«Өнер – өмір жемісі»

«Ордабасы» жалпы білім беретін мектебінде эстетикалық – «Көркем еңбек», «Музыка» және «Бейнелеу өнері» пәндерінің он күндігі өтті. «Өнер  — өмір жемісі» атты он күндікте әр пән мұғалімі ашық  сабақтар мен тәрбие сағаттарын, сайыс, қуыршақ театры мен көрмелер өткізді. Жаңа бағдарламалар негізінде ұтымды әдістерді пайдалана отырып, өткізген сабақтар оқушылардың өнерге қызығушылығының артқанын байқатқан. Күнделікті сабақта айтылатын әр пән мұғалімінің деректерімен он күндік барысында өткен шаралар үйлесімін тауып, оқушылар тарапынан көптеген сұрақтардың туындағаны, оған өмір мысалдарынан алған жауаптары арқылы өнер сөзінің ауқымының кең екендігіне көз жеткізді.

Әдетте, өнер десе бала да, үлкендерде тек әншіні көретіні рас. Өйткені, оларды ұялы телефондары арқылы үзбей көріп, тыңдайды. Өнер жұлдыздарына тыңдармандарының қошамет көрсеткенін көрген әр баланың іштей сондай көпшілікке жақын, танымал болуды армандайтыны тағы рас. Кез келген мамандықтың астарында өз өнері байқалмай жатады. Сол өнердің көзін тапқанда ғана, мамандық иесінің бағы жанады, еңбегінің жемісін татады. Нәтижесін көреді. Эстетикалық пәндер он күндігінде оқушылардың көпшілігі еңбектен де бақыт табуға болатынын өздерінің өнерлерімен дәлелдеуге тырысты.

Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Өнердің түрлеріне тоқталсақ, көркем әдебиет, музыка, мүсін, кескіндеме, театр, кино, би, сәулет, графика, қолөнері, шешендік өнері деп атаймыз. Аталған өнер түрлерінің барлығы да мектеп бағдарламасына бекітілген. Яғни, ұстаз шәкірттерін пәніне қатысты өнер түрлеріне баулып, жеке қабілетін, шығармашылығын анықтап, сабақ арқылы өнерін дамытуы қажет. Мектеп мұғалімдері өткізген он күндіктегі оқушылардың көңілінен шығып, қызыққан ерекше сабақтары туралы әңгілемек.

              ЖОЛДАСБЕК Фатима Асанқызы, «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі.

Бүгін таңда ұстаз алдында тұрған міндет – шәкірт тәрбиесі. Тәрбие өздігінен қонбайды. Мектеп тәрбиесі мен отбасы тәрбиесі бір арнаға тоғысқанда ғана, баланың оқуға тиісті барлық пәндерге қызығушылығы артады. Дегенменде, өзінің жаны қалайтын пәні болады. Соған қарамастан, қай пән мұғалімі болсын, шәкірт тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымыз – атадан балаға мирас болып келе жатқан – Ана тілі, ділі, салт дәстүрі мен әдебиеті, өнерін барынша дәріптеуіміз қажет. Рухани қазынасын, халықтық педагогика негіздерін басшылыққа ала отырып, оқушылардың санасына, жан дүниесіне ұлттық құндылықтарымызды айтып, құя беру – ортақ міндет.

Әрине,  жаңа ғасырдың жастарының көпшілігі ата – ана болып отырса да батыстық мәдениетті оңды санайды. Халқымызда «Жақсыны көрмек үшін» деген даналық бар. Жақсыдан үйрене отырып, ұлттық құндылықтарымыздан ажырамауымыз қажет. Ұстаз қауымы әр сөзінде, сабағында, оқушылармен әңгімелескенде  ұлтымыздың бай рухани қазынасын айтып, жадына салып отырса, олар ержеткенде мектепте алған тәрбиесін ешуақытта жоғалтпайды.  Ұлттық құндылықтарымызды көркем еңбек сабағында да сақтап, сурет сабағында пайлана білу – ең басты міндетімнің бірі.

«Ғажайып сурет әлемінде» атты сайыс сабағын  5 — сыныптар арасында өткіздім. Оқушы берілген тапсырманы дұрыс орындап шығу үшін олармен тақырып бойынша суретті қалай салатыны туралы пікірлестік. «Ауылым – алтын бесігім!» — дейміз ғой. Ауылды, ауылдың табиғатын салайық деді. Қазақстанды саламын, Астананы, батырларды, қазақ киносының жұлдыздарын, табиғатты, төрт түлік малды, жайлау мен тау, өзі тұратын көшесін, үйін, отбасын саламыз деп тақырыпты өздері таңдады.

Оқушыларым  көк аспан, желбіреген көк туымыз, кең байтақ даламызды ақ қағаз бетіне түсіріп, Тәуелсіз елдің еркін ойлай алатын ұландары екенін дәлелдей білгені қуантты. Сайыс сабақты 5 кезеңге бөлдім. «Сан сұраққа саяхат», «Кім жылдам?», «Айырмашылығын тап», «Түс аттарын шығару», «Жұмбақтарды шешу». Әр кезеңнің сұрақтары бойынша балалардың берген жауаптарына смайликтер қойып, сабақты қорытындылағанда жеңімпазды анықтадық. Оқушыларды ұйымдастыру кезеңінде І – топ «Қарындаштар», ІІ – топты «Бояулар» деп атадым. Берілген сұрақтарға кезең бойынша сұрақ қойылып, оқушылар дұрыс жауабын айтуға ұмтылды.

Әртүрлі жанрларда табиғат көріністерін салған жас суретшілердің еңбегі лайықты бағасын алды. Он күндік соңында сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Сайыс сабағында сұрақтарға жауап берген оқушылардың дайындығы, ізденімпаздығы, білімінің жан — жақтылығы, қағылездігі, ойлау қабілеті ескеріледі. Қазылар алқасы оқушыларды ынталандырып, сайыс сабағына қатысқан бар балаға мақтау айтып, мадақтады. Әділ бағаларын қойды. Оқушылардың еңбегін бағалау — олардың келесі сабаққа деген зердесін ашып, жігерлендіру. Сабақ барысындағы балалардың тәртібін, ұйымшылдығын, көп білетіндігін айту. Қандай қиын кезең болса да, шәкірттер арасындағы мызғымас достықтың жеңетінін көрсету.

Менің «Көркем еңбек» пәні мұғалімі ретінде еңбегім лайықты бағалануда. Түркістан облысы білім — ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасына, «Атамұра» ғылыми – әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталсам, оқушыларым Мамыр Жұманазар, Мырзахан Нұрасыл, Төлепберген Елдос, Сейдуахас Дамир Республикалық «Бояулар құпиясы» шығармашылық байқауында І – орынға, аудандық  «Туған жер алтын бесігім» байқауында Мырзахан Нұрасыл алғыс хатқа ие болды.

Ауданда өткен «Қазақ хандығының басқару жүйесі және Қазақтың үш биі» атты оқушылар арасында өткен сурет байқауында 10 — сынып оқушысы Байнязова Гулнара ІІІ – орын иеленіп, марапатталды.

Көркем еңбек пәні мұғалімі балаларды оқыту жұмыстарын еңбекке баулу және тәрбиелеу бағдарламалары мен әдістемелеріне сәйкес жүргізеді. Еңбекке баулу жөніндегі оқу жоспарлары мен басқа да оқу материалдарын құрастырады. Олардың мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді. Шәкірттерге кәсіптік бағдар беруге ақыл – кеңес береді. Оқу шеберханасында қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережелерінің сақталуын, құрал – жабдықтардың дұрыс пайдалануын қадағалайды. Оқу шеберханасында қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережелерінің сақталуын, құрал – жабдықтардың дұрыс пайдалануын қамтамасыз етеді.

           МЕЙРБЕКОВ Қуаныш Кельсович, «Музыка» пәнінің мұғалімі:

Он күндіктің мақсаты – оқушылардың білікті білім алуын қамтамасыз ете отырып, шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін дамыту арқылы эстетикалық мәдениетінің негіздерін қалыптастыру. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын қолдай отырып, жастардың бойындағы өнердің дамуына, өркендеуіне ықпал етіп, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға тәрбиелеу.

Эстетикалық пәндерден сабақ беретін ұстаздардың бірлесіп он күндік өткіздік. Шәкірттерге пәндер арасындағы байланыстың ғылыми негізін жеткізе білдік деп ойлаймын. Оқушылар еңбек сабағында ісмерлікпен айналысқанда, музыка тыңдайды,  не өздері ыңылдап ән айтады. Бұл үрдіс біздің әжелерімізде ежелден қалыптасқан. Суретші де сурет салғанда дала әуеніне елтіп, тамаша туындылар түзеді. Бүгінгі оқушыларда музыка тыңдайтын жақсы мүмкіндік бар. Балалар телефондағы музыканы қосып қойып, алуан түрлі сурет сала алатынын байқап жүрмін. Он күндікте 5 пен 9 сынып оқушылары арасында «Кім тапқыр?» тақырыбында сынып аралық сайыстар да өткізілді.

