«Әннің естісі бар, есері бар»

Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ:

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» 

Абай атамыздың  өмірі мен шығармашылығына шолу жасағанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы  «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» атты өлеңін жатқа  айтып, қазіргі заман әншілері мен әндері туралы ой бөлістік. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Не іздейсің көңілім», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның хаты» әндері бар. Абай әндеріне М. Төлебаев, С. Мұхамеджанов, Ғ. Жұбанова, М. Қойшыбаев, Н. Тілендиев, Н. Меңдіғалиев сияқты композиторлар әндер мен романстар жазды.

Қалың елдің арасында жүрген өткен ғасырдағы композиторлар мен ақындардың шығармаларына, бүгінгі заман әндеріне тоқталдық. Шәмші Қалдыаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев сынды композиторлардың әндерін мектепішілік шараларда шырқаймыз. Әнге сөз жазған Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтай ақындардың өлеңіне жазылған әндерді білеміз. Мектеп сахнасында орындаймыз. Халық композиторлары туралы айтқанда, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Кенен Әзірбаев есімдері тек қана қазақ музыкалық мәдениетінде ғана емес, сонымен қоса әлемдік музыкалық мәдениеттің тарихында ерекше орын алды.

Енді, бүгінгі жаңа буынның әндері қандай? Жастардың әні көп көңілінен шыға бермейді. Екі буын өкілдерінің әндерін салыстырып, мәтініне, шырқалуына көңіл бөлдім. Жастардың әні көбіне батыстық стильде рэпке басымдық беріледі. Мәтінінде қайталау көп. «Жоқ, бар, зың, дың, опмай-опмай», «Че там» — деген сөздер бірнеше рет қайталанады. Қайталап айтқанға жеңіл болғанымен мағынасы жоқ. Есте қалмайды. Ән туралы пікірімді нақтылап, көбірек ақпарат алу үшін адамдардың баспасөз арқылы айтқандарымен таныстым. Бүгінгі күннің музыкасы мен әні туралы пікірлер өте көп. Қазіргі әндерді тойға арналған дейді. Сондықтан да оның мағынасы, өлеңнің мазмұнына айтарлықтай маңыз берілмейді, ән тойда билеуге арналған жеңіл, сол себепті көптеген әндер есте сақталмайды деген пікірлерге жас та болсам қосыламын.

Ұлттық мәдениеттің негізі — ұлттық өнер. Ән өнері, күй өнері, бейнелеу өнері, сәндік қолданбалы өнер,  театр өнері және кино өнері болып бөлінеді. Өнердің қай түрі болсын, ұлттық нақыштан ажырамауы керек. Сол айтқандай, ән өнері де сөзімен де, сазымен де жастарға ой салатын, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге арналғаны жөн дер едім. Ән – тәрбиенің қайнар көзі десем, артық айтқандығым емес.«Шәмші атамыздың әндерін тыңдасақ, әнде кейіпкер бар, образ бен оқиға бар. Әнді айтқанда, көз алдыңа осы кейіпкерлер тұрады» — деген пікірдің жаны бар. Жылда композиторға арналған Алматыда Республикалық ән кеші өтеді. Сонда шырқалған әндердің бірнешеуін тыңдадым.

Ақын мен композитордың ойы бір жерден шығып, қайталанбас саз, әлем барын ұқтым. Ән – дәстүрлі ән, эстрада әндері және жаңа бағыттағы әндер болып бөлінеді. Дәстүрлі әншілер деп халық композиторлары Біржан салды, Мұхитты, Ақан серіні, Жаяу Мұсаны, Абайды, Үкілі Ыбырайды, Әсетті, Естайды, Ғазизді, Жарылғапбердіні, Шәкәрімді, Мәдиді, Нартайды, Майраның есімдерін ерекше атаймыз.   Дәстүрлі ән – терме, толғау, арнау жырларымыз. Эстрада әншілері Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева бастаған Қарақат Әбілдина, Тамара Асар, Роза Әлқожа, Тоқтар мен Бейбіт, Алтынай Жорабаева, басқа көптеген танымал әншілерді, «Мұзарт» тобын айтамыз.

Олардың шәкірттері – бүгінгі жас буын – Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Қуандық Рақым, Әйгерім Қалаубаевалар – жастардың сүйіп тыңдайтын әншілері. Қайталанбас дауысымен әлемді таңқалдырған Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы ешкімге ұқсамайды.

—Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, -деп Абай атамыз айтқан қағида сақталса, есер әндер азайып, халықтың есінде қалып, жадында сақталатын есті әндер көп болса деп тілеймін.

         Аружан  ДҮЙСЕНБЕКОВА,

Абай облысы, Абай ауданы,

«Ш.Тоқжігітов атындағы мектебі» КММ

10- сынып оқушысы

 

Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы

 

 

 

 

 

 

Нотаның суреті: kartinkin.net