(ертегі)

—Әже, бізге ұстазымыз Наурыз туралы ертегі жинап келіңдер. Сол ертегі негізінде Наурыз мерекесіне арнап сахналық көрініс дайындаймыз. Және ең керемет ертегіні ғана таңдап аламыз деді,- деп  Айшуақ есіктен кіре.

Мәселенің мән-жайын түсінген әжесі Наурыз туралы мықты ертегіні ойлай бастайды.

—Айшуақ, күнім! Сабағыңды дайындап біткен соң, мен саған апайың айтқан керемет ертегіні айтып беремін.

***

Ерте, ертеде атағы жер жарған бай болыпты. Бай өте әділ, ауылдағы халыққа қол ұшын беруден жалықпапты. Кең жазира дала төсінде өмір сүрген көпшілік өте тату, қайырымды екен. Сүттей ұйыған ауылдың шырқын аяқ астынан көтерілетін жел бұзыпты. Желдің соңы дауыл болып, қырда жайылған отар-отар мал түгілі, адамдармен қоса қатар-қатар тігілген киіз үйлер де дауылмен бірге жоғалып кетіпті. Бұл, әсіресе көктем мен күзде тұратын қатты дауылдан ел қайда көшерін білмей дал болыпты. Ақылды бай қалайда халқы мен малын сақтап қалудың жолын іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, шашы ағарып, ақ қырауға айналыпты. Содан бір шешімге келіп, ақсақалдарды жинап тоқетерін айтқан екен. Оның жарлығы сахара даланың адамдарына түгіл жетіпті.

Бай:

—Әлемнің ең «Мен!» — «Мен!» — деген көріпкелдері, бақсы — балгерлері мына дауылдың шығу себебін тауып, оны тоқтатудың жолын айтса, мол байлықтан қалауынша бөліп беремін,-деп жар салғызады.

Қаншама мықтылар жиналғанымен жан-жануарды жалмаған дауылдың себебін таба алмапты. Енді тездетпесе, күз келіп, тағы да жұт болатыны байдың қабырғасына қатты батады. Сұрастыра келе күннің батар тұсындағы ауылда бір көріпкел кейуана бар дегенді естиді. Мұны естіген бай керуен құрып, атаныпты. Қарт анаға бай сәлем бере бар мұңын шағыпты.

—Саққұлақ, көл тауысар мен желаяқты жұмсадым. Небір көріпкелдер таба алмаған зұлматтың түбіне Сіз ғана балта шаба аласыз,-деп аяғына жығылғанда, қабағы қатуланып  отырған кейуана жүзін жылыта сөйлепті.

—Балам, ол дауыл емес, таудың басында жатқан басында алтын тәжі бар соқыр айдаһар. Қарны ашып, күрілдей аузын ашқанда, демімен бірге шыққан леп.

—Со-қыр…-депті келгендер бір-біріне қарап.

—Иә, соқыр. Айдаһар кезінде алып батыр болған. Оның атын естігенде басқа елдің батырларының тізесі дірілдеп, демі ішіне түсіп кеткен еді. Оған қарсы келетін бірде — бір батыр болмапты жаһанда. Адамнан айла асқанба? Жаулары сиқырланған қымызды алдына қояды. «Батыр аңғал болады», — деп бекер айтпаған. Сиқырланған  күшімен ұйықтатып, жеңеміз деп арам ойлайлы. Әйтседе,  қасына жолай алмайды. Ұйықтап қалғанын аңдыған жау садақ тартқанда, жебе кезек-кезек келіп, екі көзін ағызып жібереді. Кімде-кім алтын тәжді басынан қағып түсірсе, айдаһардың жаны жай табады. Олай болмаса, сенің ауылың түгілі, тіршілік иесін қалдырмайды,-депті.

Ауылға келе бай адамдарға мән-жайды түсіндіріп:

—Уа, халайық, қай ер жігіт мен айтқан айдаһардың жанына барып, алтын тәжін шешіп алса, жар дегендегі жалғыз қызым  Наурызгүлді тұрмысқа беремін, — дейді амалы таусылған бай. — Ауылда мал-жан санын азайтып, халқына қауіп төндірген алапат дүлейден құтқаратын адам болса, ел болып қаламыз.

—Қызым, сол дүлей дауылды тоқтатуға сенің ғана шамаң келеді, — деп анасы әкесінің өтінішін айтады.

«Ересек адамдар түгілі қаншама сәбидің дауылмен бірге жоғалып кетіп жатқаны бай қызының да қабырғасына батыпты. Қайтсем, дауылды тоқтатып, мүлде болдыртпауға болады?  Алыстағы шет мемлекеттерде мұндай апаттың алдын алатын ғажайып күші бар дейді. Жыраққа сапар шегіп, сол күшті біздің ауылға алып келсем ғой. Әттең! Айшылық алысқа барғанша, дауыл бізді орап алып кетіп, жеткізбейді – ау» — деп байдығ қызы да небір қиялдың жетегінде кетіп, ұйықтап кетеді екен.

Әкесі бір ауылды асырап отырғандықтан, жолаушылап, үлкен қалаларға да баратыны бар. Барса, құр келмейді, қаланың бір жаңалығын біліп келіп, пайдалануға тырысады. Қолынан іс келетін адамдарды өзі сол қалаға алып келіп, үйретіп, ауыл адамдарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасай алған адам, дауылды тоқтатын шара таппайды.

Анасының сөзін естіген қыз:

—Егер, дауыл туғызатын айдаһардың басындағы алтын тәжін шешіп алып, ауылға тыныштық орнататын азамат болса, халқым үшін жаным садақа, — дегенде анасы терең демалды. Қызының батылдығына сүйсінді. әйтседе , іші – бауыры езіліп, ол қандай жігіт болады? Ертеңгі өмірі не болмақ? деген сұрақтарға жауап таппай, қинала берді. —Халқымның амандығы үшін бізді айдаһардан құтқарған адамға тұрмысқа шығайын. Ел болып, тыныш өмір сүрейік, — дегенде, анасы қызының жанкештілік мінезіне риза болып жылап жібереді.

Түн жарымында: «Байеке, байеке!» деген дауыс жер жарды.  Бай түгілі түн ұйқысынан шошынған адамдар оттықты қолдарына ала балаларын құшақтап далаға атып шықты. Бай да киіз үйінің есігін жаймен ашып, далаға шықты.

—Байеке… Бұл сөзін дұрыстағанша таң ататын болды. Балалар ұйқысырап жылап, малдар үрки бастады. Мал қорыған иттердің дауысы да көбейе түсті. Ентіген баса ламай тұрған арбакештің бетіне әкеліп, байдың әйелі мұздай суды шашып жіберді. Сонда барып есін жиған арбакеш естіген жаңалығын айта бастапты. Арбакеш адамдарды, шаһарға, көрші ауылдарға, кейде шекара асып, апталап жүріп келетіні бар. Оған рұқсатты да алып берген бай. Ауыл адамдары ауыл мен қала адамдарымен, оның тыныс — тіршілігімен араласуы керек. Шекара асатын себебі, ағайын – туыс жат болмасын, әсіресе олардың бала-шағасы жат бауырға айналмауы қажет деген ниеті.

—Әже, сонда ана адам не айтыпты?

—Қазіргінің баласы бәрін біліп алған. Менің ертегімнің желісін біліп алдыңдар ма?- деп немерелеріне күле қарап еді, олар әжесіне бас бармағын көрсетіп, «Керемет!», — деді.

—Қане, айтыңдаршы? Менің ертегімді тыңдамасаңдар, керемет болып жүре алмайсыңдар. Бұл ертегіні мен ғана емес, менің анам, анамның анасы – сендердің үлкен әжелерің де тыңдап, бізге айтып берген, — деп ашулы жүзбен немерелеріне қарады. Олар жымиып, әжесін алдап қойды.

—Иә, сонымен жаңағы адам дауыл туғызатын дүлейді аэропланмен бақылап, ұйықтататын дәрі себу арқылы сілесін қатырып, тәжін шеше алатынын айтыпты. Шарасыздықтан бір жолаушымен жағдайды айтқандағы ұсынысын айтқаны ғой. Ерте заманда аэроплан туралы естігенімізбен, оны кім көріпті? Біреулер құс сияқты депті, біреу зымыран шығар депті. Бұл ешкімнің қолынан келмейтінін білген жұрт жылы ұяларына қайта кіріп, Тәңірден түн тыныштығын тілеп, көз іліпті.

Байдың күйеубаласы болудан жігіттердің арманы болғанымен, айдаһардың жанына бару түгіл атын естуге жүректері дауаламай, дымы өшеді. Бір ет асып уақыттан соң, суырылып алға шыққан ешкім болмайды. Қайраң болмаған соң  сол ауылдың адамдары сіңірі шыққан  кедей деп, оған жиіркене қарайтын бозбала:

—Байеке, мен барамын. Сізге күйеубала болуды армандап емес, айдаһардан халқымды құтқару үшін жанпида, — дейді.

Қарақұрым жиналғандардың демі ішіне түсіп, байды бағамдайды. Қариялардың батасын алған Жаужүрек тауға жалғыз жүріп кетеді. Жігіттің батылдығына секем келтірген біреу: «Тәжі ғана емес, басын алып кел», — деп артынан айқайлайды. Енді бірі: «Қап, обал болатын болды», — деп жаны ашыпты.

Көпшіліктің неде болса, осы кедейдің баласы барғаны дұрыс деп жауапкершіліктен қашқан адамдар оның жанына адам қосу қажеттігін айтпайды. Бай не дерін білмей, кедейді шақыртады. Бір қолымен аю алатындай палуан да, жау жағадан алғанда, оларды ойсырата қуып, соғыс бастап шыққан жеріне дейін жеткізе білген жаужүрек батыр да неге үндемей отыр деген байды мына қаршадай баланың елі үшін, туған жері үшін өмірін шүберекке түйген қайсарлылығы сүйсінтеді.

—Адамдар да қызық қой! Өмір бойы адал еңбек етіп, егін басында, мал соңында жүріп, одан қалса есік алдында бау – бақшасымен айналысатын адам тойға баратындай сәнді киім кимейді ғой. Үстінен жұмыс киімі түспейтін шаруа адамының есейген балалары да ата-анасына қолғабыс етіп жүргендіктен, киімі жұпыны болып көрінеді. Ал, кедейлерден де тамаша тұлғалар шығатынын да ұмытпайық. Адамның жеке басының намысына тиюге, киімін және жеген асын сөз етуге болмайды, — деп әже немерелеріне түсііндіріп қойды.

Шаруа басынан келген кедей жұмыс киімімен келгеніне ыңғайсызданып, шақыртуымен келгенін есікті сәл ашып айтады. Бай батыл бала тәрбиелеген кедейдің даланың топырағы төгіліп, күннің иісі сіңген киімімен өзі жетектеп келіп, өзімен қатар отырғызады.

—Баланың бізге қандай шешімін айтқанын білесің бе? Ертең бір жағдайға ұшыраса, бәріміз жабылып құтқара алмаймыз – ау…

—Байеке, маған құрмет көреткен сізге алғысым шексіз! Менің балаларым қолы босай қалса, кітап оқиды. Онда мыңдаған ақыл – кеңестер жазылған.

—А-аа. Кітаптарды қайдан аласың? Ым-м…

—Сол кітаптардың бірінде айдаһар оттан қорқатыны, түтінге шашалатыны, тұзаққа түсіруге болатынын жазған екен. Мұны оқыған балам, тәжірибе жасап көрді. Тұзақты үзілмейтін ерекше кепкен ішектен тартып, қылдай етіп естік. Нартәуекел!

—Мынаның сөзін қарашы! Баласы айдаһардың тәжін шешпек түгілі, аузына кіріп кететінін ойламайды екен –ау. Байдың қызына үйленіп, ертең бүкіл байлығы маған қалады деп отыр ғой.

—Баймен құда болуы үшін кедей әдейі ұлын жіберіп отыр. Небір адамдар дауалай алмай тұрғанда, мына шынашақтай баланың әлі қайдан келсін, әкесі қияли болып кеткен сияқты,- деп адамдар ертең дауыл тұрса, қайда қонарын білмей қалатынымен шаруасы жоқ  деп гу-гу әңгіме айтыпты.

Бай кедейдің айтқандарына сенерін, сенбесін білмей іштей өзіне — өзі сұрақ қоя беріпті.

—Апырай –а! Бұл кітап деп қояды, оны қайдан алған? Менің ауылыма кітап қайдан келіп жүр…

—Әже, бала айдаһардың тәжін қалай алыпты?

—Саймандарын арқалап, жолға шыққан балаға бір адам ермепті. Ұзақ жолды артқа тастап, демалайын деп отырғаны сол еді, қасына күшігі келіп отыра қалғаны!

—Ит те болсаң досымсың, айдаһарға үріп оятып жіберме, — деп басынан сипап қояды бала. Күшік те оны айтқанын түсінгендей, құлағын жан-жағына түріп отыра қалады.

Апта, он күннің ішінде Жаужүрек алтын тәжін әкеліп, байға ұсынады. Бай уәдесінде тұрады. Наурызгүл мен Жаужүрек шаңырақ көтереді. Осыдан кейін елде тыныштық орнап, халық саны көбейе түсіп, бақытты ғұмыр кешіпті.

—Баланың қандай айламен айдаһардың басындағы алтын тәжін шешіп алғанын жан баласы ұға алмапты. Ал, айдаһардың қалған өмірінің қалай болғаны да жұмбақ күйінде қалған. Содан қайта дауыл да тынышталыпты. Адамдар бойынан үрей кетіп, емін-еркін жүріпті. Халқын әлемдегі мықты деген жандар емес, сол ауылда туып-өскен, адамдар кедей санаған адамның баласы ақылдылығымен, білімінің  күшімен, айласын оң ойлап таба білген қабілетімен жеңіпті, — деп әже ертегісін аяқтапты.

 

                                                                    Ж.Кучукова,

                                                                       журналист

Сурет: bainews.kz сайтынан алынды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *