Өмірін сақтап қалған полицеймен әріптес атанды

Авторы Қымбат Абдалимова
Қостанайда полицей көмектескен қыз қазір онымен бірге жұмыс істейді, — деп хабарлайды Polisis.kz.
Кейде бір ғана кездейсоқ оқиға адамның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді. Дәл осындай жағдай Қарабалық кентінің 19 жастағы тұрғыны Карина Шаяхметованың өмірінде болды. 2024 жылдың басында Қарабалық аудандық криминалдық полиция қызметкері Амиржан Топалов көршісімен бірге газ тараған пәтерден әйел мен жасөспірімді құтқарып қалды. Туыстары пәтер тұрғындарына қоңырау шала алмай, бірдеңе болғанын сезіп, көмек сұраған. — Біз пәтерге кіре алмадық, ешкім есік ашпады, қоңырауларға да жауап болмады. Содан кейін терезені сындырып, ішке кірдік. Үйде газдың иісі қатты шығып тұрды, жарық та болмады. Бірден газды өшіріп, терезелерді аштық, – деп еске алады полицей. Кейін анықталғандай, газ плитасының тартқышы қатып қалғандықтан газ үйге тарай бастаған, ал улы көмірқышқыл газы бөлмеде жиналып қалған. Полицей мен көршісінің батыл әрекеттері қайғылы жағдайдың алдын алды. Көрсеткен ерлігі үшін Амиржан Топалов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Арада бір жылдан аса уақыт өтті. Тағдыр Топаловты Шаяхметовтер отбасымен қайта тоғыстырды – олар көрші тұрады. Қыздың анасы Кәмшат Шаяхметова полицейге шын жүректен алғыс білдірді: «Сол оқиғадан кейін өміріміз «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді. Келгеніңе қуаныштымыз. Біз сені ұмытпаймыз. Сенің арқаңда тірі қалдық. Өміріңде де, жұмысыңда да жолың болсын». Бірақ бұл оқиғаның күтпеген жалғасы бар. Сол кезде құтқарылған Карина Шаяхметова бүгінде полицияда қызметін бастаған жас маман. Колледжді аяқтап, заңгерлік білім алған соң, жастар практикасы бағдарламасы аясында сол бөлімнің көші-қон қызметіне жұмысқа орналасты-дәл сол жерде оның құтқарушысы Амиржан Топалов та қызмет етеді.
–Бұл өте қызықты және маңызды жұмыс. Ол өмірге қажетті шынайы тәжірибе береді. Сол оқиғадан кейін бұл мамандыққа деген көзқарасым өзгерді. Бір кезде маған көмектескендей, енді мен де адамдарға көмектескім келеді, – дейді Карина. Бұл оқиға бір ғана игі істің адамның өмірлік жолына қалай әсер ететінінің және жақсылықтың міндетті түрде қайтып келетініне нақты дәлел.
Ақпарат көзі: Polisia.kz сайты: