Менің таңдауым ЕҰУ

Сурет:https://avatars.mds.yandex.net/
(Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті)
Әрбір жеткіншектің өмірінде ерте ме, кеш пе, күрделі таңдау жасау сәті орнайды. Сол таңдау балалық шақ пен ересек өмірді байланыстырушы көпір. Университет пен мамандық таңдау-өте маңызды қадам. Ол-жай таңдау емес, болашаққа салынған салым. Сенің тұлға ретінде қалыптасып, дүниетанымыңның кеңеюіне бастайтын үлкен теңіздің бергі жағасы. Мен үшін сол теңіздің бергі жағасы-ЕҰУ.
ЕҰУ (Еуразия Ұлттық Университеті)-Лев Гумилев атындағы Астанада орналасқан жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Оның іргетасы 1996 жылы 23 мамырда қаланып, 2023 жылы Topuniversities рейтингі бойынша әлемнің үздік 277-университеті болып саналады. Сондықтан бұл тек ЖОО емес, Қазақстанның қара шаңырағына айналған білім ордасы. Ал менің ЕҰУ таңдауыма негізгі үш себеп итермелеген еді.
Біріншіден, университеттің орналасу аймағы. «Сарыарқаның төсінде, жайнаған көркем Астана» деп әндетіп жүрген қалама түсу жүрегімнің бұрышындағы арманым. Көптеген түлек ретінде жүрек қалаған университетімнің Астанада орналасқаны жайлы алғаш есту мен үшін сынған суреттің бір бөлігін табумен теңдей болды. «Сырты бүтін, іші алтын» қалада оқу менің өмірге деген көзқарастарым, сыни ойлау қабілетім мен қоғамда өз орнымды табуыма әсер етеді деп сенемін. Бәрі де бір «Қазақстан» болса да, әр қаланың сөйлеу дағдылары, өмірлік ұстанымдары мен даму деңгейлері әмбебап. Мен үшін Астана-әрекет қаласы. Сырттай байқауымша, астаналықтар шет-шетінен тәртіпке бағынатын, атақты әрі даңқты адамдар. Зәулім ғимараттар мен әл-ауқатты адамдардың қасында жүру өзіңді де рухтандырып, мүмкіндік сыйлайды. Себебі «Адамның қандай екенін айналасына қарап таны» деп бекер айтпаған. Бұл қаланың ауа-райы да менің таңдауымда маңызды болды. Суық, желді болғанымен де, төзімділік, тәртіп, жауапкершілік тектес қасиеттерді адам бойына сіңіреді. ЕҰУ-дың Астана қаласында орналасуы менің өміріме жаңа тәжірибелер, мүмкіндіктер, елеулі өзгерістер әкелетініне сенімдімін.
Екіншіден, ЕҰУ мүмкіндіктері. Әлбетте, әрбір егінші жемісі үшін күнде тұқымын суарып, баптайтындай, мен де ЕҰУ жайлы жан-жақты ақпарат жинадым. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, студент тек сабаққа емес, шығармашылық және қоғамдық қызметтерге де араласа алады. Мысалы, университеттегі Жастар орталығы – (Молодежный центрлер) арқылы әр студент өз қызығушылығына сәйкес музыкалық, ораторлық немесе спорттық ұйымдарға қосыла алады. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп, күш-қуат жинауға көмектеседі. Сонымен қатар, факультетке байланысты топтағы өз түсі мен «жануар белгісі» сияқты символдар студенттерге жақын араласып, топтық рухты сезінуге мүмкіндік береді. Ал «практика» сөзінің өзі шабыт сыйлайды, себебі әр мамандық бойынша студенттер белгілі бір орындарға аттанады. Мысалы, журналистика факультетінің үздіктері «Казмедиа» орналасқан телеарналарда, айталық «Хабар» телеарналарына тәжірибе жинауға барады. Бұл ЕҰУ басты фишкасы-бәсекелестік. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар. ЕҰУ маңызды әрі ең үлкен ерекшелігі-халықаралық байланыстар. Студент өз қабілетін көрсетіп, білім мен белсенділікті қатар алып жүре алса, бір семестрге шетелге барып оқуға мүмкіндік алады. ЕҰУ-әр студенттің кәсіби және жеке дамуы үшін барлық жағдайды жасайды.
Үшіншіден, ортаның әсері. ЕҰУ таңдауға себеп білім мен белсенділікпен қатар, ортамның да әсері аз емес еді. Жаздың соңында «Qadaz media» орталығынан курс алуым өміріме елеулі өзгерістер енгізді. Ең негізгі нюанс-Qadaz-дың негізін салушы Аружан Амангелді ханым-ЕҰУ түлегі екен. Бұл маған үлкен шабыт беріп, үлгі тұтар тұлғамды тапқандай болдым. Сонымен қатар, курстың ЕҰУ серіктес болуы оқушыларға стажировкаға барып, ашық есік күндеріне қатысып, университет өмірін өз көзімізбен көруге мүмкіндік берді. Оған қоса, кураторлардың біршама бөлігі ЕҰУ студенттері болғандықтан, ақпарат алмасып, болашақ таңдауымның сенімді әрі салмақты екеніне көз жеткіздім.
Қорытындылай келе, университет таңдау-оңай іс емес. Бұл әрбір жас буынның мамандықтан кейін таңдайтын күрделі
шешімге келуі. Бастысы-өзіңді жайлы сезініп, мамандығыңды профессионалды түрде оқытатын, сен үшін қараңғы түнекте сәулесін шашатындай ЖОО-ны таңдау. Мен үшін ол-ЕҰУ. Білім мен ғылым, тіл мен діл, тарих пен мәдениеттің өшпестей лаулап жанып тұрған шаңырағы. Әр студентін дұрыс жолға бағыттап, ілім-біліммен нәрлендіретін ЕҰУ-нің құдіреті ерекше. Айдана КОПЖАН,
«№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының» 10 «Б» сынып оқушысы,
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы





