Мың баланың асыл атасы

Жетім мен жесірді, қам көңіл жандарды демеген, көңілінде кісіге деген еш кір болмаған адамды кім дейміз? Тұлға дейміз! Сөзден гөрі іске басымдық берген жанды ше? Абыройлы азамат дейміз. Атақты ғалым, абзал азамат Әбдімұса Мұратұлы — тағдырдың ауыртпалығын арқалаған талайдың маңдайынан сыйпаған адам. Қолдап, қуаттауды өзіне парыз санап, жақсылығын жұртқа жария қылудан қашқақтап өткен жанды менің таныстығым 2011 жылдың көктемін де басталған еді. Бастамаларының бәрі — адамдық пен терең парасатқа негізделетін жан жиі ерекше қажеттілігі бар жастардың білім алу жайына бас қатыратын.

Сол мақсатта жиі Түркістан облысының ерекше қажеттілігі бар оқушыларының басын қосатын. Сондай бір жиында дара тұлғаман танысу бақыты бұйырды. Мейірбандылық — кеуденің мәңгі күміс қоңырау соғуы. Мейірбандылық — жоққа болысу, барды халықпен бөлісе білу. Бұл — Әбдімұса Мұратұлының болмысы еді. 1942 жылы 4 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында дүние есігін ашқан ол, өмірге хәм білімге жаны Шоқан сияқты мәңгі ғашық болып өткен жан. Ғылым адамы болу — бір ғұмыр ізденіс жолында жүру, танымыңды сәт санап кеңейте білу, білімді толассыз жия беру. Бұл жолда сын мен сый қатар кездеседі. 1960 жылы Ташкент мемлекеттік университетін, 1968 жылы Қазақстан ҒА-ның Химия ғылымдары институтының аспирантурасын аяқтаған.

Саналы ғұмырын білім-ғылымды дамытуды мақсат тұтқан жанның өмір жолы — бір аңызға бергісіз естеліктерге толы. Химия ғылымының докторы үнемі ізденді. Ізденістегі адамдарды өте жақсы көрді. Демеу үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ізгі жүректі жанның П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанғанда күллі алаш баласы ерекше қуанды. Сол кездесуде ғалым:

—Менің бақытым — жақсылық жасай алатын білімімнің болуы. Адамзатты игілікке бастайтын білім болса, сол игілікті сақтайтын күш — достық. Сол мақсатта 1999 жылы Халықтар достығы университетінің ірге тасын қаладық. Достықтың арқасында адамзат жер бетінде. Осыны өскелең ұрпаққа ұқтыру жолында еңбектенудеміз. Тағдырды адам өзгерте алады. Білім алса, жақсы тәрбие көрсе — тағдырының тауқыметін жеңілдетеді. Рухы оянады. Жастарды барынша оқыту керек! Жастар құр жүрмесе, кітап оқыса — ойлана бастайды. Ойлана білетін жастардың жолында еш кедергі қалмайды. Білім алу көп қайрат- күшті талап етеді. Шыдауға тырысқан адамның ғана болашағы бар. Болашақ — оқу мен білімнің арқасында жарқырайды, нұрланады. Адалдықтарың мен адамдықтарың тең болып, өздерің білімге ден қойсаңдар болды. Сендер — білім теңізінде ұзақ сапарлайсыңдар! Осыны ұмытпаңдар, балаларым — деп ағынан ақтарыла өз ойын жеткізгені кеше еді.

Әбдімұса Қуатбеков сонымен қатар Жоғары ғылым академиясының академигі, Өзбекстан, Ресей, Нью-Йорк ғылым академиясының академигі, ҚР Жаратылыстану және Ресей педагогика және психология ғылымдары академияларының академигі. Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» және «А.Нобель» алтын медалінің, ОҚО сіңірген еңбегі үшін мерекелік медалінің иегері, Халықаралық Сократ комитеті Еуропалық бизнес ассамблеясының «The Name is Scinece» жүлдесінің иегері ретінде тарих бетінде есімін ойып жаза білді. Ізгілікке бастады. Ғажапқа сендіре білді. Қамқорлығын аямады. Жақсылықты есеппен емес, шынайы жүректің қалауымен жасады. Өзі басшылық еткен жоғарғы оқу орнында жастарға тегін білім алуға мүмкіндік жасағанынан бөлек, бірнеше жасты Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ — түрік университеті және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, Жамбыл облысындағы М. Дулати атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсуіне жәрдем еткеніне сол жылы куә болған едік.

Қазір сол жандар әр салада жемісті еңбек етіп жүргені анық. Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай:»Даналардың ісінен өнеге алдың ба? Жүрегіңнің түбіне тоқыдың ба? Онда соны көпке жеткіз» деген. Өмірімдегі Әбдімұса Мұратұлымен кездескен шағым — рухымның оянған шағы. Арада он төрт жыл өтсе де маған сондай жылы естелік әлі жүрегімді жылытады. Өнегесі санамда сайрап қоя береді. Мен — Қуатбеков шәкіртімін! Сол оқу орнында кездесуден 6 жыл өткеннен кейін студент болдым. Өз дертімнің жайын тереңнен ұғып, өзімді тану үшін «дефектология» мамандығын бойынша білім алдым. 2018 жылдың қазан айында көңілі баладай аңғал, мың баланың атасы Әбдімұса Мұратұлы бақилық болды.

2019 жылы университет — Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті деген атқа ие болды. Жаны жомарт ғалымның жарқын ісін жары — Карамат Қуатбекова мен перзенттері жалғап келеді. «Абыройдың биігіндегі адам — келешектен еш ұялмайтын адам» деген пікірді жиі айтып өткен жанның сара жолы — білімді ұрпақ. Биылғы жылы әлем ғалымы қазығын қаққан оқу ордасына 25 жыл толады. Бүгінде оқу ордасы дамудың даңғыл жолында.Отыз төрт бакалавр, он төрт магистратура, үш доктурантура мамандықтары бойынша білікті кадрлар дайындау үстінде. Оқу ордасындағы әрбір жас студент — абырой биігінен түспеуді мақсат тұтады. Бұл алыптың ізін жалғау.

Өн бойында ізгіліктің жарық шамы жарқырап жанып тұрған, жастардың жарқын болашағын көксеген, кітап оқуды барынша насихаттаған ғалымның жаны жұмақ төрінде шалқысын. Қазығын қаққан оқу ордасы – руханият пен білімнің алтын ордасына айнала бергей!

                                                                                                     ТОПАНБАЙ  Мейірхан,

                                                                              Республикалық «Шапағат» шығармашыл

                                                                                      Жастар байқауының бас жүлде иегері.

                                                                                                                            Түркістан облысы