Сайыс сабағында, оқушыларға музыканың жанрларына тоқталдым. Музыкалық жанр — белгілі бір сюжеттік, композициялық, стилистикалық және басқа да ерекшеліктерімен сипатталатын музыкалық жиынтығы. Музыканың жанрлары: «Классикалық музыка»; «Халық музыкасы»; «Рухани музыка»; «Латынамерикалық музыка»; «Блюз»; «Ритм энд блюз»; «Джаз»; «Шансон»; «Роман» болып бөлінеді. Музыка жанрларының бір — бірінен айырмашылығын, орындалу стилін оқушылармен бірге талқылаймыз. Сыныптарда ән өнеріне жақын, қабілеті бар оқушылар бар. Сол оқушылармен жеке қабілетін шыңдауға уақыт бөлемін. Дарынды оқушыларымыз мектеп ішінде өтетін шараларда өнер көрсете алатын деңгейге жетті.

Мен жетекшілік еткен оқушыларым байқаулардан қалмай, қатысады. Республикалық «Жаңа жұлдыз — 2020» атты балалар мен жасөспірімдер арасында өткен өнер байқауына қатысып, төрт оқушым үздік атанды. Олар – Серікбай Қарақат, Абибулла Ерасыл, Сайлаубек Аяна, Нұрмаханбет Ерсұлтан дәстүрлі ән жанры бойынша ІІ — орын алды. Байқауларға қатысқан оқушыларым жүлделі орындарға ие болып келеді. Өнерлі балалар мен жасөспірімдердің ұстазы ретінде мен де «Үздік ұстаз» номинациясына ие болдым. Ауданда өтетін іс — шараларға да үзбей қатысамын. Еңбегім еленіп, Ордабасы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталдым.

Өнерге қабілеті бар балаларды дәстүрлі ән, эстарда бағытында дайындап, олардың болашақта мамандық таңдауына бағыт — бағдар беру әр ұстаздың міндеті. Бүгінде, жасөспірімдердің көпшілігі танымал әншілерден гөрі әлеуметтік желіде тараған жастардың жеңіл, биге негізделген әніне көп еліктейді. Солардай болуға тырысады. Абай атамыздың

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

«Ондай болмақ қайда?- деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», — деген даналығына сүйеніп, оқушылардың мамандықтарын адаспай таңдауыма дәнекер болу да ұстаздың парызы деп білемін.

Халқымыздың рухани қазынасы – ән мен күйі бүгінгі таңда тамаша тәрбие құралы. Кәсіби музыканың негізгі арқауы. Халқымыздың музыка өнеріндегі бай рухани қазынасын оқушыларымыздың бағалай білуіне үйрету, ұлттық музыка нақыштарын сақтап қалуға тәрбиелеу – музыка пәні мұғалімінің басты мақсаты. Музыкада ана тіліміздің тазалығы, әдебиетіміздің қайнар көзі, әсем табиғатымыз бен салт – дәстүріміз бар. Мектепте «Музыка» пәнін оқытудың мәні де осында жатыр. Ұлттық музыканы тыңдап өскен баланың бойында ұлттық тәрбие қалыптасатыны сөзсіз. Сондықтан, мектебіміздегі халықтық өнерімізге қанат қаққан оқушыларды қолдай отырып, барлық оқушыға адамгершілік, имандылық, ізгілік қасиеттерді дарытатын музыка екенін ұқтыруға бар білім — парасатымзы жұмсаудамын.

         МЫҢБОСЫН Құттықыз Жақсылыққызы, «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі:

 «Көркем еңбек» пәні мұғалімі балаларды оқыту жұмыстарын еңбекке баулу және тәрбиелеу бағдарламалары, әдістемелеріне сәйкес жүргізеді.        Көркем еңбек пәні мұғалімі қыз балаларды шеберлікке дайындайды. Тігін, тоқыма шеберліктері сурет арқылы дамытады. Көйлек тігер алдында оның өлшемдерін алып, арнайы қағаздан кесілген үлгілерді пайдаланады. Бір түсті матаға түрлі суреттер салады. Тоқу тоқу да солай. Бүгін таңда бұл сала адамдарын дизайнер деп атайды. Әр саланың өз дизайнері бар. Қазір отандық жеңіл өнеркісіп саласында танымал дизайнерлердің киім үлгілері шетел де  сұранысқа ие болып келе жатқанына қуанамыз. Сол дизайнерлердің мамандығының негізі мектепте қалыптасқан.

