Музыкамен сөйлеген тағдыр

Darkhan Juzz (шын есімі Дархан Жүнісбеков) 1991 жылы 9 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол жасөспірім шағынан, шамамен 16–17 жасынан бастап, өзін шығармашылықтың әр қырынан байқап көре бастайды. Өсіп-жетілген ортасы Ақсай ықшам ауданы оның дүниетанымына ерекше әсер еткен. Дархан бұл ауданның басқа аудандардан айырмашылығын, тұрғындардың материалдық жағдайын, күнделікті тұрмыс-тіршілігін және кейбір жағымсыз әдеттерін байқап, ішкі сезімін алғашында жеке күнделігіне ой ретінде, сондай-ақ сурет салу арқылы жеткізгісі келген. Алайда уақыт өте келе, ішкі жан дүниесін толық жеткізе алатын жалғыз құрал музыка екенін түсінеді. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер еді. Оның жұмысы классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктірді.
Әншінің айтуынша, ол 9-сыныпты тәмамдаған соң дизайнер мамандығы бойынша колледжге оқуға түскен. Алайда бір жарым жылдан кейін оқудан шығып кеткен. Музыкалық білімі, нота тануы болмаса да, деген шынайы сүйіспеншілігін әрдайым атап өткен. Оның шығармашылығында гитараның орны ерекше. Алғаш рет 8-сыныпта оқып жүрген кезінде әпкесі Назым туған күніне гитара сыйлаған. Сол күні досының көмегімен сүйікті кумиры Виктор Цойдың әндерін үйренеді.
Darkhan Juzz алғаш рет 2011 жылы 22 наурызда Арбатта өткен шағын концертте өнер көрсетеді. Талантты әртіс бола тұра, ол көпшіліктің назарынан және камерадан қорқатынын жасырмаған. Соған қарамастан, сол күні өзін ерекше сезініп, сахнаға толықтай берілгенін айтқан. Осы жолда мектептегі жетекшісінің рөлін ерекше бағалаған. Сабаққа аса көңіл бөлмесе де, ұстазының айтқан сөздері кейін өмір жолында қажет болғанын атап өткен.
Өкінішке орай, 2023 жылдың 24 ақпанында Дархан Жүнісбеков Тайландтың Пхукет аралында жалға алған мопедімен жол апатына түсіп, өмірден өтті. Жақындарының айтуынша, бұл сапар бастапқы жоспарында болмаған. Достары сол кезеңде оның шығармашылық дағдарыс күйінде жүргенін жеткізген. Биыл Darkhan Juzz-дің дүниеден өткеніне үш жыл толып отыр.
Қысқа ғұмырында ол жиырмаға жуық альбом жазып қалдырды. Солардың ішіндегі ең танымалы әрі әлі күнге дейін тыңдарманы көп «TBRN» альбомы. Сонымен қатар Sheker, Uide, Erikpe секілді әндері өнер сүйер қауым арасында кеңінен танылды. Darkhan Juzz өнерге адал болып, жан-тәнімен жазған шығармаларымен тыңдарман жүрегінде мәңгілікке қалды.
САЙРАНБЕК Мөлдір,
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 11-сынып оқушысы.
Курс жетекшісі: Құдайберген Саяжан, Журналист
Сурет:https://www.ult.kz/





