Ұмытылмас есімдер
Марлен Әлібек Қанатұлы
«Алмат атындағы спарткаиада»
Биыл ҮІІ – рет ұйымдастырылып, ауданаралық, облыстың жарыстарда чемпион атанған командалар мини — футболдан жарыс өткізді.
Қазақ спортын дамытуға жан аямай үлес қосқан, ауыл жастарының спорттың қалаған түрімен айналысуына мүмкіндік беріп, додалы жарыстарға қатысуына жол аша білген Алмат Қадыржанұлының есімі ұмытылмақ емес. Талғар ауданының Рысқұл ауылында дүниеге келген. Алаш қайраткері Тұрар Рысқұлов атындағы мектептің түлегі, жоғары білімді Алмат, көзі тірісінде бокс, футболға деген ынтасы бар жастардың басын құрап, жаттығуына жанашыр болды. Олардың тұрақты жаттығуына көңіл бөліп, аудандық, ауданаралық, облыс көлемінде жарыстарға қатысуына көмектесті. Ауыл балаларының босбелбеу болып жүрмеуі үшін спортпен шынықсын деп тыным таппай жүргенде, өз денсаулығының сыр беріп жүргеніне де назар аударуға уақыт таба алмай қалды ма, А.Ахметов 34 жасында мезгілсіз, жүрек талмасынан көз жұмды.
Алматтың қолдауына ие болған кешегі інілері, бүгін ер – азамат болып, «Алмат ағаның спорттағы есімін өшірмей, балалар мен жасөспірімдерге өнеге етеміз!» деген байлам жасап, уәделерінен айныған емес. Осындай азаматтар жарыстың өтуіне өздері қолдау көрсетуде. Және басқа ауыл жастары да осынау игі бастаманы қолдап, алдағы жылдары да жалғастырмақ. Жастардың өнегелі істері жалғасын тапсын!
Марлен Әлібек Қанатұлы – спартакиаданы ұйымдастырушысы, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ қызметкері:
—Алмат ағаның жастар үшін істеген игілікті істері өте көп. Есімін жадымыздан өшірмей, өнегесін жастарға тарату ниетімен спорт сүйер жігіттердің басын құрап, жарыс өткізудеміз. «Алмат аға атындағы еске алу спарктакиадасына» қатысуға шақырғанымызда, қарсылық танытқан жас болмады. Қайта ынталы екенін жылда байқаймыз. Өткен жылы 6 командамен ойын өткізсек, биыл олар 8 — ге жетті. Аға бізді (ауыл балаларын) қолымыздан жетектеп жүріп спортқа қосты. Дайындалуымызға көмектесті. Арнайы киімдер алып берді. Мықты деген командалармен иық тіресе алатын дәрежеге жеткізді. Жарыстардың тізіміне кіруімізге көмектесті. Додаға кешікпей баруымызды қамтамасыз етіп, өз көлігімен тасыды. Ағамыздың жарқын бейнесі көз алдымызда, есімі ардақтала береді. Арамызда жүрсе, бұдан да көп жақсылықтар жасар еді…
Талғар қаласының «Жастар» стадионына келген адамдар арасында оның туыстары, достары мен жанкүйерлері бар. Алмат Қадыржанұлы өзі де спортпен айналысқан. Әлемдік спорттың жанкүйері, соның ішінде, бокс пен футбол жайлы білмейтіні аз деуге болады. Алмат жайлы естелік айтқандар қатарында өз командасын бастап келіп, жастармен бір алаңда бәсекеге түскен.
Мұрат Жұмағұловтың да естелігі аз болмады.
—Алмат інімізбен спорт алаңында таныстық. «Қолымнан келмейді. Бұл менің ісім емес» дегенін бірге араласқан жылдары естімедім. Жастардың басын біріктіріп, жылда өтіп жатқан спартакиаданың маңыздылығын айтқанда, бауырымыздың өжеттілігін, қайсарлылығын, еңбекқорлылығын, білімділігі мен адам таңдамайтын қасиеттерін өнеге етеміз, — деп марқұмның ата – анасына алғыс айтты.
Футбол алаңында орта жастан асқан азаматтың жастарға жөн сілтеп жүргенін көрдік. Ақсақалдардың бірі ме десек, команда ойын бастар сәтте қақпаға келіп тұрғаны. Қарсыластарының добын бірде – бір рет қақпаға түсірмеген Исмаилов Алимжан Исраилұлы, жарыс нәтижесінде «Үздік қақпашы» аталымына ие болды. Жастар арасында осындай ардақты ағалардың болғаны олардың тәртіпті сақтауына, қызбалыққа салынбауына, өзара сөзге келіп қалмауына – дәнекер жандар дер едік.
Алмат Қадыржанұлының ата – апалары Әшімов Жақсылық, Рауанова Несіпхан, Аққұлақов Төрехан, Сарсенбаева Ілімхан, Ахметов Беркінмен зайыбы Гүлмира да жақсы іске жанашыр бола білді. Жасы жетпістен асса да игі іске бата беріп, тілегін арнайын деп келген Байболат Құрманбаев, ұлы Асхат Ахметовпен келген Доденова Тұрсынхан апаның да айтқан естелігі көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Мемлекеттік Әнұран шырқалып, спартакиадаға қатысқан командалардың футболшылары марапатталды.
Жарысқа Алматы облысының Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданы, Алатау ауылдық округінің үздік командалары қатысты.
Жарыс аяқталған соң, марқұмның атына құран – дұға бағышталып, ас берілді.
Ж.Кучукова,
*Суреттерді түсірген: автор