«Өнер – өмір жемісі» — он күндігінде 6-8 сынып қыздары арасында «Шеберліке шек жоқ» сайыс сабағын өткіздім. Сайысты төрт бөлімге бөлдім. «Он саусақ бірікпей, ине ілікпейді», — деген халық мақалын басшылыққа алып, кесте тоқу сайысын өткіздім. Қыздар еңбек сабағында кесте тоқудың түрлерін үйренуде. Он күндік үйренгенін дәлелдейтін кезең. Сайыстың келесі бөлімдері «Ою ойғанның ойы ұшқыр», «Білгенге маржан» — тоқыма  тоқу, «Сұрақ — жауап» және айтылған мақалдардың жалғасын табуға арналды. Сайыста қыздарымыздың қол тігісінің түрлерін тігіп, көрсетті. Қырқылған оюларды дұрыс құрастырды. Ілмек және сыммен тоқу арқылы шеберліктерін байқатты. Сұрақтарға жауап беріп, мақалдың жалғасын айтты. Оқушыларымыз ісмерліктің өзінде ұлттық нақыштарымыздың болатынын, шеберліктің астарында Ана тіліміздің бай рухани қазынасы, даналығы жатқанын жандүниесімен сезінуі үшін сабақты осы бағытта өткіздім.

Халқымыздың әдемілікке, сұлулыққа, көркемдікке жан құмар екенін салған оюлар, тоқыма тоқуда,  киім үлгілерінен байқаймыз. Көркем еңбек сабағында шеберлікті үйренген қыздарымыз болашақта басқа мамандық иесі болса да, сайыс сабағының бөлімдерінде үйренгені бойынша әртүрлі бұйымдарды өздері дайындай алатын дәрежеге жетеді. Қазіргі таңда киім үлгілері де, оған сәйкес маталардың түрлері де өте көп. Әр қызбала мектепте ою оюды және оны матаға қалай дұрыс орналастыру жолдарын үйреніп алса, аналарымен бірге көрпе — жастықтың небір түрлерін тіге алады. Дизайнер мамандығын таңдап, оның қыры мен сырын танып білген соң, жеке кәсіпкер болып, бизнесін дамытуына да жол ашылады. Менің шеберлік тәжірибемнен өткен қыздарымыз арасында мектеп бітірген соң, өз отбасы үшін тігіншілікпен айналысатындары туралы естігенде, ұзақ жылғы еңбектің зая кетпегеніне қуанамын.

Бүгінгі оқушыларым арасында көркем еңбектен байқауларға қатысып, үздік шыққан жүлдегерлер де бар. Атап айтсам, «Тәуелсіздік мәңгілік елдің тұғыры» атты Республикалық байқауда Тілеш Айжамал үздік жұмысы үшін І — дәрежелі диплом; Оқушылар (қыздар) арасында өткен Халықаралық көркем еңбек пәнінен өткен олипиадаға қатысқан Қамбар Жанерке І — дәрежелі дипломмен марапатталды. «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» атты ІІ — Республикалық байқауда Қамбар Жанерке — І орынға; «Аналар – асыл жандар» атты балалар мен жасөспірімдер арасында өткен байқаудың «Қол өнер» номинациясы бойынша Тілеш Айжамал бас жүлдеге ие болды.

Республикалық «Тәуелсіздік тұмарым» — дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған байқауға қатысқан шәкірттер арасынан «Қол өнер» номинациясы бойынша Ақмырза Айкүн Бас жүлдені иеленді. «Данышпан» қашықтық байқауының «Жыл басы — Наурыз» шығармашылық байқауына қатысқан Есенгелді Нұрай «Қолөнер» аталымы бойынша І — орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталды.

Ұлттық өнерімізге арналған мектептегі он күндіктің аясында шәкірттермен өкізілген сабақтарымызды қорытындылап, нәтижесін шығардық. Үздік шыққан оқушылардың атына мақтау айтып, мадақтадық. Олардың жұмыстарының көрмесін өткіздік. Эстетикалық сабақтардың бір — бірін толықтыратынын екенін айта білдік. Өнердің ауқымы кең. Біз берген сабақтардан, сайыстардан өздеріне тәлім алған оқушылар болашақта ұстаздан үйреген ісін жалғастыра алады деп сенеміз.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы