ОЙ — БІЛІМНІҢ ОРДАСЫ

     Кітап туралы сөз болғанда менің ойыма, ең алдымен, ғұлама ғалымдар, ел тарихындағы танымал тұлғалар мен артына өшпес мұра қалдырған айтулы қаламгерлер түседі. Олар кезінде кітаптардан нәр алды, білімін толықтырды, бойындағы дарын-қабілетін жетілдірді. Ұлтымыздың біртуар абызы болып танылған Әбіш Кекілбаевтың: «Адамды адам қылған – кітап, ал адамзат қылып қалыптастырған – кітапхана» деуі сондықтан болса керек. Егер адамның бойында Алладан дарыған дарын қуаты болып, ол оны ерекше қажырлылықпен дамытса, қажымай еңбектенсе, оның соңында ұлы жетістіктер қалатыны белгілі. Осы орайда кітаптың атқарар рөлі өлшеусіз.  

      Әйгілі ғұлама Конфуций былай деген екен: «Адам данышпандыққа үш нәрсе арқылы жетеді: еліктеу арқылы – ол жеңіл жол; оқу арқылы – ол ауыр жол; ойлау арқылы – ол ең нұрлы жол». Ал осындағы оқу да, ойлау да кітап арқылы жүзеге асады. Кітап оқу дегеніміз, ең алдымен, ой еңбегі. Адам оқу арқылы салыстыру, қорытынды жасау, көз жеткізу, көркемдік пен әсемдіктің сиқырлы сырларына сүйсіну сияқты үрдістерді бастан кешеді. Ал мұндай күрделі еңбекті, менің ойымша, дәстүрлі, басылып шыққан кітапсыз, ғылым мен технологияның қарыштап дамуы арқылы жасалып жатқан электронды құралдардың көмегімен ғана жүзеге асыру мүмкін емес.

     Сан салалы білім мен асыл сөздің мәйегін, даналық пен дегдарлық атаулының барлығын бойына жиған кітаптардың ордасы – кітапхананы қасиетті мекен, киелі орын десек, артық айтқандық болмас. Арғы бергі тарихымызда талай тамаша тұлғалар болған. Олар кітаппен және кітапханамен етене жақын болғандықтан, есімдері руханиятымыздың тарихында мәңгі сақталады. Солардың бірі Абай дер едім. Ол Семейдегі Ахмет Риза медресесінде небары үш жыл ғана, ал орыс мектебінде аз ғана уақыт оқыған. Есесіне, ауылда жүріп әйгілі би шешендердің дуалы ауызынан шыққан сара сөздерді көкейіне құя берген. Семейге барғанда өзі, не біреулерден қап-қап кітаптарды алғызып, үздіксіз оқып отырғаны бізге белгілі.

   Семейде кітапханада болған кезін әйгілі жазушы М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясында әсерлі етіп суреттеген. Осы арада, сөздің ретіне қарай, мына бір жайтты да айта кеткім келеді. Бір кезде Абайдың ізі қалған, кейінде әлем таныған тұлғалар М. Әуезов пен Қ. Сәтбаев, абайтанушы ғалым Қ. Мұхамедханов, жазушы Ә. Нұршайықов сияқты және басқа да айтулы адамдар болған сол бір тарихи мәдениет ошағы – ол кезде Н. В. Гогольдің есімімен аталған, кейін Абайдың аты берілген облыстық кітапханада бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, педагогикалық институтта оқып жүргенімде, тұрақты оқырмандарының бірі болғаным өмірімнің естен кетпес шуақты сәтіндей болып көрінеді. Ал Абайдың маңызын ешқашан жоймайтын, терең философиялық ой тұнған туындылар беріп, хакім дәрежесіне жетуіне бірден-бір себеп болған нәрсе – кітапты осылай көп оқуында жатыр. Сондықтан да ол: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді.

   Халқымызда «Күш – білімде, білім – кітапта», «Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет», «Кітап – алтын қазына», «Кітап-ғылым – тілсіз мұғалім» деген даналық сөздер бар. Қалай дәл әрі тауып айтылған сөздер! Осы арада менің ойыма өңірімізден шыққан белгілі ғалым, көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғарифолла Есімнің ізденгіштік еңбегі түсіп отыр.  Ол туралы жазылған мақалада автор оның студенттік кезін еске алып, біреулер іздесе оны не институттан, не кітапханадан табасың деуші едік дегенді айтады.  Ал Ғ. Есімнің өзі бір мақаласында философия пәнінің оқытушысы Мәскеуден оқып келсе де, дұрыстап дәріс оқымағандығын өкінішпен еске алады. Олай  болса, оның докторлық диссертацияны философиядан қорғауы – өзіндік қажырлы еңбегінің, кітап оқу арқылы талмай ізденуінің нәтижесі.

    Кітапхана – қоғам өмірінің алуан түрлі мәселелері бойынша әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған іс-шараларды өткізетін негізгі мәдениет мекемесі. Павлодар қаласындағы кітапханаларда әртүрлі жастағы тұрақты оқырмандар болса, олардың кейбіреуі кітапхана ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысады. Осындай белсенділер қатарынан көрінген зиялы ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің зейнеткерлерді біріктіретін қоғамдық бірлестік құру туралы идеясы осы кітапханада туды. Олар «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігін құрып, мемлекеттік тіркеуден өткеніне екі жылдан асып барады. Өмірлік тәжірибесі мол, қазыналы қарттардан құрылған бірлестік кітапханашылармен ынтымақтаса отырып, жұртшылық, әсіресе оқушы және студент жастар арасында ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, еліміз бен жеріміздің азаттығы жолында күрескен қайраткер тұлғалардың тағылымды өнегесін, мемлекеттік тілдің дамуын, әдеби, мәдени және тарихи құндылықтар мен діни-рухани қағидаттарды насихаттау жолында ізгілікті істер атқарып келеді. Ал кітапханалар өз тарапынан оларға аудиториялар дайындап беруге, бейнелік-дыбыстық құралдардың көмегімен өткізілетін шаралардың мазмұнын аша түсуге көп көмек көрсетуде. Мен осы қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары ретінде облыстық және қалалық кітапханалардың қызметкерлеріне бізге жасап отырған қолдауы үшін алғыс білдіремін.

    Еліміздің келешектегі кемелдігі халықтың білімі мен парасатына байланысты және олар ілгерілеуіміздің бірден-бір қозғаушы күші десек, бұл ретте бар білімнің алтын ордасы саналатын кітапханалардың рөлі арта түседі.   Сондықтан білім қуған  кітапқұмарлардың қатары артуы үшін кітапханаларға қоғам белсенділерінің, білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың барынша қолдауы керектігін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Серік САТЫБАЛДИН,

Павлодар  қаласы