаныма қатты қуанамын. Қыста балаша қар атысып ойнауымыз, әр туған күнге,әр мейрамға бірлесе жиналуымыз, бірге сынақ тесттерін тапсыруымыз, керек кезде бір -бірімізге мотивация беріп жігерлендіруіміз арамыздығы ыстық ықыласты күшейтті. Осылай жасайық,осында жиналайық, осыны ұйымдастырайық келесі жылы бірге болмаймыз ғой, деген кейбір сөздерді естігенде шынымен іштей қимай қаласың. Өмір заңдылығы әрине, осындай. Ешкім мәңгі емес. Тек өміріңдегі керемет жандармен керемет естеліктер қалса оның өзі бір үлкен бақыт қой шіркін… Жақсы жандармен бірге болудың өзі түсіне білген адамға үлкен сый. Сол үшін жаныма жиналған жақсы жандармен толысқан әрбір сыныптасыма да алғысым шексіз. Өмірімнің әр сәтінде менімен бірге болған жандарға рахмет айта отырып, әрбіріне болашаққа жасайтын қадамдарына сәттілік тілегім келеді.
Ең қызықты деген сәттерімді өткерген,өзімді барша қырымнан ашуға көмектескен, кішкентайымнан қабілетімді шыңдаған осы мектебімді биыл кейінге қалдырып, жаңа өмірге қадам басатыныма әлі де сенгім келмейді. Кеше ғана қолымызға қалам алып,алғаш партаға отырған сәтіміз тым тез-ақ өтіп кеткендей. Іштегі қимастық сезім, қайта оралмайтын балалық шақты өткізген орта, енді бірге жүрмейтін, күнде көріспейтін сыныптастарымыз бәрі-бәрі жүрегімізден ерекше орын алған жандар, ерекше сәттер… Менің осы мектебім мен тек білім алған жер емес, нағыз тұлға болып тәрбиеленген, өмірімнің әр сәтінде бірге болған орта. Ондағы қызықтарды, ондағы қиындықтар мен қызығы мен шыжығы көп сәттерді ұмыту мүмкін емес. Қанша ер жетіп,жаңа өмірге қадам басқаныңмен дәл осы мектептегідей бейқам сәттер қайталанбайтыны сөзсіз. Сол үшін дәл қазіргі сәтті, мектептегі әр күнімді ерекше қимастық сезімге толтырып өткізудемін. Иә, әрине мүмкін бітіруші әр түлектің бойында болатын сезім шығар… Осы сезімде мектебім мен аяулы ұстаздарыма осындай алғысымды білдіргім келді. Үлкен кемеге бірге мініп, жағаға аман есен жеткеніміз үшін, осылай тұлға бола алғанымыз үшін мектеп атты ортама, екінші ұстаздарыма алғыс.
Менің ендігі алға қойған мақсаттарым тым көп. Әрі сол мақсатқа аянбай еңбек етіп, биыл грант иегері атанатыныма сенімдімін. Мен қазір осындай киелі ортада білім алғаныма мақтанамын, қуанамын. Ал келешекте мектебім мен үшін мақтанатын болады. Болашақта мықты түлектері, жетістіктері көбейсін дегім келеді. Өсе бер өркендей бер менің тарихқа толы алтын ордам!
Нұрай САЙФУЛЛА,
Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы,
Әл-Фараби атындағы
№201 мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы