Мультфильмдер арқылы балаларға әлемді таныту: жақсы немесе жаман әсер?

Мультфильмдер – қазіргі таңда балалардың сүйікті ісіне айналды. Тіпті мультфильмді мүлдем көрмейтін балалар санаулы ғана болар. Анимациялық шығармалар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, жас жеткіншектің өмірге деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Дегенмен қазір мультфильмдердің бәрі бірдей емес, сәйкесінше әсері де бірдей болмасы анық. Кейбірі тәрбиелік мәнге ие болып, құндылықтарды бойға сіңіруге септігін тигізсе, енді бірі балаларға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Осы орайда мультфильмдердің балаларға тигізер жақсы немесе жаман әсерін талдап көрейік.
Мультфильмдер: балалар үшін жақсы әсері: Мультфильмдер баланың ой-санасының қалыптасуына көмектеседі. Ондағы кейіпкерлер, оқиғалар мен сюжеттер балаға тәлім-тәрбие жағынан үйретеді. Мысалы, «Мұзды Дәуірі» — көпшілікке танымал анимациялық мультфильм. Бұл мультфильмде жануарлардың достығы, тату-тәтті өмір сүруі, бір-біріне әрқашан демеу беруге деген ұмтылыстары балалардың бойында жақсы әсер қалыптастырады. Мұнда экологиялық мәселелерді де қозғайды. Ал бұл балалардың қоршаған ортаны сақтауына, жауапкершілігін арттыруына ықпал етеді. 2009 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, мультфильмдер балалардың жеке басын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Зерттеуге қатысқан 1000 баладан сұрау нәтижесінде, 63% балалар мультфильмдердің оларға жақсы әсер етіп, маңызды құндылықтарды үйреткенін айтқан.
Мультфильмдер: балалар үшін теріс әсері: Әрине кез келген мультфильмдерді тәрбиелік құндылықтарға толы деп айту қиын. Ондағы теріс жайттар экран артындағы балаға әсер етеді. Мысалы, зорлық-зомбылықты көрсететін, дөрекі әрекеттерді дәріптейтін мультфильмдер жасөспірімдер мен балалардың мінез — құлқына теріс ықпал етуі мүмкін. 2021 жылы әлемдік балалар арасында жүргізілген зерттеуге сәйкес, мультфильмдер мен анимацияның ішіндегі зорлық-зомбылық деңгейі күн өткен сайын жоғарылап келе жатқаны байқалды. Статистика бойынша, 3-8 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы өздері көрген мультфильмдердегі кейіпкерлердің қиянат жасау әрекеттерін қайталауға ұмтылғандығы анықталған.
Бұл мультфильмдердегі теріс іс-әрекеттер баланың тікелей психологиясына кері әсерін береді. Америкалық психолог Джулия Вулф пен Линда Лейберманның жүргізген зерттеуі бойынша, балалар күн өткен сайын мультфильмдерді орта есеппен 2-3 сағат көреді екен. Бұл уақыттың жартысынан көбі зорлық-зомбылықты насихаттайтын мультфильмге жұмсалады. Ал балалардың мультфильмдерді көру ұзақтығы бойынша , «American Academy of Pediatrics» зерттеуіне сәйкес, балалар үшін мультфильмдердің көру уақыты тәулігіне екі сағаттан аспауы керек. Себебі көптеген балаларда мультфильмдерді көру ұзақтығына байланысты сөйлеу жүйесі артта қалып қойып жатады. Сонымен қатар ұзақ уақыт теледидар алдында отыру көз жанарына, ұйқының бұзылуына алып келеді.
Мультфильмдер – балалардың дүниетанымын қалыптастыруда маңызды құрал болып табылады. Олар балаларға жақсы құндылықтарды үйретіп, әлемді тануға көмектеседі. Әлемде көптеген мультфильмдер бар, бірақ олардың барлығы бірдей балаларға жағымды әсер қалдыратынына кепілдік бермейді. Жақсы әсер қалдыру үшін мультфильмдер баланың ақыл-ойын, бойындағы құндылықтарын дамытуға негізделуі тиіс. Ал теріс әсерді болдырмау үшін, балаларға арналған мультфильмдердің мазмұнына ерекше назар аударылып, оларды балаға ұсынбас бұрын жан-жақты зерттеп, тексерген жөн.
САҒЫНДЫҚ Аяжан,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «№8 Өтеген батыр» атындағы орта
мектебінің 11 сынып оқушысы
Жетекшісі: КАСЕНОВА Айгул Жантугеловна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Сурет:https://www.kid.re