Оқушы өміріндегі маңызды кезең
ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеруіміз қажет. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болайық. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетейік. Балаларымыздың тәрбиесіне баса мән берейік. Үлгі-өнеге болып, ұлағатты ұрпақ өсірейік.»
Биыл менің сыныбым бастауышпен қоштасады. Төрт жыл алған білімін саралап, орта буынға өтеді. Бастауыш сынып мұғалімі әр төрт жыл сайын бастауыш сыныбын аяқтағанда «Мен шәкіртімді біліммен нәрлендіре алдым ба? Олар ұстазынан не үйренді?», «Мен бастауышта бала оқытуда мақсатыма жеттім бе?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Жауапты оқушылардың білімі, қабілеті, үйренгенін саралай отырып, беруге болады. Ата-аналар болса, «Баламыз төрт жыл бойы қандай білім алды? Сапалы білімге қол жеткізе алды ма? Бастауыштағы алған білімі орта және жоғары сыныптарда азық бола ала ма?» деген сұрақтардың жауабын ұл-қызының сынып сағаттарында, ашық сабақтарда көрсететін белсенділігінен іздейді. Мектептің бастауыш сыныбы — шәкіртке белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған ортаға дұрыс көзқарасты қалыптастыру, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйрету. Дамыта оқытудың басты мақсаты — баланы оқыта отырып, жалпы дамыту.
Бастауышта бала оқыту тәжірибесі жылдар өте жинақталады, білім берудің жаңа бағдарламалары негізінде толысады. Ұстаз алған білімімен тоқтап қалмай, үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, арнайы курстар, коучинг, тренингтерге қатысып, білім беру жаңалықтарын сабақ өткізуде қолдана білуі қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, біліктілігімді үнемі арттырып, мектепте, аудан мектептерінде өткен түрлі бағдарламалардан қалмай, қатысып келемін. Бастауыш сынып мүғалімінің басқа пән мұғалімдеріне қарағанда, ерекшілігі, көтерер жүгі мен жауапкершілігі жоғары екенінде талас жоқ. Бастауыш сынып мұғалімі – мектептегі басты тұлға десем, артық айтқандық емес. Себебі, ол оқушыға оқу анасы — «Әліппеден» бастап, математика, сауат ашу, жаратылыстану, дүниетану, орыс тілі, көркем еңбек, пәндерін жақсы меңгерген, соның ішінде ағылшын, музыка, дене шынықтыру сабақтарын пән мұғалімі өткізгеніне қарамастан креатив ұстаз болуы тиіс.
Әр сабақта оқушыларды ақпараттық технологиямен жұмыс істеуге үйретемін. Оқытудың ақпараттық технологиясы-ақпаратпен жұмыс жасау үшін қолданылатын арнайы тәсілдер, педагогикалық технологиялар, бағдарламалық және техникалық құралдар. Ақпараттандыру технологиясы арқылы заман талабынан сай сабақ берудің тиімділігі өте көп. Күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғыларды, компьютерді, интерактивтік тақта мен мультимедиалық проекторларды пайдаланып, пән бойынша өткен сабақтарды оқушының қалай меңгергенін тексеремін.
Бастауыш сынып – білім негізінің тұғыры. Шәкірттер сол тұғырдан тайқып кетпеуі үшін бастауыштың пәндеріндегі тақырыптың өзін бала қызығып оқитындай дәрежеге жеткізу қажет. Бүгінгі балалар ақпараттық технологияны өте жақсы меңгергенін жоққа шығаруға болмайды. Баланы көп біледі деп смартфондар жетегінде қалдыруға болмайды. Оларға алдымен әлем, әлемдегі үлкен территорияны алып жатқан – Тәуелсіз еліміз Қазақстан туралы үнемі айтып, отырамын. [1]Қазақстан – зор тарихы бар ел, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарына кіруге тырысатын үлкен мүмкіндіктер елі. Еуразия құрлығындағы мемлекет. Құрлықтың орталық бөлiгiнде орналасқан. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару формасындағы унитарлы мемлекет. Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет атанды. Елордасы — Астана қаласы. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі, сонымен бірге, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі — теңге. Қазақстан халқының саны 20 млн. адамнан асады. Қазақстан – 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты зайырлы мемлекет. Аумағы — 2.724.900 шаршы шақырым.(1.049.150. sq. miles). Республика жерi батыстан шығысқа 3000 км-ге, солтүстіктен оңтүстікке 1600 км-ге созылған. Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің 105 элементінің 99 табылған, 70 бойынша қорлары барланған, өндіріске 60-тан астамы қатыстырылған. [1]
О шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін байтақ еліміздің жерін,табиғаты мен экологиясын, ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын, сақтайтын, қорғайтын қазақстандық патритот тәрбиелеу – бастауыш сыныптан басталады. Бастауыш сынып оқушыларына сабақта тақырыппен шектеліп қалмай, тарихымыздан, тарихты жазған халқымыздың ғұламалары, елімізді ғасырлар бойы сыртқы жаудан қорғап қолынан бес қаруы түспей ат үстінде жүрген батыр бабаларымыздың ерлігі, жерін түлетіп, егінін салып, шахтада қазба байлығын өндірген, шойынын балқытып, төскейде мыңдаған малын жайған еңбек ерлерінің өнегесі – бүгінгі ұл-қыздарымызға өшпейтін мұра екенін айтамын. Еліміздің картасын көрсете отырып, осынау ұшы-қыры жоқ кең даланың болашақтағы иесі – өздері болатынын үнемі жадына салып отырамын. Сондықтан, әр бала сабақты үздік оқып, мектеп бітірген соң қалаған мамандығы бойынша жоғары білім алып, адал еңбек ету міндеті екенін бүгінгі танымал адамдар өмірімен байланыстырып, олар туралы мәліметтер келтіремін.
Бастауыш сыныпта оқушылардың алған білімі әр шәкірттің өміріне азық болады. Сондықтан, оқушыларыма бастауышты бітіргенше олардың қабілетін, оқу сауатттылығын дамытып, бастауыш сыныптарға арналған арнайы байқауларға қатыстырып келемін. Шәкірттің жаңалыққа ұмтылып, жақсыдан үлгі алуға мотивация беретін әр баланың ата-анасы. Олардың мамандығы. Өз саласындығы жетістігі. Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», — деп отбасы құндылығын, ата-ананың жауапкершілігін айтып кеткен. Бастауыш сынып оқушыларының алғыр, зерек, алға ұмтылушылығы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Жылдар бойы бастауыш сыныпты оқытып келе жатқалы бері сыныптағы оқушылардың сапалы білім алып, тәрбие тәлімімен жайқалғаны мектеп пен отбасы, ұстаз бен ата-ана арасындағы шынайы түсіністік пен бірліктің нәтижесі дер едім.
МАДУАЛИЕВА Салтанат Мұхтарқызы,
Алматы қаласы, №15 гимназия
Бастауыш 4 «Ә» сынып мұғалімі
[1] Мәліметтер: Abai.kz; Invest Kazakhstan.kz
сайтынан алынды.