Неге ұрса бересіздер? Оқушы күнделігі

Қалай бастасам екен? Бір күнімнің қалай өткенін айтсам ба екен? Немесе, тәулік бойы көрген-білгенімді баяндасам ба? Жиырма төрт сағатта басымнан өткенімді әңгімелейін.
Менің бір түсінбейтінім, үйде әкем де, анам да, мектепте мұғалім де, көшедегі адамдар да, автобустағы жолаушылар да балаларға ұрысқанды жақсы көреді. Жаймен айту жоқ. Өздерінің балалық шағын ұмытып кеткендей. Үлкендердің әңгімесін тыңдап отырсаң: «Біз бала кезімізде мынандай едік, біз сондай болатынбыз. Аз ұйықтайтынбыз. Жазғы демалыста жұмыс істеп, ақша тауып, мектептің қажетін өзіміз өтейтінбіз…». Ұйып тыңдайсың. Ертегі тәрізді. Ата — аналарымыздың заманы болса, қай бала қарап тұрады? Әдебиет пәнінің мұғалімі айтқандай, білек сыбанып кірісер едік.
Әлқисса, биыл тоғызыншы сыныпты бітіремін. Үлкендер: «11-сыныпты бітірсең, аяқ астынан ҰБТ-дан өте алмай қалуың мүмкін. 9-дан кейін колледжге бар» деп дайындап жатыр. Мен әлі мамандық таңдаған жоқпын. Ата-анам айтқан мамандық маған тіпті де ұнамайды.
—Еш нәрсе жоқ, колледжді бітірсең, ары қарай кез келген ЖОО-ға түсіп кетесің. —Қаламаған оқуды қалай оқимын, онымен ешкімнің шаруасы жоқ.
Таңертең сағат 6-дан кете анам қасыма келіп, оята бастайды. Одан асүйге шығып кетеді. Сол аралықта мен тұра алмаймын. Содан анамның айқайы басталады. Мені тұрғыза алмай әлек. Менен кейін екі інім бар. Олар да оқушы.
—Тұр, балам, елдің баласы мектепке жетті. Сен әлі жатырсың. Кешіктің ғой. Ұят-ай, саған қараған інілерің сенен қандай үлгі алады?
—Балам, тұр, шайың суып қалды.
Мен езіліп жата беремін.
—Балам, әкең далада күтіп тұрғалы қашан? Інілерің сабақтан қалды. Екеуіміз де жұмыстан кешігетін болдық. Амалы таусылған анам төсегіме келіп, қолымнан тартып көтергендей болып, әрең тұрғызады… Бұл уақытта екі бауырым киініп алып, маған күліп тұрады. Оларға көрпенің астынан жұдырығымды көрсетіп қоямын. Олар одан сайын күледі.
«Бисміллә»- деп мектептің табалдырығын аттамай жатып, кезекші тұрады. Галстугың қайда? Аяқ киіміңді сүрт, бас киіміңді шеш. Мұнтаздай болып келемін. Соның өзінде кемшілігіңді табады.
Сыныпқа кірдік. Сабақ басталғанша, староста билікті қолға алады. «Шулама. Мұғалім келгенде айтып беремін…» ескерту айтылмаса, балалар да ісімізге есеп бермейміз ғой.. Бас киімді бір-бірімізге лақтырамыз. Ұялы телефонды ұрлап қосамыз. Одан қалса, оқулықты тығып қоямыз. Қыздардың шашынан тартамыз. Біреу бірнәрсе айтса, екі есе сөз қайтарамыз.
Қоңырау соғылып, мұғалім сыныпқа кірді. «Тыныш отыр. Қаламды тықылдатпа. Неге үй тапсырмасын дұрыстап аяқтамадың…» Айта-айта ұстаз да шаршайды. Жаңа тақырыпты түсіндіріп біте бергенде, қоңырау соғылады. Информатика сабағында ғана үніміз шықпайды. Бізді тыныштандыратын компьютер.
Сабақ аяқталды дегенде, анам хабарласа бастайды. Мектепке ұялы телефонмен келуге болмайды. Бірақ, сабақтан соң пайдалануға болады. Телефонсыз күніміз өтпейді ғой.
—Балам, үйге тез бар. Есікті тез бекітіп ал. Балаларға тамақ бер. Далаға шығарма.Үйде басқа танымаған адамға жауап берме…
Үйге келіп, өз бөлмеге кірген соң, шырмалып қаламын. Қаптаған техника. Бір бұрышында үйде қолданатын спорт жабдықтары. Оған кішкентайларды кіргізбеймін. Кешке осы да үлкен ұрыспен аяқталады. Осылардың бәрі аз болып тұр еді, жаңа жылда анам плазмалық теледидарды несиеге алып берді. Ондағы ойы, мен диск арқылы да, теледидардың арнайы бағдарламасы арқылы да ағылшын тілін үйренуім керек. Уақытын босқа өткізбесін дегені. Кешке ата-анамның әні сабақ оқыға ауысады. Шынын айтсам, сабақ оқуға түк зауқым жоқ. Өйткені, интернеттен босамаймын. Түн баласы дұрыс ұйықтай алмаймын. Құбыжықтармен төбелесемін де жүремін. Алысып жүріп, оянып кетемін. Бірнеше рет тұрамын. Таңға жуық көзім іленеді. Содан «қатамын да» қаламын.
Өзімнен кейінгі екі бауырым да менен қалмайды. Әкем де бір бала. Ұршықша үйіріліп жүрген анам ғана. Аллатағала анама қуат бергей деп тілеймін. Аман болсам, ата-анамның алдындағы парызымды өтеймін деймін.
—Балалық қателігімді кешіре гөріңіздер,-деп ата-анамнан өтінемін.
Ж.Кучукова,
Сурет: Massaget.lz