Мерейлі мерекеміз мәңгілік болсын!

Биыл міне, еліміз Тәуелсіздігіне 28 жыл толған мерекесін атап өтудеміз.
Елімізде өмір сүріп келе жатқан әрбір отбасы мен оның ұл-қыздары тәуелсіздігімізге қалай қол жеткізгенімізді тарихтан жақсы біледі.

Тәуелсіздік – бүгін қыр гүліндей жайқалып өсіп келе жатқан жастарымызды Мәңгілік елге апарар жолы. Тәуелсіздік – сонау ықылым заманнан бері атқа қонып, елі мен жерін жаудан қорғаған ер бабаларымыздың ерлігі. Тұмар ханымдай жанын шүберекке түйген һас батырлардың ұраны.
Біз тәрбиелеп, білім беріп келе жатқан шәкірттеріміздің әрқайсысы Тәуелсіздікке жетер жолда жанын пида етіп, туған жерді қорғап қалған бабаларымыздың рухы алдында әркез тағзым етіп, есімін жадына сақтайтыны сөзсіз.


Тәуелсіздігіміз – біздің арайлап атқан ақ таңымыз! Сәулесі күллі әлемге тарап, күлімдеген күніміз. Балаларымыздың риясыз пәк күлкісі. Білімді болуға ұмтылған оқушыларымыздың таңдаған мамандығы бойынша қалаған жоғары оқу орнының студенті атануы. Алған білімін одан әрі шыңдау үшін шет мемлкеттерде жалғастыруы.
Қазақстанда ғана емес, көптеген шетелде көк Туымыз көкке желбіреп, Елтаңбамыздың рух бергені. Әнұранымыздың әуелегені.
Тәуелсіздік – Ана тіліміз-дің қадір-қасиетінің артқаны. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-ның биік мінберінде сөйлеген сөзі арқылы Тіліміздің құрметке бөленуі. Қазақстан Тәуелсіздігінің әлемдік деңгейде танылуы.
Тәуелсіздік мерекесімен еліміз халқын, оның кішкентай бөлшегін құрайтын балалар мен жасөспірімдерді шын жүректен құттықтаймын.
Ел тыныштығы ешқашан бұзылмасын деп тілеймін. Ұл-қыздарымыздың асқақ армандары орындалып, алдына қойған мақсатына жетсін. Жұдырықтай жүрегі иманға, мейірім-шапағатқа толсын. Ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтап, ел ертеңі деген атқа лайық болып ержетсін. Жандүниесі ғибратқа, Отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерге көмкерілсін. Тұла бойы адами құндылықтар мен ізгіліктерге толы болсын!

Лайляш БАКИРОВА,
Алматы облысы, Жамбыл ауданы білім
бөлімінің басшысы