Оқу грантын иеленген үздік оқырман
Мардан Рахматулла – Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы. Биылғы қыркүйек айының бірінші жұлдызында он жеті жасқа толатын бозбала елімізде алғаш рет «Үздік оқырманға тағайындалған оқу грантына» ие болды. Бұл грантты Түркістан және Шымкент қалаларындағы іргелі оқу орны – Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті биылғы оқу жылында тағайындады.
Бұл грант – Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасын іске асыру әрі 2011 жылы Қазақстан Халықтар достығы университетінің негізін салушы Әбдімұса Мұраұлының бастамасын жаңғырту болды. Грант иегері биылғы жылы Түркістан облысының Түлкібас ауданы Жыланды ауылындағы Олег Кошевой атындағы жалпы білім беретін білім мекемесінің түлегі. Отбасымен оқуға құмар отбасында тәрбиеленген оған кітап оқу – өмірді тану. Өткен жылы «Түлкібас ауданының үздік оқырманы -2023» атанған жастың таңдаған мамандығы – дене шынықтыру және спорт. Ата- әжесінің бауырында өскендіктен атасы Рахматулла Әлиев үйден арнайы кішігірім кітапхана жасақтап, ауылдық кітапханаға жіберіп отырған. Он бір жыл үздік оқыған кітап құмар жас кітап оқудың арқасында университеттер ұйымдастырған жеті ғылыми-танымдық конференцияларда өз баяндамасын сәтті қорғап шыққан. Бір жылда елуге тарта кітап оқып, оны түрлі кітапханалық іс-шараларда талқылап көпті тәнті еткен.
Мардан Рахматулла:
—Мен өмірде барлық жетістікті, жақсылықты кітаппен байланыстырамын. Кітапхананы атам сүюді үйретті. Құдай қосқан көршіміз – Тамаша Османова мен биыл аяқтаған Олег Кошевой жалпы білім беретін білім мекемесінің кітапханашысы. Кітапқа қол жеткізу сол үшін жиырма төрт сағат қол жетімді болды. Ауылдық кітапханада оқырманға ілтипат пен махаббатпен қызмет көрсетеді. Қолдайды. Түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. Маған біліммен бұдан ары жетілуге үлкен мүмкіндік сыйлаған Академик Әбдімұса Қуатбеков университетінің ректоры Рабиға Әбдімұсақызына үлкен алғысымды білдіремін!
Айта кетерлігі, Мардан Қанатұлы оқырман болып отырған Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылдық кітапхананың кітапханашысы — Мейірхан Мейрамбекұлы Топанбай. Еліміздегі ерекше қажеттілігі бар қоғамдық кітапханада қызмет атқаратын сегіз кітапханашының бірі. «Жан шуақ» халықаралық сыйлығының иегері. Кітап оқу – дарынды шыңдау, дұрыс ойлай білу. Осы мақсаттағы әрбір жас қолдауға лайық. Кітапты өмірлік досы деп санайтын Марданға сәттілік серік болсын!
Динара Еркінбек