Өнер қайраткерінің жеке көрмесі өтті

Сурет — жан әлемнің нұры. Қиял тереңдігі анық көрінетін өнер. Графика — сызықтан құралған өмір десек қателеспейміз. Осы графикалық өнерді ізденушілерге  және көпшілікке насихаттау мақсатында шығармашылық көрме мен шеберлік сағаттарын жиі өткізу маңызды. Сондай бір елеулі оқиға ағымдағы жылдың 8 қазанында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Сызықтардағы өмір» көркем туындылар көрмесі мен «Жасанды интеллект дәуірінің ұстазы бол» тақырыптарында ерекше шеберлік сағаты болып өтті.

Іс-шараның басты қонағы – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Еуразия суретшілер одағының мүшесі, суретші-иллюстратор және 39-мектептің көркем еңбек пен сызу пәнінің мұғалімі Тастемирова Мейраш Мызабековна. Шеберлік сағатында Тастемирова Мейраш өзінің шығармашылық жолымен және университетте алған білімі оның кәсіби дамуына қалай ықпал еткені туралы әңгімеледі. Ол графикалық өнердегі тәжірибесімен бөлісіп, жасанды интеллект дәуірінде ұстаз болудың жаңа қырларын талқылады. Іс-шара барысында студенттер мен мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті дамытатын педагогикалық әдістер-тәсілдер көрсетілді.

Жаңа технологияның сурет әлеміндегі бүгінгі ролі сөз болды. Шығармашылыққа баулыған іс-шараны ОҚПУ-дың кафедра деканы Қуандық Ералин ашып, суретшінің шығармашылық жұмыстарын жоғары бағалап өтті. Сонымен қатар, Бүркітбаев Талғат ұлағатты ұстаз, сұлулыққа құмар суретшінің кәсіби және шығармашылығындағы ерекшелікті атап көрсетіп, графика мен дизайн саласындағы соңғы жаңалықтар жасаудағы Мейраш Мырзабековнаның табандылығына тәнті екенін жеткізді. Әрі студенттерге педогогикалық озық идеяларды таныстыра білгені үшін ризашылығын білдірді. Іс-шараға қаламына құт қонған суретшінің өнеріне тәнті жандар көп жиналды.

Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің оқытушылары, еліміздегі үздік жүз оқырманының бірі және ректор грантының иегері Рахматулла Мардан бастаған студенттер тобы, Шымкент қаласының түрлі мектептерінің ұстаздары Ақбөпе Сахова, Зина Аблаева, Индира Аликулова, Ақмарал Ташимова, Табиғат Жантасова т.б және 39-мектептің кәсіподақ төрайымы Гауһар Сабденова, «Қызмет» республикалық газетінің ұжымы қатысты.Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқытушылары мен ұйымдастырушылар кафедра өкілдер Тұрсынхан Маханов пен Ғалымжан Сарыбаев та қолдау көрсетіп, өз ықыластарын білдірді.

 

Талай жас ақын -жазушылардың жыр жинақтарына мұқаба суреттерін салып, қаламгерлердің шығармашылығын суретпен ұқтыра білген өнер иесінің әр күні толассыз ізденістерден тұрады. Сурет өнеріне өмірін арнаған жанның шабыты шалқып, өнері аспандай берсін!

Ерлер Алмас,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ 1 курс студенті.

Шымкент